Береке-бірлігімізді танытуға үндеді
Облыстық қоғамдық келісім жөніндегі кеңестің мүшелері облыс жұртшылығын алдағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды сайлау науқанына белсенді қатысуға шақырды.
Биыл алғаш рет жиналған кеңес мүшелері басқосу барысында өңірдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтап, нығайтуда облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының орны ерекше екенін тағы бір мәрте назарға алды.
– Сөз жоқ, биылғы сайлау еліміз үшін ең маңызды оқиғаның бірі болмақ. Бәріміз де Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ортақ үйіміз – Қазақстандағы береке-бірлікті нығайту саясатын жүзеге асыру жолында еңбек етіп келеміз. Сондықтан біз мұндай жауапты істен тыс қала алмаймыз, – деді жиынды ашқан облыстық Достық үйінің директоры Елдар Төлеубеков.
Еске салайық, облысымызда аймақтық қоғамдық келісім кеңесі былтыр құрылған болатын. Кеңестің биылғы құрамы бұрынғысынан сәл өзгерек екенін айта кету керек. Оған кіретін адамдардың тізімі қазір облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қарауында жатыр. Алдын ала жасалған тізімге этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен журналистер кіріпті.
– Әлемде әскери қақтығыстар орын алып, жазықсыз адамдар қаны төгіліп жатқан кезде біз ынтымақты нығайта отырып, асқан ұйымшылдық танытуымыз керек. Осынау қиын заманда бәріміз бір адамдай еліміздегі тыныштық пен бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Сонда ғана ұлы мақсаттарға жете аламыз, – деді облыстық беларус этномәдени бірлестігінің мүшесі, ҚАЕУ президентінің кеңесшісі Анатолий Злотников.
Оның бұл пікіріне кезінде облысымызда алғаш Достық үйін құруға белсене қатысқан азамат Лео Шик те қосылды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздегі қоғамдық ұйымдар рөліне қашанда ерекше мән беріп келеді. Ал қазіргідей алмағайып заманда мұның маңыздылығы тіптен артып отыр. Осыдан біраз бұрын Ұлт Көшбасшысы бәрімізге «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты Қазақстанның жаңа даму бағдарламаларын таныстырған болатын. Алда бізді маңызды саяси науқан – сайлау күтіп тұрғанын білесіздер. Ендігі міндетіміз – соған тыңғылықты дайындалып, оны ойдағыдай өткізу. Отандастарымызды, жерлестерімізді, барлық шығысқазақстандықты сайлаудан шет қалмауға, міндетті түрде дауыс беруге шақыруымыз керек, – деді Лео Шик.
Бұдан кейін кеңеске қатысушылар ел Президентінің Парламент Мәжілісін тарату және кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі шешімін қолдау мақсатында облыс жұртшылығына үндеу жариялады.
Онда «Күн санап өршіп келетін жаћандық экономикалық дағдарыс жағдайында ел Президентінің кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі Жарлығы ақылға қонымды шешім болды. Жаңаланған депутаттық корпусқа деген сенім мандаты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық жаңа кезеңінде қазақстандықтарды ортақ мүдде жолында ұйыстырып, халқымыздың «Мәңгілік Ел» санғасырлық арманына жетуге, мемлекетіміздің дамуына бар күш-жігерін жұмсауға себеп болады. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған бейбіт өмір, келісім мен тұрақтылық саясаты аясында бірігу – еліміздің одан әрі дамып, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына кепіл бола алады деп сенеміз. Ел Президентінің Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау туралы халыққа арнаған Үндеуі шығысқазақстандық дауыс берушілер тарапынан да зор қолдауға ие болады деген сенімдеміз» делінген.
Облыс жұртшылығын азаматтық ұстанымын танытып, алдағы сайлауға белсенді араласуға шақырған кеңес мүшелері өңірде «Бүкіл отбасымен дауыс береміз» акциясын өткізу бастамасын да зор ықыласпен қолдады.
Нұржан Кенжеұлы