Береке-бірлігімізді арттыратын
2012 жылдың қарашасында еліміздің күнтізбесі тағы бір лайықты мейраммен толықты. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі болатын. Осынау айтулы күн жарияланғанда, бұл шешімді бүкіл халық болып қолдап, жаппай мерекелеуге көшкені де есімізде.
Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі, елімізді сонау тоқсаныншы жылдардағы саяси, әлеуметтік дағдарыстардан ешқандай қақтығыс, жанжалға ұрындырмай аман алып шығып, алпауыт елдердің өздерін мойындатып, олармен әлемдік деңгейде қарым-қатынас жасауға қол жеткізгенінің өзі кез келген ерліктен жоғары тұрған қарышты қадам емес пе?! Осының бәрін ескере келе, Елбасының атақ-даңқын әйгілеп, құрмет-қошемет көрсетудің еш артықтығы жоқ деп білеміз. Біз осы елеулі мерекенің қарсаңында Күршім ауданының Құрметті азаматы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізіп, 23 жыл бойы аудандық партия комитетінде қызмет істеп, барша саяси, әлеуметтік шаралардың басы-қасынан табылып келген еңбек ардагері С.Ысқақовты сөзге тартып, оқырмандармен пікір бөлісуге шақырған едік. Ал Сәкеңнің әлі де аттан түспей, 2016 жылы құрылған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Күршім аудандық филиалындағы бақылау комиссиясының төрағасы болып, аудандағы игі шараларға барынша үлес қосып келе жатқанын айта кеткеннің артықтығы жоқ.
– Біле-білсек, бұл мерекенің маңызы өте зор, – дейді Советхан Тұрсекенұлы. – Бұл – ең алдымен елімізде тұратын барша ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, бір тудың астына жинайтын, сонымен бірге ешкімді алаламай, бөлектемей, әділ жетекшілік жасап келе жатқан Президентімізді құрметтеп, оған барынша адал болуға үндейтін жауапты да сауапты шара.
Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, туырлығы желпілдей бастаған 1991 жыл әлі есімізде ғой. Сол жылдың 13 қаңтарында Литва Республикасында қарулы қақтығыстар басталып, қан төгілді. Сол кездегі Литва Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы В.Ландсбергис халықты жаппай ереуілге шығуға шақырды. Осыдан соң-ақ Кеңес Одағы дауылды күнгі теңіздей толқып, тыныштықтан айырылды.
1991 жылдың 21 тамызы мен 2 қыркүйегі аралығындағы небәрі 10 күннің ішінде Эстония, Латвия, Украина, Молдавия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан өз тәуелсіздіктерін жариялап, енді егемен ел екендіктерін мәлімдеді. Литва мен Грузия бұл дәрежені олардан бұрын алып қойған еді. Әрине, біздің еліміз де өз болашағын жіті қарастырып жатқан болатын. Барша жағдайды сабырмен сарапқа салып, Тәуелсіздігін ең соңынан жариялаған Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі ел Президентін бүкіл халық болып сайлау туралы мәселе қарап, кандидат ретінде сол тұстағы шебер де көреген саясаткерлердің бірінен саналған Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Сөйтіп, 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98,78 пайыз дауыспен Қазақ КСР-інің тұңғыш Президенті болып сайланды. 10 желтоқсанда өткен инаугурацияда Президентіміз ақ киіздің үстінде тұрып, халыққа Ант берді. Ал 16 желтоқсан күні Елбасы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға қол қойды. Осылайша, дүниеге жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстан Республикасы келді. Міне, 1 желтоқсанның біз үшін аса маңызды, атаулы күн болып саналатыны осыдан.
Бұдан соң С.Ысқақов өзі аудандық кеңестің төрағасы болып қызмет істеп жүрген сол кездегі аса ауыр ахуал туралы, одан шығу жолдарын жатпай-тұрмай іздегендері жайында сабырмен баяндап өтті. Бірақ біз оның осы шағын әңгімесінен ел басына қандай күн туып, халқымыздың қаншама қиын сынақтардан өткенін айқын ұғындық.
– Бұл – біздің шағын ауданда ғана болған дағдарыс, – дейді Советхан Тұрсекенұлы. – Ал ұлан-байтақ республикамызда туындаған қиындықтардың қаншалықты ауыр болғанын айтып-сұрамаңыз. Сондай-ақ, жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс мекендейтін Қазақстандағы ұлтаралық мәселеде ши шығармай, барлығының бірдей көңілін таба біліп, жұмыс істеудің қандай шеберлікті, қандай сезімталдық пен сақтықты талап ететінін өзіңіз де ұғынып отырған шығарсыз. Міне, осы сынның барлығынан сүрінбей өтіп, әлемдегі бұрынғы құрама республикаларда бұрқ ете қалған өрттердің лаулап жанып жатқан кезінде бірде-бір қақтығысқа, ұлтаралық, халықаралық түсініспеушілікке жол бермей, шын мәніндегі даналықпен жол бастаған «елбасымыздың әлем алдындағы, өз жұртымыздың алдындағы беделіне ешкім де шәк келтіре қоймас. Ендеше, «Еліміз-жұртымыз, оған жол көрсетіп, жөн сілтеп келе жатқан Президентіміз аман болсын. Мереке мерекеге ұлассын!» – деген тілек айтқым келеді.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.