Бақылау болмай, сапа жоғарыламайды
«Дидардың» редакциясында өткен тікелей байланысқа Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Бағлан Данияров қатысып, газет оқырмандарының сауалдарына жауап берді.
Нұрзада ИСАБАЕВА, Үлкен Нарын ауылы:
– 2013 жылы Үлкен Нарында мемлекеттік тілде оқытатын мектеп салына ма?
– Бұл сауал негізінде облыстық білім басқармасына жолдануы керек. Біздің саламыз білім сапасын, оқу орындарында заңдардың орындалуын бақылаумен айналысады. Ал мектептердің салынуы жергілікті әкімшілік пен облыстық білім басқармасына қатысты.
Айсара БАҚЫТҚЫЗЫ, Зайсан ауданы:
– Аралық мемлекеттік бақылау (АМБ-ПГК) мен оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ-ВОУД) дегендерде қандай айырмашылық бар?
– Оның айырмашылығы мынада. Бұрын қандай да бір тәртіптік жаза қолданылатын болса, қазірде ОЖСБ қорытындысы бойынша ешқандай жаза қолданылмайды. Дегенмен, біз нарықтық заманға байланысты бәсекелестікті дамытуымыз керек қой. Ал ең басты мақсат – білім сапасын көтеру. Мысалы, былтыр өңіріміздегі 700-ден астам мектептің 10 пайызы аттестациялаумен қамтылса, ендігі жерде 20 пайызы тексеруден өтпек. Атап айтқанда, ол негізгі мектептердің 9-сыныптарында өтеді. Сонда қай мектептің қандай жетістіктері бар және қай деңгейде тұрғанын біз кең түрде, баспасөзде және сайтымыз арқылы жариялаймыз. Солайша ол мектептің имиджі, яғни, рейтингісі анықталады.
Жақсыгүл ИМАНТАЙҚЫЗЫ, Ұлан ауданы:
– Биыл қанша білім мекемесі арнайы аттестациялаудан өтті және олардың арасында өте алмағандары бар ма?
– Үстіміздегі жылы облыс бойынша 9 кәсіптік білім беру мекемесі (бұлардың бәрі колледждер), 4 балабақша және 38 мектеп аттестациялаудан өтті. Осы 38 мектептің сегізі мемлекеттік аттестациядан өте алмағандықтан, олардың лицензиялары тоқтатылды. Олардың ішінде қалалар мен аудандардың, Семей қаласының мектептері бар. Біз негізінен 6 айға дейін лицензиялауды тоқтата аламыз. Бұл дегеніңіз нақты нормативтік-құқықтық актілер негізінде кеткен кемшіліктерді түзетуге осынша уақыт беріледі деген сөз. Одан соң тағы да тексеруге барамыз. Егер ол кемшіліктер түзетілмесе, біз соттың шешіміне сүйене отырып, ондай білім мекемесінің лицензиясын алуға ұсыныс жасаймыз. Ол турасында біздің арнайы сайтымыздан нақты білуге болады.
Ақбота НҰРЖАНОВА, Үржар ауылы:
– Қазіргі кезде қайсібір мектептің оқушылары топтасып төбелесуге, бірін-бірі жарақаттауға үйірсек болып алды. Осыларға қарсы қандай шаралар қолдануға немесе жұмыстар жүргізуге болады?
– Бұл мәселе білім саласындағы бақылау департаментінің құзырына кірмейді. Сұрақта көрсетілген мәселелер белгілі болған жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына және мектеп әкімшілігіне хабарлау керек. Менің ойымша, бұл мәселені сол балалар білім алып жатқан мектептің басшылары ата-аналармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесе отырып шешуі қажет.
Жақсылық ПЕРНЕХАН, Глубокое ауданы:
– Мемлекеттік аттестациялаудың негізгі мақсаты не екенін білгіміз келеді.
