Балық шаруашылығы

Басым бағыттың бірі

 Балық өсіру ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың басты бағыттарының бірі болып саналады. Бұл осы істе әлеуеті зор Шығыс өңірінде тіптен қолға алынатын шаруа екені рас. Осы орайда, арнайы шеберлік-жоспар дайындаған облыс басшылығы алдағы 10 жылда жыл сайын кем дегенде төрт мың тонна тауарлы балық өсіруді көздеп отыр.

Биыл ел Үкіметі балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Атап айтсақ, 2030 жылға қарай облыста жыл сайын кем дегенде төрт мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша су қоймалары мен кәсіпорындардың әлеуетін зерттеу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бастаған жұмыс тобы аудандарды аралауда.

Жұмыс тобы бұған дейін Көкпекті және Күршім аудандарында болып, «Рыбпром», «Кузмич» және «Төре тоғам» сияқты балық өңдеу кәсіпорындарын аралап қайтты. Аталған компанияларда экспорттық балық өнімдерінің кең ассортименті бар әрі өндірілетін шикізат та жетерлік.

Бүгінгі күні балық ресурстарының өсімін молайту орталығы көл шаруашылығымен вертикальды әдіспен біріктірілген «Төре тоғам» кәсіпорнының базасында өңдеуге арналған балық өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар оларда шабақ өсіру көлемі де ұлғаюда. Өткен жылы Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы өткен жылы 4,5 млн. дана балық шабақтарын өсірді.

Сондай-ақ Зайсан көлінің Күршім ауданы жағындағы жағалауында орналасқан балықшы ауылдардың тұрғындарымен кездесу өткізілді. Жергілікті балықшылар балық аулаудағы қазіргі мәселелер туралы хабардар етіп, балық шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

Одан әрі су қоймалар мен кәсіпорындардың әлеуетін зерделеу жұмыстары Тарбағатай ауданында жалғасын тапты. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары тұщы су балығын аулаумен және балық өңдеумен айналысатын «Байтоғас» ӘКК  шаруашылығының жұмысымен танысты. Мұнда балықтың 7 түрі өсіріледі, жылдық лимит 810 тоннаны құрайды, ал өңделген өнім Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейге экспортталады. Кәсіпорынның атқарушы директоры Болатхан Асылхановтың айтуынша, балық шаруашылығының болашағы – аквамәдениетпен, яғни, балықты жасанды жолмен өсіру болып табылатын көрінеді.

– Біз мұны дер уақытында түсініп, 2018 жылы алғашқылардың бірі болып форель өсіруді қолға алдық, – дейді Болатхан Асылханов. – «Шығысуниверсал» шаруашылығымен ынтымақтастық орнатылған. Балық шаруашылығы субъектілерін дамытуға сәйкес біз жылына 50 тонна форель өсіреміз. Балық бөлшектеп өңделеді және Қазақстан бойынша, сондай-ақ Ресейдің Димитровград қаласында сатылады.

Шығыс Қазақстанда бағалы балық түрлерін жасанды өсіру бағыты бойынша үш жобаның сәтті жүзеге асырылғанын айта кету керек. Олардың «Шығысуниверсал» ЖШС және «ГрандФиш» ЖШС сияқты екеуі форель өсірумен айналысса, «OstFish» ЖШС бекіре балығын көбейтуде.

Бұдан бөлек, Ержан Нұрбаев «Ұлтарақ» ЖШС кәсіпорнының, Зайсан балықшылары кәсіпшілік шаруашылығының, «Дигам» ЖШС жұмысшыларымен кездесіп, балықшылармен аквамәдениет, тауарлы балықты көлде өсіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Қарабұлақ балық зауытына да ат басын бұрды.

– Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанда аквакультураны дамытуды тапсырды. Шығыс өңірінің бұл үшін әлеуеті зор, бізде өзен-көлдер өте көп. Осы себепті, мүмкіндіктер мен проблемалық мәселелерді зерттеу мақсатында осындай іс-сапарларды ұйымдастырып отырмыз, – деп атап өтті Ержан Нұрбаев. – Балықшылармен, балықты қайта өңдеушілермен кездесеміз. Қарабұлақта балық өңдейтін бірегей зауыт бар. Біздің негізгі міндетіміз – оны іске қосу, шикізат болуы үшін учаске беру, сонымен қатар зауыттың квотасы бар балықшылармен байланысын күшейту үшін кооперация құруды ынталандыру.

Оның айтуынша, қазір облыста шеберлік жоспар әзірленген. Жоспар аясында 2030 жылға қарай кем дегенде 4 мың тонна тауарлы балық, оның ішінде 3,6 мың тонна форель өсіру жоспарлануда.

– Өткен жылы өңірде 260 тонна форель мен 12 тонна бекіре өсірілді. Биыл жыл соңына қарай 300 тоннаға жуық форель және 20 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық өсіріледі. Жоспарды орындау үшін біз балық өсіретін торларды көбейтіп, инвесторлар тарту үшін адамдарға бос телімдерді таратуымыз керек. Бізде аквамәдениетті дамыту үшін бәрі бар. Зайсан көлінде сұранысы жоғары көл балығы бар. Тұрғындардың да балық сатудағы тәжірибесі мол. Біздің көксерке Дания, Германия, Латвия елдерінде сұранысқа ие. Бұл ретте өндірісте барлық стандарттар сақталады. Мен балық өнеркәсібін дамыту жөніндегі жоспарды табысты іске асыратынымызға сенімдімін. Тек кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсету керек, – деп түйіндеді Ержан Нұрбаев.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button