Саясат

Бастауыш ұйымдардың бағыты айқын

Кеше Өскеменге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ осы партияның облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге жергілікті жердегі нұротандықтардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, қолға алынған бірқатар игілікті істердің куәсі болды.

Бастауыш ұйымдардың бағыты айқынМемлекет басшысының алға қойып отырған мақсат-міндеттері, сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысы, билік партиясының келешекте жүзеге асыратын іс-жоспарлары және басқа да өзекті мәселелер Өскемендегі «Алтай» технопаркінде өткен партияның облыстық активімен кездесуінде жан-жақты талқыланды.

Жиында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстанның өткен тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің ойдағыдай екенін, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақты, барлық мақсаттар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың денсаулықтарын қорғауға, білім-ғылымды жетілдіруге, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендетуге, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып жатқанын қысқаша айтып өтті.

– «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіндегі ең алғашқы жұмыс сапарын Шығыстан бастап отырғаны үшін Бақытжан Әбдірұлына алғыс айтамыз. Бұл біз үшін бір жағынан үлкен мәртебе, зор жауапкершілік пен сенім десек, екіншіден, өңірдегі партиялық ұйымдардың ел экономикасын ілгері бастыруда, жалпы «Нұр Отанның» халық алдындағы беделін көтере түсуде айтарлықтай үлес қосып отырғанын білдіреді, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Президент жүктеген міндеттердің барлығы бүгінде өз шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті.

Әсіресе, халықты жұмыспен қамту арқылы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеу, адамдардың тұрмыс жағдайын көтеру сынды бірінші кезектегі мәселелер атқарушы билік пен «Нұр Отан» партиясының назарынан тыс қалмайтынын ескертті облыс Әкімі.

Ал «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Елбасы біздің алдымызға әлеуметтік жаңғырту стратегиясын іске асыру бойынша үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл біздің партия үшін маңызды емтихан болмақ. Оны жоғары деңгейде орындауға бар күшімізді салуымыз керек. Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы бағдарлама 16 аймақтық филиалда, 6 310 бастауыш партия ұйымы мен партияның мәслихаттағы барлық фракцияларында, саяси бюро отырыстарында кеңінен талқыланды. Ендігі мақсат – бағдарламаның жүзеге асуы, – деп түсіндірді.

Табиғи және өндірістік байлықтарға толы біздің өңірде «Нұр Отанның» ең үлкен бастауыш партия ұйымы бар, оның құрамы 70 мың адамнан асып жығылады. Сонымен қатар сөз арасында Бақытжан САҒЫНТАЕВ облыс аумағындағы 5 мыңға тарта жұмыссыздың шамамен 18 пайыздайы «нұротандық» екенін айта келе осы түйткілді назарға алуды тапсырды. Оған қоса партия қатарына тың идеялардың иесі саналған жастарды көбірек тартуды, олардың белсенділігін арттыру қажеттігін еске салды.

Бұл кездесуде сондай-ақ, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі Нұржан Түсіпова, «Азаматтық Альянс» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Олег Чернышов және басқалары сөз кезегін алып, ой-пікірлерін ортаға салды.

«Нұр Отанның» облыстық филиалы орналасқан ғимаратты аралап көрген соң партия Төрағасының бірінші орынбасары Өскеменнің экологиялық таза аумағында жаңадан бой көтеріп келе жатқан 19-шы тұрғын ықшамауданына ат басын тіреді. Ол жерде мәртебелі мейманға 24 гектар аумаққа жоспарланып, құрылысы басталып кеткен үлкен бір қалашықтың жобасы таныстырылды. Қан орталығы, балабақша, мектеп, жас мамандарға арналған жатақхана сияқты әлеуметтік нысандармен қатар 19-шы ықшамауданда Үкіметтен қаражат берілетін болса, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша және басқа да жолдармен көптеген тұрғын үйлер салынбақшы. Бұған қажетті жер телімдері бөлініп қойыпты.

Облыс Әкімінің сөзіне қарағанда, 2015 жылға дейін осы ауданда кем дегенде 20 мың адам тұруі тиіс. Бүгінгі таңда мемлекет қаржысына істелетін жол, жарықтандыру, кәріз, жылу, су құбырларын тарту тәрізді жұмыстар аяқталуға жақын қалыпты. Сол сияқты кәсіпкерлер үшін жаңа ауданда арнайы жер телімдері қарастырылып, әртүрлі бағытта қызмет көрсететін жекеменшік нысандар салуға да барлық мүмкіндік туғызылған. Ал қайнаған құрылыстың басы-қасында болып, бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын, жұмыстың сапалы орындалуын қалт жібермей қадағалап жүрген «Нұр Отан» партиясының бақылау бекеттері өздеріне артылған міндетті абыроймен атқаруда.

