Саясат

Бауырлас елмен байланысымыз бекемделді

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған Шығыс Қазақстанның ресми делегациясы жұмыс сапарымен Татарстан Республикасында болып қайтқан еді. Ресми кездесулер барысында қос елдің ортақ тарихы, жақындығы, туыстығы көзге көрініп-ақ тұрды.

Бауырлас елмен байланысымыз бекемделді– Семей сынақ полигонында кезекті жерүсті ядролық жарылыс болған кезде біз комбайндарды тоқтатып, жерге жататынбыз, – деді кездесулер барысында Татарстанның тұңғыш Президенті, қазіргі Президенттің мемлекеттік кеңесшісі Минтимер ШАЙМИЕВ. – Осылайша біз жарылыстың қауіпті толқынынан сақтанатынбыз. Одан соң тракторларды, комбайндарды қайтадан от алдырып, астық жинауды жалғастыратынбыз. 1957-58 жылдары біздерді, яғни, студенттерді тың игеруге жібергенде де осылайша істеуші едік. Қазақстанмен мен алғаш сол кезде таныстым, біз Бесқарағай ауданындағы «Балапан» егін алқабында жұмыс істедік. Мен үшін Қазақстан – мәңгілік бауырлас ел.

– Сіздер өз хоккейшілеріңізді тәрбиелеп, дұрыс жолмен келесіздер, – деп ойын білдірді Ресей хоккей құрамасының бас бапкері Зиннәтулла Біләлетдинов. – Мұз айдындарын сала бастадыңыздар, бұл міндетті түрде өз нәтижесін береді.

– Қазақстан футболына қол ұшын беруге әрқашан әзірміз, – деп қостады оны «Рубин» футбол командасының бас жаттықтырушысы Құрбан Бердиев.

Шығыс Қазақстан мен Татарстан іскер топтары қатысқан бизнес-форум тектен-тек «ІТ-Парк» технопаркінде өткен жоқ. Жоғары технологиялар саласындағы аталмыш парк инновацияны дамытудың озық үлгісі болып саналады.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫ әсіресе парктің құрылымы мен жұмысы көбірек қызықтырды. Оның директоры Динар Насыровтың айтуынша, 2009 жылдың соңында құрылған ақпараттық технологиялар паркі 2011 жылы 2,9 миллиард рубль пайда тауып, 400 миллионнан астам рубль салық төлепті. Биыл 4 миллиард рубль пайда табуды көздеп отыр. Парк ондаған резиденттермен жұмыс істейді. Айталық, пайдалы қазбаларды электронды аспаптар арқылы барлауға арналған бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Бухгалтерлік есеп, аудит және консалтинг салаларындағы технологиялардың да танымалдылығы артып келеді. Интернет-дүкендер жұмысын ұйымдастыруға арналған платформаны АҚШ кәсіпкерлері сатып алған. Әріптестерімен бірге парк түрлі қызметтерге ақы төлеуге арналған инфоматтар шығаруда. Парктің Набережные Челны қаласында филиалы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Интернаты бар ІТ-лицей де құрылған, онда оқушылар жетіншіден он бірінші сыныпқа дейін білім алады. Атап өтерлігі, мұнда бір орынға он баладан үмітті. Парктің бизнес-инкубаторына өз идеялары бар жастар көп келеді.

Шығыс Қазақстан делегациясына «Глонасс+112» атты жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруге арналған электронды жүйе таныстырылды. Аталмыш жүйенің әрбір мектеп автобусымен, әрбір жедел жәрдем көлігімен және полиция экипажымен байланысы бар.

Облыс Әкімі парк жұмысының ұйымдастырылуына жоғары баға берді. «Бұл тәжірибе бізге өте қажет, оны жан-жақты зерттеп, өзімізге енгізетін боламыз» деп түйіндеді аймақ басшысы.

Татарстан Президенті Рүстем МИҢНЕХАНОВ екі өңірдің автомобиль жасау, ақпараттық технология, мұнай өңдеу салаларында тиімді әріптестік орнатуға болатынын атап өтті. Республика басшылығы өзге де бірлескен жобаларды қолдауға әзір.

– Біз ең алдымен жаңа технологияларды қалай енгізу керек екенін үйренуге келіп отырмыз, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Біз татар кәсіпкерлерін Өскемен мен Семейдің индустриялды аймақтарына, басқа да инновациялық жобаларды іске асыруға, атап айтсақ, су электр стансаларын салуға, Курчатовтағы ғылыми қалашықты құруға атсалысуға шақырамыз.

