Бауырыңыз бен бүйрегіңізді біреуге беруге дайынсыз ба?
Тағы да көктем келді. Тіршілік атаулының қалың бір ұйқыдан оянып, дүр сілкінетін кезі де осы кез. Аспандағы күн де ерекше мейірімді. Шуағын мол төгіп, «көктемнің бір күні қысқа азық» дейтін шаруаға болысып-ақ тұр. Бірақ жыл сайын жерін баптауға ерте кірісіп кететін Кәдірбектің биыл ештеңеге зауқы жоқ. Күн сайын аяңдап ауыл сыртындағы молаға барады. Жас қабірдің басында тұрып, жалғыз ұлының осынау көктемді көре алмай кеткеніне қабырғасы қайыса өкінеді. Бірақ қолдан келер амал не…
Әттең, қол қысқа болды ғой… Қолында қаржысы болса, қарап қалмас еді. Шетелге апарып, ұлына сау бүйрек салдырып берер еді. Бірақ, болмады. Созылмалы бүйрек ауруынан зардап шеккен ұлын көргенде жанын қоярға жер таппайтын. Ұлы да қатты қиналып кетті. Өмірінің соңғы айларында «жасанды бүйрек» аппаратынан да бас тартты. «Әке, бұлай қиналғанша өліп-ақ кетейінші осы» деді бірде.
Табиғаттың осынау мезгілі секілді нағыз көктейтін, көгеретін шағында жалғыз ұлы осылай өмірден озды. Кәдірбектің аппақ арманы мен тәтті қиялдары осылай топыраққа көміліп қала берді. Жалғыз ұлының артында тым болмаса тұяғы да қалмады. Кәдірбекті қатты қинайтыны да осы.
Иә, жыл сайын елімізде ағза алмастыру үшін жүздеген адамдар шетелге ағылатын көрінеді. Біріне бүйрек, біріне жүрек, ал енді тағы біріне бауыр керек дегендей. Адам баласы үшін денсаулықтан артық қандай байлық бар? «Бірінші байлық – денсаулық» дейтін де біздің қазақ емес пе? Сол үшін соңғы тиынын санап беруге әзір. Әсіресе, Пәкістан мен Қытайға баратын қазақстандықтардың саны тым көп екен. Білетін жұрт мұндағы бағаның басқа елдермен салыстырғанда төмендігін айтады.
Трансплантация, яғни, ағза алмастыру соңғы жылдары үлкен мәселеге айналып бара жатыр. Ресми дерек көзіне сүйенсек, елімізде 3 мың адам бүйрегін, 1 мың 146 адам жүрегін, 1 мың адам бауырын, 233 адам ұйқы безін, 235 жан өкпесін ауыстыру үшін кезекте тұр. Ал біздің өңірде облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметі бойынша, бүйрегін ауыстыруға 80-ге жуық адам, жүрек-өкпесін ауыстыруға 23 адам мұқтаж. Өткен жылы квота арқылы үш адам бүйрегін ауыстырған болса, үстіміздегі жылы тағы да алты адамның бүйрек ағзасын ауыстыру жоспарланыпты. Ал мұның сыртында әлі ресми түрде тіркелмеген аурулардың саны қаншама десеңізші. Және кезегін күткен осыншама адамға кім өз ағзасын бере қояды дейсіз? Кейбіреулері кезегін күтіп, екі көзі төрт болып жатып-ақ о дүниеге аттанып кете беретін көрінеді.
Өркениетті елдерде трансплантацияға қатысты мәселелер заң шеңберінде әлдеқашан реттелген болса, біздің елде бұл шаруаның піспеген, шикі тұстары көп. Медицинаның осы бір бағытын дамытуға біздің елде көптеген кедергілер бар. Ең алдымен қазақы болмысымыз бен діни көзқарасымыз тосқауыл болуда.