Бұдан кейін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның ақпараттық-көрме залында партияның «Өндірістік кәсіпорын» бастауыш ұйымының есептік сайлау жиынына қатысып, металлургияның ауыр жүгін арқалап жүрген өндірісшілермен кездесті. Айта кету керек, біздің облыста индустриаландыру бағытында 600 миллиардттан асатын сомаға шақталған 39 жоба бар десек, осылардың бүгінде 22-сі іске асырылған.

Металлургтер алдына шығып сөйлеген Бақытжан САҒЫНТАЕВ сөз арасында еліміздің дамуында маңызды орын алатын үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын тиімді орындау мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктеп, бұл орайда ұжымдардағы бастауыш партия ұйымдарының рөлі жоғары екендігін еске салды.

Секисовканың гүлденуіне үлес қосып отыр

Кәсіпорын қабырғасында ұйымдастырылған келелі жиыннан кейінгі мәртебелі меймандар тоқтаған келесі нысан Глубокое ауданына қарасты Секисовка ауылы болды. Онда тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай бірқатар шаруалар атқарылыпты. Бағдарламаның баянды іске асуына жергілікті жердегі «Секисовка» тау-кен кәсіпорынының қосқан үлесі аз емес көрінеді.

– Кен өндіру жобасы 2020 жылға дейін жоспарланған. Мұндағы жалпы қордаланған алтын қоры шамамен 20 мың тоннаға жуық. 2014-15 жылдарға дейін 6 мың тоннадай кенді ашық әдіспен, яғни, карьерден өндірсек, қалғаны шахталық әдіспен шығарылады. Ол үшін барлық жағдай қарастырылған. 2020 жылдан кейін өндіруші шетелдік компаниямен қайта келісімшарт жасалып, жұмыс жалғасатын болады, – деп нақтылаған «Секисовка» тау-кен кәсіпорыны директорының орынбасары Георгий Дудукалов кәсіпорын қазба байлық өндіріп қана қоймай ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге де қол ұшын беретінін айтты.

Соның бір дәлелі – ауылда жаңадан ашылған спорттық нысан. Жастардың спортпен айналысуына қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи үлгідегі нысанды аралап, өз бағасын берген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ кішкентай бүлдіршіндерге арнап салынған тамаша ойын алаңын да тамашалады.

«Секисовка» кәсіпорнының әкімшілік ғимаратына жиналған партияның бастауыш ұйымы мүшелері жоғары лауазымды әріптестеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен, оларды мазалайтын бір ғана сұрақ бар, ол – өндіріс орнының жабылып қалмауы. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың күзінде аталмыш кәсіпорынға қарасты аумақта улы сұйықтық төгіліп, табиғатқа зиян келгендігі жайында шу көтерілген-ді. Арнайы жүргізілген тексеру жұмыстары нәтижесінде орын алған апаттық жағдай тез арада қалпына келтіріліп, экологиялық зардаптар жойылғанымен әлі күнге дейін бұл істің соңына нүкте қойылмаған жайы бар екен. Дәлірек айтсақ, салынып отырған экологиялық айыппұлдың мөлшері тым көп, оны төлеуге кәсіпорын қауқарсыз.

– Дәл бүгін сіздердің кәсіпорындарыңызды ешкім жауып тастамайды. Дегенмен адам өміріне қауіп төндіретін жағдай орын алған соң бәрін мұқият тексеріп, тиісті орындардың сараптама жүргізулері заңды. Осы сараптаманың қорытындысына сәйкес шешім қабылданады. Егер шынымен де апаттық жағдайдың салдары түбегейлі жойылып, қоршаған ортаға зиян келмесе қорқудың қажеті жоқ, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жұмыс сапарының соңында делегат құрамы Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың №2 жатақханасына тоқтап, «инемен құдық қазған» студенттердің тіршілік-тынысын көзбен көрді. Заманауи үлгіде жөнделген жатақхананы көрген адамның көзі тоятындай-ақ екен, ол жерде студенттің қапысыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Кездесу барысында университет жастары дәл осындай жатақханалар тағы да салынса деген тілектерін айтты.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button