Ынтымақтастық

Бауырға басқанбыз баршаның баласын…

Қазақстан халқының бірлігі күнін өскемендіктер ерекше ықыласпен, көтеріңкі көңілкүйде қарсы алды. Таңертеңгі сағат онға қарай орталық алаңда тақырыптық баннерлермен безендірілген және үлкен үш экраны бар керемет жаңа сахна құрылып тұрды. Біртіңдеп адам қарасы көбейіп, алаң жандана бастады. Сахна төрінен әсем әуен шарықтады. Күн де жаймашуақтанып тұрды.

Карантиндік шектеулер алынғалы мұндай дүбірлі думанды халықтың да әбден сағынып қалғаны байқалады. Арқа-жарқа болған жұрт бір-біріне деген жылы тілектерін айтысып жатты.

Салтанатты концерт түрлі ұлттардың биімен бастау алды. Атап айтсақ, алдымен қазақ, сосын орыс, неміс, татар, өзбек, ұйғыр, кәріс билері көрсетіліп, халқымыздың ауызбірлігі мен татулығы танытылды.

Бұдан соң сахна төріне аймақ басшысы Даниал Ахметов шығып, жиналғандарды, барша өңір жұртшылығын мерекемен құттықтады.

– Татулық пен достық, бейбітшілік пен келісім салтанат құрған Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Ұлт бірлігі – баянды болашақтың берік негізі. Тарихи қысқа уақыт ішінде Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды. Бүгінде еліміз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен алдына биік мақсаттар қойып, жаңа Қазақстанды құруға кірісті. Мұның бәрі – жасампаз еңбектің жемісі, көпұлтты халқымыздың, татулықтың жеңісі. Жыл басында орын алған оқиға тыныштық пен бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеп берді, тату тірлікті барынша сақтау қажеттігін жете түсіндірді, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі Қазақстан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ Отанына айналды. Ал Шығыс өңірі еліміздегі ең көпұлтты аймақ болып саналады. Барлық этностар бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде, еліміз күллі әлемге ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісін танытып отыр.

Мерекелік концертте түрлі этностардың шығармашылық топтары, шаһардың үздік музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетті. Әншілер Естай Лұқпанов, Арника Байбосынова, Айжан Рақымбекова, Жанат Бисимбаев, Ермек Байзақов, Антон Барабаш, Данияр Жәутіков, Зарина Богородская, Мағжан Оразалинов, Әсем Рыспаева, Қуаныш Оралбаев, Елдар Уадинов, Нұргүл Қабдоллаева, Айдос Мұхаметқалиев, Дарын Бисаринов, Ерғанат Қасымов ән шырқады. Сондай-ақ «Іңкәр», «Аллегро», «Бэст Войс», «Дольче»  топтары, «Ән Сал Дар», «Ладушки» ансамбльдері, «Веро» дуэті, «Алтай» би ұжымы, «Флэш» шоу-тобы, «Алтай», «Арабеск», «Кавказ», «Пируэт» ансамбльдері өз өнерлерін көрсетті. Танымал «Пируэт» тобының репертуарында көптеген ұлттың билері бар. Жуырда олар Нұр-Сұлтанда өткен беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған.

Осы маңда сауда сөрелері тізіліп, сауда көрігі қыза түсті. Мерекелік жәрмеңкеде өңір шаруаларының ет, сүт, бал, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдері сатылса, субұрқақ жағындағы қатарларда жергілікті қолөнершілердің тері, жүн, ағаштан жасаған ұлттық бұйымдары мен әшекейлерінің көрмесі қойылды, балаларға арналған түрлі ойыншықтар саудаланды.

Көрмеге «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алған жиырма шақты кәсіпкер де қатысты. Екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алушылар бұл соманы өз ісін бастауға жұмсаған. Мұнда кондитерлік бұйымдар, фаст-фуд, сүт, бал өндіру, фото және шағын полиграфия қызметін көрсету, жиһаз, темір бұйымдар шығару, эксклюзивті кілемдер тоқу, киім тігу сияқты салаларды таңдаған кәсіпкерлердің түрлі өнімі ұсынылды. Атап өтерлігі, биыл грант мөлшері екі есеге артып отыр.

