Байланыстың басым бағыттары айқын
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Германия Федеративтік Республикасы елшілігі экономика бөлімінің жетекшісі және өкілетті министр-кеңесшісі Михаэль Банцхафпен кездесті. Кездесу барысында Ермек Көшербаев екі жақты байланыстың басым бағыттарына тоқталып, облыста қолға алынған қарқынды әрі ауқымды жобалар туралы мәлімет берді.
– Соңғы жылдары екі арадағы байланыстың нығайып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Соңғы сегіз айдың өзінде екі арадағы тауар айналымы 69 миллион долларға жуықтады. Арадағы айналым былтырғы салыстырмалы кезеңнен 30 пайызға артып отыр. Екі жаққа да қара металлургия мен өңделмеген алюминий өндірісінде тиеу және түсіру мәшинелерін жасау, вакуумдық қондырғылар өндірісінде байланысты дамыту тиімді болмақ. Біз өз өңірімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар жасап келеміз, – деген Ермек Көшербаев өңірдің экономикасын дамытуға серпін қосып, табысты жүзеге асып келе жатқан үдемелі индустриялық дамыту бағдарламасының аясында байланыстар орнатудың мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ол Шығыс Қазақстанда отандық және шетелдік инвесторларды қолдауға қолайлы «Экспорт – 2020», «Өнімділік – 2020» бағдарламаларының кең қанат жайып келе жатқанын баса айтты. Екі арадағы ауыл шаруашылығы, кен барлау, автомобиль жасау, атомдық ғылым мен туризм салалары бойынша жолға қойылған қарым-қатынас жайына тоқталған Ермек Көшербаев олардың екі жаққа тиімді тұстарын атап көрсетті.
– Біздегі «Қазцинк», «ТМК», «ҮМЗ» сынды өнеркәсіп алпауыттарының жұмысына қызығушылық танытып отырғаныңызды білеміз. Әсіресе, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен шығару жобаларын «Қазцинк» АҚ-мен бірлесе отырып, жүзеге асыруға болады. Бүгінде мұндай табиғат байлықтарын игеру тікелей мемлекеттің бақылауына өткен. Сондықтан бұл тұрғыда «Тау-кен Самұрық», «Ертіс ӘКК» ұлттық компанияларымен тізе қосып, әрекет етуге болады, – деген облыс Әкімінің бірінші орынбасары немістердің ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және мәшине жасау технологияларына өңірдің қызығушылық танытып отырғанын аңдатты. Соның ішінде Черемшанкадағы құс фабрикасының негізінде жұмыртқа өнімдерін дайындау саласын дамытудың мүмкіндіктерін ұсынуға болатынын жеткізді.
Курчатов қаласын ғылыми қалашыққа айналдыру, мамандар даярлаудағы дуалдық жүйені енгізу бойынша Германия тарапынан үйренер дүние көп екені де айтылды.
Германиялық «IPK International» компаниясының өңірде туризмді дамытудың шеберлік жоспарын дайындап жатқанын еске салған Ермек Көшербаев бұл құжат өңірімізде ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қажетті инвестиция тартуға септігін тигізеді деген сенім бар екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Германия өкілі де екі жақты қарым-қатынастың айқын екеніне көз жеткізіп отырғанын, айтылған басым бағыттар мен тиімді тұстардың барлығы Германия үшін де маңызды екенін атап өтіп, сонымен қатар, өз тарапынан цемент өндірісін дамыту бойынша бірлесе әрекет етудің мүмкіндіктері бар екенін тілге тиек етті.
Михаэль Банцхаф екі жақтың жоғары оқу орындарының техникалық бағыттағы әріптестігінің келешегіне де жақсы баға берді.