Білім

Бірде-бір оқушы компьютерсіз қалмайды

      Облыстағы компьютерлік техникаға зәру оқушылардың барлығы 15 қыркүйекке дейін ресурстармен толық қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа республикалық резервтен 4 миллиард теңгеден  астам қаражат бөлінген. Қазір өңірге техниканың алғашқы партиясы келіп жетті.

«Antikor Ortalygy» кеңсесінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова компьютерлік техниканың балаларға қалай бөлінетіні туралы жан-жақты баяндап берді.

– Компьютерлік техниканың бөлінуінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында «Шығыс – адалдық  алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, Nur Otan партиясы филиалының төрағасы және облыстық мәслихат хатшысы, қоғам белсенділері, білім беру мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары бар. Жұмыс тобының алғашқы отырысында бес тасымалдаушының ішінен біздің талаптарымызға сай келетін бір тасымалдаушы таңдап алынды. Келісімшарт бойынша ол он бесінші қыркүйеккке дейін техниканы толық жеткізуге тиіс, – деді брифингте Сайрангүл Жұмаділова.

Сала басшысының айтуынша, басқарма мамандары, аудандық білім бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен оқушылардың техникамен қамтылуына мониторинг жүргізіліпті.

– Қазір компьютерлік техникаға зәру 23 мыңнан астам баланың тізімі жасалды. Бірақ дәл қазір олар техникасыз отыр деген сөз емес. Олар мектептің компьютерлерін пайдаланып жүр. Он бесінші қыркүйекке дейін олардың барлығы да қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі. Ең алдымен әлеуметтік осал топтар – көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен жанұялардың балаларына, ерекше қажеттілігі бар оқушылар мен үздік оқитын балаларға беріледі. Әр техникаға инвентарлық нөмір мен баланың аты-жөні бекітіледі. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 26 509 техника сатып алынады, оның ішінде компьютер, планшет және ноутбук бар. Қазірдің өзінде алғашқы 550 техника жеткізілді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Келіп жеткен компьютерлік техниканың техникалық сипаттамаға сәйкестігін тексеру үшін облыстың ең үздік IT-технология мамандары тартылмақ. Ол үшін басқарма тарапынан облыстағы екі жетекші мемлекеттік университет пен жекеменшік ҚАЕУ және технологиялар орталығына хат жолданған.

– Бізде техникаға мұқтаж барлық балаларды қамтамасыз еткеннен кейін тағы үш мыңдай техника артық қалады. Оларды компьютерлік базасы бес жылдан бері жаңартылмаған аудандық мектептерге таратамыз. Техника мектепте сақталады, ата-аналардан өтініш түскен жағдайда балаларға пайдалануға беріледі, – деп толықтырды басқарма басшысы.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахытқызы бюджеттік қаражатқа сатып алынған техниканың әділ және ашық бөлінуіне қоғамдық бақылаудың қатаң болатынын ескертті.

– Облыстық білім басқармасы тарапынан өте ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Компьютерлердің техникалық сипаттамасын тексеру де оңай жұмыс емес. Егер сәйкес келмей жатса, оны кері қайтарамыз. Оқушылардың сапалы техникамен ашық қамтамасыз етілуі біздің қатаң бақылауымызда болады, – деп сендірді Маржан Бахытқызы.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button