Біле жүріңіз

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерін білесіз бе?

Барлығымыз Бауыржан Момышұлын батыр, көрнекті жазушы деп білеміз. Оның прозалық шығармалары – қазақ әскери әдебиетінің негізі. Ол «Ұшқан ұя», «Мәскеу үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Қанмен жазылған кітап» кітаптары арқылы жазушылық талантын танытты. Ал сіз оның мұра ретінде кез келген адамды ойландыратын терең нақыл сөздер қалдырып кеткенін білесіз бе?

Мысалы: Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі; Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін; Отан үшін отқа түс – күймейсің; Опасызда Отан жоқ; Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды; Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық деген.

Сонымен қатар адам мінезін, ішкі жан дүниесін тани білген. Бауыржан Момышұлы алғыр ойлы, шапшаң шешімді, әскери психолог қолбасшы болды. Әділдігі мен шыншылдығы, командирлер мен жауынгерлерді ерлігіне, ісіне қарай әділдікпен бағалайтын сауатты қолбасшылығы болмаса, жауынгерлер «әкесі» Момышұлы да болмас еді. «Соғыс психологиясы» шығармасын­дай қай заманда да құнды әскери еңбек тумас еді. Ұлы Отан соғысында өз бөлімімен бес рет қоршауды бұзып өткен Бауыржаннан басқа қолбасшы болған емес.

Соғыста қаламы мен қағазын қолынан тастамаған батыр өзінің дана әрі ұшқыр ойлы адам екенін дәлелдеді. Бұл тұлғамыз ұлтымызға өлмейтін нақыл сөздерін қалдырып кетті. Мысалы, түрлі тақырыпта нақыл сөз жазған екен. Атап айтсам, адамгершілік, адамның құндылықтары, отан, ел, жер, тәрбие туралы. Солардың бір бөлігін ұсынып отырмыз:

Жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Уәде бермеуге тырыс. Әйтпесе, сөзіңде тұр.

Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын.

Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.

Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс.

Таспен атқанды аспен ат – жеңісің. Содан кейін алшақ жүр.

Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.

Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.

Өзіңді сыйла, Өзгелер сыйласын.

Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тәрбиелей бер.

Құмар ойын – əлсіздің əлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр.

Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа!

Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес.

Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.

Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.

Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.

Жүйкең әлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сәттерге бапта.

Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі жел қайық – жүзесің де өтесің. Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің.

Сырыңды ешкімге алдыртпа. Екі елі аузыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.

Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!

Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме!

Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы!

Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.

Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың!

Ұрпақ тәрбиесі елу пайыз сенің мойныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын. Қызың саған қарап серігін тауып бақытты болсын.

Кім қанша төмен түссе де, сен өз биігіңде қал.

 

Мақпал Орынбаева

 

Осы айдарда

Back to top button