Журналистік зерттеу

Балық қоры неге азайып кетті?

Балық қоры неге азайып кетті?

Табиғат өңірімізге балығы тайдай тулаған өзен-көлдерді аямай сыйлаған. Қазір бізде 80-нен астам көл мен өзен бар екен. Соның жартысынан астамында балықтың түр-түрі өсірілуде. Алайда, соңғы бірнеше жылда Зайсан-Ертіс су бассейніндегі балық қоры екі есеге азайған. Балықтың көзі суық қолды, жаны ашымастардың кесірінен құртылып жатыр. Бұл мәселе облыстық прокуратура қызметкерлерінің назарынан шыққан емес. Өткен жылы прокуратураның алқа жиынында облыстағы өзен-көлдерде балықтың азайып бара жатқаны, оны қорғаумен айналысатын тиісті органдардың нашар жұмыс істейтіні сын тезіне алынғанымен, жағдай күрделілене түскен.

Көксерке 6,9 миллион данаға кеміген

Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісіне құқық қорғау, балық өсірумен және оны қорғаумен айналысатын тиісті мекемелер басшылары қатысты. Облыстық табиғат қорғау прокуроры Бақытжан Ізғұтдиновтың баяндамасын тыңдағанымызда, жағамызды ұстадық. Шынында да, Зайсан-Ертіс су бассейніндегі қазіргі жағдай алаңдатарлық екен. Бір ғана мысал. «ҚазНИИРХ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алтай филиалы мамандарының зерттеулері бойынша, соңғы бес жылда аса бағалы көксерке балығы 14,2 миллион данадан 6,9 миллион данаға кеміп кеткен. Көксерке – ТМД елдері бойынша Ресейдің екі өңірінде ғана, содан соң Шығыстың Зайсан көлінде ғана өсетін аса бағалы байлық. Өкінішке қарай, браконьерлер мен пысықайлардың жымысқы әрекеттері салдарынан көксерке Қытайға да, Ресейге де тоқтаусыз жөнелтіліп жатты. Тіпті, өткен жылы прокуратура қызметкерлерінің қырағылығы нәтижесінде Тарбағатай ауданындағы бір ауылдық округтің әкімі қылмыстық топ құрып, балықты Қытай мен Ресейге заңсыз саудалап келгені анықталған. Оның мемлекетке келтірген зияны жүздеген миллион теңгеден асып жығылған. Алайда, жылпос әкім табанын жалтыратып үлгерген, қазір оны іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Ол ол ма, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасындағы табан балық, басқа да балық түрлері екі есе, одан көп көрсеткішке құрып кеткен. Ал осы табиғат байлығын көздің қарашығындай қорғайтын балық инспекторлары мен балық аулаумен шұғылданатын үш-төрт ауданның өзен-көлдердегі балықты ұрлаушылармен күрес жүргізетін полиция қызметкерлері қайда қарап отыр, өз жұмыстарына неге салғырт қарайды дегенге келсек, оған жауапты облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов берді.

Инспекторлар браконьерлермен ауыз жаласып алған ба?

Балық қоры неге азайып кетті?