Алаңда ашық аспан астындағы дәмхана да ұйымдастырылып, жұртшылық алаңда пісірілген дәмі тіл үйірер кәуәп пен палаудан, ыстық бауырсақтан дәм татты.

Белсенді демалысты ұнатушылар үшін түрлі спорт жарыстары өткізілді.

– Біз тұрғындарға спорттық жарыстарға қатысуды ұсынамыз. Мұнда күрес, бестабан, армреслинг ойындары үшін үш алаң ұйымдастырылған, – дейді «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубтары бірлестігінің өкілдері. Сонымен қатар субұрқақ жанындағы алаңда ниет білдірушілер «арқан тартыстан» өздерін сынай алды.

Сондай-ақ кішкентайлар үшін ойын-сауық алаңы ұйымдастырылып, балаларға «Эмиль» кәсіпорны тарапынан мыңға жуық балмұздақ таратылды. Атқа мініп, өздерін нағыз батырлардай сезінген, батпырауық ұшырып жүгірген балалардың сылдырлаған күлкісі мереке көркін қыздыра түскендей.

– Біз үшін Бірлік күні – нағыз отбасылық мереке. Алаңға балаларымызды ертіп келдік. Көтеріңкі көңіл-күй сезіледі, ауа райы да тамаша. Барша өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, бейбіт өмір, мықты денсаулық және өркендеу тілейміз! – дейді өскемендік Руслан мен Әсем Ноғайбаевтар.

– Бүкіл Шығыс Қазақстан халқын мейраммен құттықтаймын! Қазақстан – менің жалғыз Отаным, ешқайда да кеткім келмейді. Осындай бейбіт елде туып-өсіп, тұрып жатқаныма қуанамын! – дейді Ұлан ауданынан келген Алексей Коледаев.

Көптеген өскемендіктер тәуелсіздік жылдары Бірлік күні сүйікті мерекеге айналып, барлық этностардың бірігуіне және келісімде өмір сүруіне қызмет етіп келетінін атап өтті.

Осы күні Достық үйінің алдындағы алаңда «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» мерекелік іс-шарасы өтті. Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері, этномәдени бірлестіктер әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, ұлттық би фестивалін, «Ассамблея дастарханы» ұлттық тағамдардың көрме-сатылымын ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар сыйлықтармен, түрлі конкурстармен сүйемелденді. Түрлі этностардың ән-билері алғашқы әнұранымыздың «Ардақтап анасын, құрметтеп данасын, бауырға басқанбыз баршаның баласын…» деген жолдарын еріксіз еске түсірді. Ерекше көңіл-күй сыйлап, күшіміз бірлікте екенін көрсетті.

Достық үйі биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтпек. 1992 жылы Өскеменде елдегі тұңғыш Достық үйі ашылып, ішінде алғашқы корей, неміс, әзірбайжан, татар этномәдени бірлестіктері құрылған. Бүгінде Достық үйінде 22 бірлестік орналасып отыр. Жалпы, облыста қазір 117 этноорталық жұмыс істейді. Жақында өткен Ассамблеяның «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясына қатысқан бірлестік жетекшілері алдағы уақытта қоғамдағы келісімді нығайтудың тың әдіс-тәсілдері қолға алынатынын жеткізді.

Меркелік іс-шаралар кешкісін Арбатта өткен «Мәдениеттер шоғыры» атты жастардың би жарысына ұласты.

Дәстүр бойынша бұл күні Шығыс Қазақстанның барлық аудан-қалаларында да концерттік алаңдар, байқаулар мен жарыстар, қолөнершілер көрмелері, жәрмеңкелер, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

P.S.: Еліміз мемлекеттік мерекені 27-ші рет атап өтті. 1995 жылғы 18 қазанда 1 мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жарияланған болатын.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button