Ел жаңалықтары

Береке-бірлігі жарасқан

Семейде өзінің отбасын ғана емес, бүкіл ауылға басшылық жасап, халықты тәрбиелеп отырған ғажайып жандар аз емес. Солардың бірі ауылдық округ әкімі Абусана Қарсақбаев.

Семейде Көкентау деп аталатын ауылдық округ бар. Абусана аға осы ауылдық округті ұзақ жылдардан бері басқарып келеді. Бұл адамның жұмысын қаладағылардың жұмысымен салыстыруға келмейді. Үнемі далада, желдің өтінде, күннің астында шаруашылықтарды қысы-жазы аралап жүруге тура келеді.

– Біз үшін бүгінгі таңда жастарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету басты міндет болып табылады, – деді Аубсана Қарсақбаев, – сонымен қатар жетім балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау маңызды бағыт болып табылады. Ауылдық округте жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін көп күш-жігер жұмсалуда. Қазіргі таңда  жастардың да белсенділігі қуантады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша округке жас мамандар келді, оларды тұрғын үймен және көтермеақымен қамтамасыз еттік.

Көкентау – Семей қалалық әкімдігіне қарасты ауыл. Ауыл былтырға дейін «Знаменка» деп аталды. Көкентау тауы ауыл іргесінде тұр.

– Көкентауға қазақ тарихын зерттеушілер көп келеді, – деді Абусана аға, – жастар да, тарихшылар да үнемі осында, 2013-2014 жылдар аралығында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтынан келіп, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде неолит дәуірінен басталған түркілік тарихи-мәдени мұра ескерткіштері зерттеліп, есепке алынды. Сол  ескерткіштердің бірі – Көкентаудың орталық бөлігіндегі Үшайыр биігінің етегінде орналасқан әйел адам мен қыз баланың тастан жасалған мүсіндері.

Абусана Бақдәулетұлы Күлмен орта мектебінде білім алып, Құндызды ауылында оқып, еңбек жолын бастайды. Мектеп бітірген соң ауылда жұмыс істеп, сосын әскерге барады. Одан кейін Семейдегі зооветинститут, технологиялық институт сияқты жоғары оқу орындарында оқиды. Алғаш рет «Семей таңы» газетіне сол кездегі бас редактор Ырысхан Мұсаұлы шақыртып, қарапайым ғана көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. 1990-94 жылдары Ырысхан Мұсаұлы «Абай» журналын қайтадан жаңғыртқан кезде Абусана ағаны да шақыртып, бұл кісі бір жылдай коммерциялық бөлімде қызмет істейді.

– Бір жылдан соң Ырысхан Мұсаұлынан рұқсат сұрап, қалалық әкімшіліктің ұйымдастыру бөліміне жұмысқа ауыстым, – деді ол, – кейіннен ауылшаруашылық бөліміне бардым. Облыс тарағаннан кейін механизация бөлімінде ұзақ уақыт жұмыс істедім. Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, Амантай Доғалақов сияқты тамаша қоғам қайраткерлерінен көп нәрсе үйрендім. Амантай Айтмырзаұлы  2008 жылы «сен осы әкімшілік жаққа ауысып кетсеңші» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, қала әкімінің Новостройка, Жоламан муниципалды округтері бойынша өкілі қызметіне тағайындалдым.

2008-2010 жылы әкімшілікте қызмет атқардым. 2010 жылдың аяғында аппарат жетекшісі Айтқали Есімханұлы маған «Достық ауылдық округінде әкім болсаң» деген өтініш жасады. Жұбайым Рауза Хамзақызы да келісті. Облыс әкіміның қабылдауында болып, енді ауылдардың жағдайын көтеру, шаруашылығын өркендету жұмыстарына кірістім. 2010 жылы Достық ауылдық округіне әкім қызметіне тағайындалдым.  Достық, Шақаман ауылдарын көтердім. 2012 жылы мені осы Знаменка ауылдық округіне ауыстырды. Ауылдың атын қазақшалауды жөн көрдім. Знаменка Көкентау болып аталды.

– Осы жылдарда Көкентау ауылының  мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді, – деді Абусана Қарсақбаев, – материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша да жұмыстар жүргізілді. Шаруалар жаңа техника сатып алуда, бордақылау алаңдары бар. «Өңірлерді дамыту», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жұмыс белсенді жүрді. Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы әлеуметтік әл-ауқатта да көрініс табады. Ауылдық округте мектеп және  мектепке дейінгі балалар үшін шағын орталық жұмыс істейді.  Басты мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Бүгін біз бірқатар негізгі өнімдердің бағасын қадағалаймыз. Коммуналдық мәселелер шешілуде. Білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жалақыны уақтылы беру мәселелері де басты назарда тұр. Мәдениет және демалыс мәселелеріне көңіл бөлінеді. Біздің ауылдық округ – ұйыған бір отбасыдай береке-бірлікпен тірлік кешіп жатыр.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button