– Бұл не деген масқара? Полиция және балық инспекторларының жұмысын прокуратура немесе ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері атқарып отырғаны қалай? Бір ғана мысал. Өткен жылы прокуратура қызметкерлері полициямен салыстырғанда браконьерлерді ауыздықтауда ондаған есе артық көрсеткішке қол жеткізген. Сонда олар өз қызметтерін бізге жүктеген бе деген заңды сауал туады. Мәселен, Күршім, Тарбағатай және Көкпекті аудандарындағы полиция инспекторлары балық ұрлаушылармен ауыз жаласып алған ба деген ой келеді. Әйтпесе, тарбағатайлық полиция инспекторлары он айда небәрі 688 келі балықты тәркілесе, Күршім ауданындағы төрт полиция қызметкерінің әрқайсысы бір айда бір-екі келі балық ұрлағандарға хаттама толтырған. Сонда қолды болып жатқан мыңдаған тонна табиғат байлығына кім жауап берер екен?
Облыстық табиғат қорғау прокуроры Бақытжан Ізғұтдиновтың айтуынша, балықты қынадай қыратын Қытайдан заңсыз әкелінетін ау құралдарын браконьерлерден тартып алуда да құқық қорғау органдары мен тиісті мекеме басшылары еш әрекет жасамай отырған сыңайлы. Ал керісінше, прокуратура қызметкерлері ұзындығы 50 шақырым болатын ауды құрықтап, заңсыз балық аулағандарға шара қолданған. Осы орайда, балық инспекторлары, аудан және ауылдық округ әкімдері өз істеріне неге немқұрайлы қарайды деген ой туады. Тек өткен жылы ғана заңсыз ауланған 130 тонна балық тәркіленсе, 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 22 мың тоннадан асып түскен. Жиында ауланған балық қорын толтыру мақсатында ұсақ майшабақтарды көлге жіберу жұмысының нашар жүргізіліп отырғаны да сөз болды. Мәселен, «Төре-Тағам» серіктестігі он айда 1328 тонна балық аулаған. Ал көлге небәрі 523 мың дана майшабақ жіберілген. «Дигам» және «Зайсан балықшылары» серіктестіктері де балық қорын көбейтуге көңіл бөлмей отыр.
Балық – тіршілік көзі. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», деп тегін айтылмаса керек. Облыс прокуроры өткен жылы Тарбағатай ауданындағы Тұғыл, Байтоғас, Қабанбай, Шорға, Күршім ауданындағы Аманат, Жолнұсқау, Шеңгелді ауылдарын аралап, ондағы тұрғындардың балықпен күн көріп отырғанына көз жеткізген.
– Тиісті рұқсат (лицензия) алып, пайда тауып, қазынаға да қаржы аударып, балық аулап отырғандар саусақпен санарлық, ал браконьерлік жасау арқылы пайда тауып отырғандар қатарының көбейгеніне көз жеткізген соң, мораторий жариялау туралы ой келгені шындық, – дейді облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов. – Алайда олай етсек, көл жағалап, тіршілік жасап отырған ондаған мың адамның күнкөрістері нашарлап кететіні белгілі. Ауыл адамдарымен кездесуде заң аясынан шықпай, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, лицензия сатып алып, балық аулау жөнінде ақыл-кеңес бердік. Осы орайда, мына бір жайға тоқтала кеткен жөн сияқты. Кездесу кезінде тұрғындар жергілікті жерде жұмыс табудың ауыр екенін тілге тиек етті. Ол рас шығар, бірақ жұмыс мүлдем жоқ дегенмен келісе алмаймын. Мәселен, Күршімде «Өскемен-құрылыс» деген үлкен мекеме бар. Тәжірибелі, өз ісінің білгірі Ержан Сқақов басқаратын фирма өңірдегі ірі құрылыс ғимараттарын салумен шұғылданады. Қазіргі таңда аталмыш компанияға 124 сыршы, сылақшы, кірпіш қалаушы, тракторшы, басқа мамандықтағы жұмысшылар қажет. Олардың жалақысы – 90-120 мың теңге. Іргеде тұрған құрылыс ұжымы жұмысшыларға зәру болғандықтан, оларды қабылдауға қарсы емес. Алайда, соңғы төрт жылда көл жағасындағы ауылдардың бірде-бір тұрғыны жұмысқа орналасуды қажет деп таппаған. Тарбағатай ауданындағы «ПМК-Құрылыс» серіктестігіне 12 мамандық бойынша 69 жұмысшы керек. Алайда, соңғы бес жылда Шорға және Байтоғас ауылдарынан бірде-бір адам құрылысшы мамандығына қызықпаған. Демек ауыр жұмыстан бой тасалап, жеңіл жолмен пайда табудың тиімді болғаны ғой. Қабанбай ауылынан 14 адам өткен жылы құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасыпты. Ал Тұғыл ауылынан небәрі 4 адам 2012 жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді.
Заңсыз балық аулап, оларды сақтайтын тоңазытқыштарды тексеруде төтенше жағдайлар, СЭС ГАСКО мекемелері де ешқандай әрекет жасамай отыр. Мамандардың айтуынша, бұл күндері Күршімде – 49, Көкпектіде – 15, Тарбағатайда 21 балық өңдейтін цех пен ірі-ірі тоңазытқыштар тіркелген. Ал осы цехтарды тексеріп, ондағы сақталатын балық қандай жолмен ауланған, салығы төленген бе, бюджетке қанша қаржы аударған деген мәселемен аты аталған мекеме қызметкерлері шұғылданбайтын сияқты. Яғни, мұнда да ұйымдасқан қылмыстың иісі аңқып тұр. Облыс прокуроры аудандық әкімдіктегі балыққа жауап беретін адамдардың, ауылдық округ әкімдері, аудандық ішкі істер бөлімдері басшыларының табиғат байлығын қорғауға немқұрайлы қарап отырғанына бұдан әрі төзбейтінін айтып, олардың өз қызметтеріне лайық па деген сауалды облыстық әкімдік, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларына жолдайтынын хабарлады. Жиында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, балық инспекциясы, басқа да мекеме басшылары есеп берді. Облыс прокуроры алдағы уақытта олардың жұмысты ширата түсулерін талап етіп, бұл мәселе алдағы уақытта да назарда болады деп ескертті.

Оңдасын Елубай,
облыстық прокуратура жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі.

Осы айдарда

Back to top button