Шығыс Қазақстанда нақты қандай инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқаны жайында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов баяндады. Татар экономикасының қазіргі жағдайы туралы республика Премьер-министрінің орынбасары Равиль Зарипов мәлім етті. Мұнда мұнай-химия кешені жақсы дамыған, Татарстан өз мұнайының жартысынан астамын өзінде өңдеп, түрлі өнімдер шығарады. Шығыс Қазақстандағы полиэтилен қолданатын кәсіпорындардың барлығы дерлік шикізатты татардың «Қазаноргсинтез» фирмасынан алады.

Татарстан халқының төрттен бірі, шамамен 1 миллион адам ауылдарда тұрады. Міне, сол ауылдықтар бір жылда 2 миллион тонна сүт және 400 мың тонна ет өндіреді екен. Сүттің 1,2 миллион тоннасы қайта өңделеді. Тек сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін ғана Татарстан соңғы жылдары шамамен 50 миллиард рубль қаржы бөлген. Нәтижесі де зор. Мұндай тәжірибені үйрену керек. Сондықтан облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев бастаған топ ары қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінде болды.

Семейге саябақ салып бермек

Тағы бір атап өтерлік жайт, Татарстан – толық газбен қамтылған ел. Татарстанда табиғи орманның аумағы кеміп қалған. Сол себепті, мұнда ағаш өсіру мықтап қолға алыныпты, Еуропадағы ең үлкен орман тәлімбағы – осында. Республикада тіпті ағаш отырғызу күні де бекітілген. «Біз татарстандық әріптестерімізге қарағай мен самырсынның тұқымдарын алып келдік, – дейді «Семей – туған жер» ЖШС-нің директоры Рафаил Хазипов, – келер жылы қарағайдың бір миллион көшетін Семейге алып кетеміз. Бұл жақтың орманшылары өте тәжірибелі, олар біз әкелген самырсынды үлкен аумаққа отырғызбақшы». Бұған жауап ретінде Татарстанның Орман министрлігі Семейге сыйлық жасауды жоспарлап отыр. Олар Семейге саябақ салып бермек.

«Қазцинк» ЖШС-нің вице-президенті Андрей Лазаревті электронды геологиялық барлау жүйесі қызықтырды. Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған балет мектебінің директоры Кәмила Исмаилова да қазандық әріптестерінен қолдау тапты.

Бизнес-форумда облыстық татар мәдени бірлестігінің төрағасы Ғабдулхай Ишмуратов Шығыс Қазақстандағы 20 мың татардың тұрмыс жағдайы жайында әңгіме өрбітті. Облыстың бірқатар мектептерінде татар тілі ана тілі ретінде оқытылады. Көптеген татар ұлттық-мәдени құрылымдары қарқынды жұмыс істеуде.

Делегация ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасы саналатын Қазан Кремліне бас сұқты. Мұндағы Татарстан Республикасы Президентінің резиденциясында Шығыс Қазақстаннан барған делегацияны қабылдау рәсімі өтті.

– Бәрінен бұрын екі ел басшыларының достыққа негізделген қарым-қатынастарының бізге де жоғары үлгі екенін атап өткім келеді. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ біздің республикаға деген ықыласы ерекше. Біздің де Қазақстанда достарымыз, таныстарымыз бен серіктестеріміз баршылық. Қазақстандағы бауырлас татарларға деген жылы қарым-қатынастарыңыз үшін айтар алғысымыз шексіз, – деді Татарстан Президенті Рустам МИҢНЕХАНОВ. – Біздің ел Қазақстан үшін Ресей нарығына өтетін қақпа бола алады. Біз мұнай өндіруде үлкен тәжірибе жинақтағанбыз. Әлемде сіздер айтқан көмірсутек тақтатастарын жоғары үнемділікпен шығару технологиялары бар. Сіздерде жақсы шикізат базасы, ал бізде қайта өңдеу базасы бар. Күш біріктіріп, бір-бірімізді толықтыру екі жаққа да тиімді. Бұл сапарларыңыз қарым-қатынасымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін.