– Мемлекеттік аттестациялаудың басты мақсаты – білім беру қызметінің арнайы бекітілген мемлекеттік стандартқа сай болуын қадағалау. Ал мемлекеттік стандарт қандай мектеп болсын, бәріне бірдей міндетті. Біз аттестациялау жұмысына ең тәжірибелі, ерекше білгір адамдарды тартамыз. Осы жерде баса айтарым, департамент біржақты мақсат ұстанбайды, сондықтан ең басты мақсат – білім беру сапасын жоғарылату, барлық баланың толыққанды білімге қол жеткізуі үшін бірдей мүмкіндікке ие болуы. Ал эксперттерді білім беру ұйымдарынан, тіпті, республика бойынша шақырамыз. Біз өңіріміздегі бір мыңға тарта ұйымды, атап айтқанда, 148 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесін, 674 жалпы білім беретін мектепті және 158 балабақшаны аттестациядан өткізуге тиіспіз. Құрылғанына бір жылдан астам ғана уақыт болған департаменттің алдында оларға қойылатын таудай талаппен қатар ұшан-теңіз жұмыс тұр.
Мұратбек САҒЫНДЫҚОВ, Күршім ауданы:
– Бақылау департаменті тарапынан білім беру ұйымдарын жоспардан тыс тексеру неше мәрте жүзеге асырылады?
– Елімізде «Мемлекеттік тексеру және бақылау туралы» Заң бар. Ол Заңда жоспардан тыс тексеру қалай және неше рет жүргізілетіні көрсетілген. Оның негізгісі, мысалы, кейбір кемшіліктерді түзетіңіздер деген предписание болады, яғни, белгілі бір мерзім беріледі. Сол мерзімнен кейін біз прокуратураға тіркетеміз, одан соң алдымен ескерту жасалады, егер ол уақтылы түзелмесе, содан кейін барып, жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Екіншіден, азаматтардан белгілі бір жағдайға байланысты өтініштер түссе, ондайлар жоспардан тыс тексеруге негіз болады.
Сара АСЫЛЖАНОВА, Семей қаласы:
– Соңғы кездері мектептің жанындағы аялдамаларда сауда-саттық киоскілері ашылып жүр. Немесе саудагерлер қолдан пісірілген бәліштер мен мұз-кәмпиттер сатып жатады. Осы дұрыс па?
– Бұл мәселелер біздің құзыретімізге жатпайтындықтан, олар санэпидқадағалау және санитарлық полицияның айналысатын мәселелері екендігін айтқым келеді.
Нұртүлеу ЕСЖАН, Мақаншы ауылы:
– Заман ағымы солай ма, қазіргі кезде мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп, жұмыс істемейді. Осыған орай мектептерге сіз басқаратын департамент тарапынан арнайы нұсқау беруге болмай ма?
– Бұл мәселеде департаменттің арнайы нұсқау шығаруының қажеті жоқ. Еліміздің «Білім туралы» Заңында мұғалімдер мен ата-аналардың бірлесіп жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Екі жақты тығыз байланыстыратын ата-аналар комитетінен басқа, олар алқалық басқару органы ретінде қамқоршылық кеңестің мүшесі болып, білім ұйымының өміріне жан-жақты араласа алады. Жоғарыдағы Заңға сәйкес, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ата-аналарға да үлкен жауапкершілік жүктелген. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер балаларға салауатты және қауіпсіз жағдай жасауға, балаларды жалпы білім беретін мектепке беруді айқындай отырып, мектепалды даярлығын қамтамасыз етуге және білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындап, балалардың сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті.
Арман ӘБДУОВ, Семей қаласы:
– Жыл сайын қатты аяз күндері балалар сабақтан қалып жатады. Сондықтан балалардың үйге тапсырма алып, интернет арқылы оқуын жолға қоюға бола ма? Себебі, олардың мектеп бағдарламасынан қалып қоюы үлкен проблема ғой.
– Өте орынды сұрақ екен. Бұл негізінен мектеп басшыларының, білім бөлімдерінің және жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы дүние. Ондайда, белгілі бір тақырыптар өтілмей қалса, мұғалімдер соларды негізге ала отырып, нақты жоспар жасап, оқушыларға тапсырма беріп, сабақты тығыздатылған түрде (уплотненный) өткізуі тиіс. Бала өтпеген тақырыпты осылай еткенде ғана біршама игеретін болады. Мемлекеттік стандарт міндетті түрде орындалуы керек. Оған біздің департамент тарапынан қатаң бақылау жасалып отырылады.