Осы арада қайғылы бір оқиғаны оқырман есіне түсіргім келіп отыр. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын АҚШ-қа «Work& Travel» бағдарламасымен кеткен Павлодар мемлекеттік университетінің (ПМУ) студенті Айнұр Ахметова қайғылы жағдайға душар болған-ды. Ол бір отельдің бассейнінде ессіз күйде табылды. Медициналық көмек көрсетілгенімен, кейін дәрігерлер Айнұрдың комаға түскенін жеткізді. Бүкіл қазақстандықтар Айнұрдың өзіне-өзі келіп, айығып кетуін қанша тілегенімен, жағдай оңалмады. Осы арада ес-түссіз жатқан студент қыздың ағза мүшелеріне «құда» түсуші американдықтар оның ата-анасының рұқсатын сұрап, қоңырау шала бастайды. Бірақ павлодарлық студент қыздың туыстары оның органдарын донор ретінде трансплантация үшін пайдалануға рұқсат бермеді. Кейін Айнұр Қазақстанға жеткізілгенімен, отандық дәрігерлер де оның өміріне араша түсе алмады.
Бұл оқиғаны баяндаудағы біздің мақсатымыз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның мұндай қадамға әлі әзір еместігін айту ғана болатын.
Негізінде мәйіттің қандай да бір мүшесін алып тастап жерлеуге рұқсат беретін дін жоқ шығар. Десе де қазіргі күні заман ағымына қарай дін өкілдері де бұл мәселеге беттері бері қарап, ортақ пікірге келе бастағандай. Өйткені, адамға өмір сыйлаудан артық не бар десеңізші. Осы орайда мамандар трансплантация туралы қалың бұқара арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керектігін айтады. Белгілі бір қоғамдық пікір қалыптастыру қажет. Мысалы, Испанияда қоғамдық көзқарастың күрт өзгеруіне дәл осы үгіт-насихат жұмыстары әсер еткен көрінеді. Ондағы шіркеулерде: «Өз ағзаңыздың бір мүшесін аспанға алып кетудің керегі жоқ, анау дүниеде ол сізге қажет болмайды. Жерде қалдырсаңыз, ол бір адамның өмірін құтқарып қалады» деген мағынадағы үгіт парақшалары да ілініп қойылады екен.
Өткен жылы Қазақстанда науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы сәтті жасалғанын білеміз. Игорь Воротников атты отандасымыз өзінің қайтыс болған анасының жүрегі мен бауырын өзге адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында трансплантациялауға келіскен алғашқы азаматтардың бірі. Жәнібек Оспанов Игорьдің анасының жүрегін иемденген болса, Евгений Курцте оның анасының бауыры қызмет атқарып тұр. Осылайша қоғамдық пікір де дүр сілкінді.
– Міне, енді қарындасым екеуміздің туыстарымыз бар. Олар – Жәнібек пен Евгений, – дейді ол.
Жалпы, трансплантация мәселесі 1902 жылдан бері ғалымдар арасында қызығушылық туғызыпты. Осы жылы австриялық хурург Э.Ульман жануарлардың бүйрегін ауыстыруды тәжірибе жүзінде іске асырыпты. Ал әлемде адамға тұңғыш трансплантация операциясын хирург Ю.Вороной жасаған. 1933 жылдың 3 сәуірінде жасы 60-ты еңсеріп, қайтыс болған қарияның бүйрегі 26 жасар келіншекке салынған екен. Дегенмен, ота сәтсіз аяқталып, емделуші екі күннен кейін қайтыс болады. Осыдан кейін Еуропа мен АҚШ ғалымдары жануарларға тәжірибе жасап көреді. 1950 жылдың 17 маусымында АҚШ-та бүйрек ауыстырып салынады. Емделуші бес жыл өмір сүрген.
Ал Қазақстанда трансплантация тарихы хурург Мұхтар Әлиевтің есімімен байланысты. Адам ағзасын ауыстырып салу отасы елімізде тұңғыш рет 1979 жылдың 17 сәуірінде жасалыпты. Міне, сол 1979 жылдан бері А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында 600-ге жуық бүйрек трансплантациясы жасалған екен. Бір атап айтарлығы, олардың 19-ы – балалар. Ол тек квота арқылы жүзеге асырылады.