Татарстан Президенті Шығыс Қазақстанда танысуға тұрарлық пайдалы бағдарламалардың көп екенін атап өтті. Бұл сөздің растығын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ пікірі дәлелдей түскендей. Мәселен, мұз модулдері мен айдындар салу Татарстан үшін үлкен маңызға ие. Ал шығысқазақстандықтар мұндай нысандарды әлдеқайда арзанға салуда.

– Бүгін біз сіздерден қарағанда көбірек үйрену үшін келдік. Бірлескен жобалар аз емес. «АвтоВАЗ»-бен бірге жылына 120 мың автокөлік шығаратын толық циклді көлік құрастыру зауытын салып жатырмыз. Титан-магний комбинаты титан балқымалары мен құймалар өндірісін құрып, аяқтауға жақын. Бұл өнімдер Татарстанның авиациялық зауыттарына қажет. Облыс газ бен кен орындарын барлау жұмыстарын жүргізуде. Бұл тұста да «ІТ-Parkтің» жаңа әдістемелері ауадай қажет. Аймағымыздың қатаң климатына 6-8 сағаттық жұмысқа жеткілікті жанармай қоры бар тікұшақтар керек. Бұл бағытта да Татарстан көмек қолын соза алады. Бір сөзбен айтқанда, өзара тиімді істер әлі де болса көп және көбейе түсуі қажет, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Аймақ басшысы қабылдауға қатысушыларды облыста жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру, тірек ауылдар мен шағын шаһарларды дамыту бағдарламаларымен және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту жұмыстарымен таныстырды. Ал облыс Әкімі балабақшамен қамту деңгейі өңірдің кейбір аумақтарында 94 пайызға жеткенін және бұл мәселе жақын арада толықтай шешілетінін тілге тиек еткен кезде Шығыстан үйренер дүние көптігіне көздері жеткенін айтып, бізге келуге ниет білдірушілер табылып жатты.

Абдуллиндердің жүзжылдық мерейтойына
атсалысқысы келеді

Кездесу хаттамасына нақты іс-шаралар енгізілді. Мәселен, татар жағы ағайынды Абдуллиндердің жүзжылдық мерейтойына қатысуға құлықты. Келер жазда Татарстаннан біздің өңірге ресми делегация келмек.

Қабылдаудан кейін өткен баспасөз конференциясында Татарстан журналистері облыс Әкіміне татар тілінде де сауалдар қойып жатты. Мұндай сұрақтарға қазақ тілінде берілген жауаптар барлығына бірдей түсінікті болғанын айтпай болмас.

– Біз бұл сапардан көптеген қызықты және үйренуге тұрарлық дүниелер көріп үлгердік. Бірлескен жобаларды айқындадық. Біздің іскер азаматтар татар әріптестерімен жұмыс істеуде. Сапар қорытындысы бойынша Қазандағы делегация жұмысы мейлінше нәтижелі болып, екі ел экономикасына жаңа қарқын беруіне әсер ететін шешімдер қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Татарстан басшысының да Қазақстан журналистерінің сұрақтарына берген жауаптары есте қаларлықтай шықты.

Облыс Әкімі Татарстан Республикасының мемлекеттік кеңесінде болып, пікірлер кітабына қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ, ол Қазан мемлекеттік университетінің жұмысымен танысты. Облыстан барған делегация осындағы тікұшақ зауытында болып, бірқатар іскерлік келіссөздер жүргізді. Татарстан Республикасы халықтарының Достық үйінде қазақ диаспорасымен кездесу өтті.

– Әр адам қай жерде жүрсе де, өз ұлтын ұмытпауы тиіс, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Қазанда қазақ мәдени орталығының болуы көп нәрсені аңғартады. Сіздер өз тілдеріңізді, салт-дәстүрлеріңізді сақтап келесіздер. Делегация атынан республика басшылығына мұндағы қазақтардың ұлттық болмысын сақтауға жағдай жасағандары үшін алғыс айтамын. Татар орталықтары біздің облыста еркін жұмыс істеуде.

Диаспора өкілдері де өз ұсыныстарын жеткізді. Катонқарағайлық жерлесіміз Еркежан Сәрсенбаев Өскеменде осындағы өзі жетекшілік ететін каскадерлар мектебінің филиалын ашу туралы арманын ортаға салды.

Мемлекеттік филармонияда біздің облыс өнерпаздарының концерті өтті. Ал филармонияның холында өлкеміз туралы фотокөрме қойылды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button