МҰҒАЛІМ, Аягөз қаласы:
– Біздің мектепте мемлекеттік аттестациялау жүргізіліп, мектебіміз одан өте алмай қалды. Мұның ақыры қалай болады, біз жұмыссыз қалып қоймаймыз ба?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы Қаулысына сәйкес, «аттестацияланбасын» деген шешім лицензияны тоқтатып, ұйым басшысын жауапкершілікке тартуға негіз болады. Лицензия тоқтатылған мерзімде ол мектепте орын алған кемшіліктер жойылса, оны арнайы комиссия тексеруі арқылы қайтарып беруі мүмкін. Бір айтар мәселе, лицензия алынған мерзімде ол білім мекемесінде оқыту процесі еш тоқтамайды, ал сіз өз қызметіңізді атқара бересіз.
Роза ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Күршім ауданы:
– Соңғы кезде мұғалімдердің қағазбасты болып кеткенін мойындауымыз керек. Осы мәселе олардың оқушыларға беретін тәлімінің сапасына кері әсерін тигізбей ме?
– Біздің департамент тарапынан мұғалімдердің көп қағаз толтыруына жол беретіндей шаруа істелмейді. Біз нақты Заңның орындалуын ғана қадағалаймыз. Сондықтан мұғалімдердің әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие беруіне еш кедергі жасалмайды деп есептеймін.
Марина КУПРИЯНОВА, Көкпекті ауданы:
– Білім саласын бақылау департаменті білім басқармасының функциясын қайталамай ма?
– Жоқ. Қазақстанда соңғы кезге дейін білім берудің сапасына іштей, объективті баға беретін институттар болған емес. Бұрын жергілікті атқарушы органдар өздері білім беру қызметін атқарып, өз жұмыстарын өздері бағалап келді. Нәтижесінде аймақтық теңгерімсіздік пайда болып, оқушыларға білім беру сапасы нашарлап кетті. Сондайды болдырмау мақсатында және әділетті де бәсекеге қабылетті білім ошақтарын қалыптастыру үшін елімізде 16 аумақтық департаменттер құрылып, қазірде олардың бәрі де тиянақты жұмыс істеуде. Соның бірі біздің департамент болып табылады.
Айман НҰРСАДЫҚОВА, Бородулиха ауданы:
– Барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, жұмыстарында олқылық көп, мектепішілік ахуал сын көтермейтін, соның салдарынан білім сапасы төмен мектептер аз емес. Осындай мектеп басшыларына қандай шаралар қолданылады?
– «Білім туралы» және оған орайлас заңнамаларға сәйкес, білім беру мекемелері ең алдымен мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарын орындауға міндетті. Заңның осы талабының орындалуын білім саласындағы бақылау департаменті мемлекеттік аттестаттау шарасын жүргізу арқылы қадағалайды. Ал білім мекемелерінде мемлекеттік аттестаттау бес жылда бір рет жүргізіледі және оның нәтижесі бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарын орындамаған мекеменің басшысына қатысты әкімшілік шара қолданылады.
Ақбота СЕЙСЕМБИНА, Өскемен қаласы:
– Мектепке дейінгі білім беруді лицензиялау жойылғаннан бері соңғы кездері жаппай жекеменшік балабақша ашу үрдіс алып кетті. Оларда көптеген заң бұзушылықтар орын алып отыр. Оларға сіздер тарапынан қандайда бір шаралар қолданыла ма?
– Рас, қазір мектепке дейінгі мекемелердің қызметін лицензиялау жойылған. Алайда, бұл білім саласына қатысты Заңдар мен заңдылықтарды бұзуға құқық бермейді. Меншік түріне қарамастан, барлық мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік аттестациялау процедурасына және басқа да тексеру формаларына енеді. Білім саласының жыл сайынғы мониторингінде ондай балабақшалар анықталып отырғаны өтірік емес.
Ғафура Сәрсенбайқызы