Ел арасында кеңінен тараған, әнге де, жырға да қосылып айтылып жүрген «Ана жүрегі» атты аңызды есімізге түсіріп көрейікші. Ертеде бір ананың әлпештеген жалғыз ұлы сұлу қызға ғашық болады емес пе? Ғашықтық деген нағыз дерт екен. Жас жігіттің күні-түні ойлайтыны сол бір сұлу қыз болады. Бірақ тәкаппар сұлу жігітке шарт қояды. «Анаңның жүрегін әкеліп берсең ғана, мен саған жар боламын» дейді. Сол қызға әбден есі ауған жігіт бір күні ұйқыда бейқам жатқан анасының жүрегін жұлып алып, қызға алып келе жатқанында, жігіт сүрініп кетеді. Сонда қолынан сусып түсіп кеткен ана жүрегі: «Құлыным, байқасаңшы» деп тіл қатқан екен.
«Ана жүрегі» атты аңызды айтып отыруымның да өзіндік себебі бар. Таяуда теледидар тетігін басып отырып, отандық бір арнадан өзімнің бұрынғы ауылдасым Еркетай Нұрғалиеваны көзім шалып қалды. Кезінде бұрынғы Шұбартау ауданының Жорға ауылында тұрған, бүгінде Семей қаласының тұрғыны болып саналатын Еркетай А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығына үлкен үміт арқалап келген екен. Үлкен ұлының бүйрек дертіне ұшырағанына да біраз болыпты. Міне, Еркетай сол ұлына бір бүйрегін беруге шешім қабылдапты. Хабарды көріп, қатты толқығанымды да жасырмаймын. Ана деген қандай мейірбан десеңізші, шіркін! Баласы үшін ештеңеден де қорықпай, осындай шешім қабылдаған Еркетайдың бұл әрекетін ерлікке баладым! Есіме жоғарыда мазмұнын баяндап өткен «Ана жүрегі туралы аңыз» оралды. Баласының жер басып жүруі үшін ананың өз жүрегін де беруге тартынбайтынына көзім жетті.
Жалпы, өткен жылы ғана елімізде алпыстан аса трансплантация жасалса, оның көпшілігі бүйрекке жасалыпты. Еркетай сынды өздерінің балаларына немесе жақын туысына бір бүйрегін берген донорлардың саны елуден асып жығылған екен. Бұдан шығатын қорытынды, әзірге Қазақстанда туыстық трансплантация ғана дамып отыр. Ал бүтіндей қоғамның трансплантацияға деген көзқарасы өзгеретін болса, біз көптеген бейтаныс адамдарды ажалдан арашалай аламыз. Оның үстіне қазаққа қазақтың бүйрегі мен жүрегі, бауыры салынғанына не жетсін!
Өкінішке қарай, трансплантацияға мұқтаж жандардың жас мөлшері жыл сайын жасарып келе жатқан көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдерге жіберу тізімінде 100-ден астам науқас кезекте тұрса, олардың ең кішкентайының жасы небәрі екі жаста ғана екен.
Шетелде жүргізуші куәлігін алушыларға: «алда-жалда жол апатына ұшырай қалсаңыз, өзіңіздің ағза мүшеңізді өзге адамдарға трансплантациялауға берер ме едіңіз?» деген сауал міндетті түрде қойылатын көрінеді. Егер келіссеңіз, міндетті түрде жүргізуші куәлігіне белгі соғылады. Болашақта мұндай сауалдың біздің елдің азаматтарына да қойылатынына күмәнданбай-ақ қояйық. Жамандықтың бетін, әрине, әрі қылсын. Дегенмен, сіз қайтер едіңіз? Келісім берер ме едіңіз, әлде бермес пе едіңіз. Осынау сауалдың жауабын қазірден бастап ойлана берсеңіз де болады.