Балаларға қосымша екпе жүргізіледі
Қазақстанда қызылша ауруы қарқынды таралып жатыр. Әсіресе екі ірі қала мен екі облыста жағдай күрделі. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асып кеткен, деп жазады Didar ақпарат тілшісі.
Жалпы, сыртқанттанған адамдардың 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85 пайызы екпе алмаған. Сондықтан екпе салуды ширату бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Ауруды ауыздықтау үшін Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері 6 айдан 11 айға дейінгі сәбилерге және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға қосымша екпе салу туралы шешім қабылдады, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Бірінші вице-министр қызылша ауруының таралуы Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент пен Алматы қалаларында айтарлықтай өсіп кеткенін айтты. Аталған ірі қалаларда қазір жағдай күрделі.
Қызылша ауруының таралуы барша әлемде байқалып отыр. Негізгі себептердің бірі – коронавирусқа қарсы іс-шаралар кезінде вакцинацияның жүргізілмеуі. Еліміздің аталған өңірлерінде халық тығыз орналасқан және сәйкесінше бала туу көрсеткіші де жоғары. Тұрғындар санының көп болуына байланысты ондағы ауруды жұқтырғандар санының артқанын байқауға болады”, – деді вице-министр.
Еске сала кетейік, осыған дейін мелмекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова қызылша ауруы Қазақстанның барлық өңірлерінде тіркелгенін мәлімдеген болатын.
Didar ақпарат