Саясат

Басым бағыттар айқындалды       

Шұғыла Кенжина, Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің гуманитарлық факультет деканының орынбасары:

  • Білім мен тәрбие саласында жүрген маман ретінде Президент Жолдауын асыға күтіп, тыңдап шықтым. Қасым-Жомарт Тоқаев карантин жағдайындағы елдің дағдарыстан кейінгі дамуының басты бағыттарын айқындады. Президент сөзінің едәуір бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды. Қазақстан Президенті білім алудың қалыпатасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеуді тапсырды.

«Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күні-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», – деді Мемлекет басшысы. Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдер мен сыныптастармен араласудың орны бөлек. «Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыпатасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балалар қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек», – деп атап көрсетті Президент.

Мұхтар Төлеген, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры:

  • Экономистерді, заңгерлерді, экологтарды даярлайтын біздің көпсалалы жоғары оқу орнымыз үшін ел Президенті жүктеген экономиканы, бюджеттік саясатты және құқық қорғау жүйесін реформалауға, қоршаған ортаны қорғауға қатысты тапсырмалар өте маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық бағыты негізделуі тиіс жеті қағидатты, оның ішінде адами капиталды дамыту мен жаңа үлгідегі білім беруге инвестициялар тартуды ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа экономикалық саясат қағидаттарының ішіне игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу, жеке кәсіпкерлік, адал бәсекелестік, кәсіпкерлердің жас буыны үшін жаңа нарықтарды ашу, өнімділіктің өсуі және экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру, жасыл экономика мен қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және сол шешімдер үшін қоғам алдындағы жауапкершілігі сынды бағыттар еніп отыр.

Бүгінде біз мемлекеттің негізін қалаушы қағидатын – заңдылық пен конституциялық құқықтардың сақталуын қолдаймыз, сондықтан ел Президентінің өкілеттіктерді нақты бөле отырып, жаңа құқық қорғау моделін енгізу туралы ұсынысы, яғни полиция – прокурор – сот моделі азаматтардың сұраныстарына жауап беріп, олардың мүдделері мен ұмтылыстарын ескеруі тиіс деп санаймын.

Бұдан басқа, ел Президентінің мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, жаңа бюджеттік саясат туралы, стратегиялық жоспарлау және Президентке тікелей бағынатын реформалар жөніндегі жаңа агенттік құру туралы, азаматтардың реформаларға бастамашылық жасауы үшін бірыңғай онлайн-петиция институтын құру туралы, мәслихаттарға қол жинау құқығын беру, өңірлерді дамыту және жергілікті проблемаларды шешу жөнінде петиция жасау, салық және кеден салаларын цифрландыру туралы, елдің әлеуметтік кодексін әзірлеу туралы, саяси реформалар, оның ішінде ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамалары аса маңызды екенін атап өткім келеді.

Президент Жолдауындағы мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы тапсырмасы ұстаздар қауымын қуантып отыр, бұл «Педагог мәртебесі туралы» заңды табысты іске асыруға мүмкіндік бермек, соның арқасында жоғары оқу орындарының педагогикалық кадрларды даярлау жүйесі де жаңғыртылуда.

Жиенбол Старшинайұлы, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, «Найман» шаруа қожалығының басшысы:

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған  Жолдауының маңызы ерекше деп еспетеймін. Жылдың басты құжатында халықтың әл-ауқатын  арттыруға  басымдық берілді. Білім беру, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі  жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері қамтылды. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес, деді Президент. Сонымен қатар бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Сондықтан шалғай ауданда биыл   егіс алқаптарын мемлекеттік қолдаудың  нәтижесінде  68,5 мың гектарға жеткізген   сияқты  шаруашылық иелеріне  осы Жолдау   үлкен үміт сыйлайды.  Сонымен қатар  вертикальды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал, деп Президенттің айтқаны қуантады. Себебі, ауылдағы  жеке шаруашылықтарында мал өсіріп, жеміс-жидек өңдіріп отырған ауыл тұрғындарына бұл қосымша  табыс табуға  мүмкіндік береді. Сонымен қатар кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға сеп болады.  Президент Жолдауда  ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан екенін,  ал  табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады деп накты атап өтті. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны  ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет екеніне ерекше назар аударғаны да біз сияқты шаруалардың жұмысын одан ары дамытудың кезекті қолдауы деп есептеймін.  Президент Жолдауда  – жеріміз шетелдіктерге сатылмайды деді. Жалпы, өзім агроном, шаруашылықтың басшысы ретінде бұл өте дурыс шешім деп ойлаймын.

Осы айдарда

Back to top button