БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ
Ауданды кешенді дамыту жоспары аясында желтоқсан айында Күршім ауданында сүт өңдеу цехы мен тауарлы-сүт фермасы ашылып, іске қосылмақ.
Көпір құрылысына дайындық басталғаннан бері аудан тұрғындарының ертеңге деген сенімі оянып, кәсіп көзімен айналысуға деген құлшынысы арта түскен. Биыл Күршім өңірінде жеті азық-түлік және шаруашылық дүкені, бір дәріхана, екі дәмхана, екі шаштараз, көлік жөндеу орталығы, қонақүй ашылды. Ауданда 1871 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр.
Биыл аудан бойынша 2057,2 млн. теңге несие алуға 90 адам өтінім беріп, 35 жоба иесіне 327 млн. теңгенің несиесі берілген. 14 жоба бойынша 121 млн. теңгенің қаражаты қаржы институттарымен бекітіліп, несиелендіруді күтуде. 41 жоба банктер қарауында жатыр.
Ағымдағы жылы 102 жоба иесіне бюджет есебінен 66 млн. 840 мың теңгенің гранттық қаражаты конкурс арқылы қайтарымсыз қаржы ретінде берілген. Екі күршімдік кәсіпкерге «Даму» қоры арқылы 8,5 млн. теңгенің мемлекеттік гранты, 100 адамға 58 млн. 340 мың теңгенің гранттық қаражаты берілген. Грант алғандардың 35-і – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер. Тегін қаржы шаштараз, фотосалон, фаст-фуд дүңгіршегін ашуға, 3Д сыйкәделер шығару, ағаш өңдеу, тігін цехтарын, сән салонын ашуға, жылқы, ірі қара малдарын сатып алуға жұмсалған. Шағын несие, мемлекеттік грант ауыл тұрғындарының жеке кәсіппен айналысып, шаруасын өркендетуге мүмкіндік беріп, берекенің бастауы болып отыр.
Аудан кәсіпкерлері мен тұрғындары «Еңбек», «Агробизнес», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы», тағы да бірнеше бағдарлама бойынша несие алып, кәсіп көзін ашып, шаруашылықтарын кеңейтті.
Күршім өңірінде мал шаруашылығымен бірге балық шаруашылығы, өндірісі де тұрақты дамып келеді. Күршім ауылындағы «Уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС директоры Сымбат Әнуарбеков «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 1 млрд. теңге несие алуға құжаттарын ұсынып, балық шаруашылығын одан әрі өркендетуді көздеп отыр.
Жамал Ермен