Облыс әкімі: іссапар

Бұл орталық ғылыми мекеме болады

 Облыс орталығында оңды істер көптеп атқарылып жатыр. Биылдың өзінде ғана қалада 55 аула абаттандырылып, бұрын үш ауысыммен оқып келген Ахмер ауылының оқушыларына жаңа мектеп салынды. Қазан айының соңына қарай Пульмонология орталығы іске қосылатын болады.

Осынау жұмыстардың орындалуын облыс әкімі Даниал Ахметов тексеріп қайтты. Бұл жөнінде өңір басшысы өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Пульмонология орталығының құрылысы аяқталуға шақ қалды. Құрылысшылардың жоғары жауапкершілігі қуантады. Барлығы қазан айының соңына дейін нысан іске қосылуы тиіс екенін жақсы түсінеді. Оның үстіне орталықты жабдықтау үшін біз заманауи және қажетті жабдықтарды сатып алдық. Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына 5 300 инфекциялық және провизорлық төсек-орын, бес ПТР зертхана дайындалды. Зертхананың әрқайсысы күніне мың талдау жасауға әлеуетті. Қосымша үш компьютерлік томограф сатып алынды. Пандемиядан кейін пульмонология орталығы тек емдеу емес, сонымен қатар тыныс алу аурулары бар науқастар үшін ең озық медициналық технологиялар қолданылатын ғылыми мекеме болады», деп жазды облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы осы жылы қалада 55 аула жөнделгенін атап өтті. Заманауи үлгіде абаттандырылған бұл аулаларда арнайы жабыны бар балалардың ойын және спорт алаңдары орнатылып, көлік тұрақтары жасалды. Ал 19 шағын ауданда салынған жаңа аллея тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Жуықта ол жерде даңқты жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсеновке ескерткіш орнатылады.

Аталған шағын аудандағы негізгі құрылыс нысаны – гематология орталығы. Орталықтың қызметіне қан ауруларын диагностикалау және емдеумен қатар қан ауруларының алдын алу мен гематологиялық науқастарды оңалту да кіреді.

Бүгінгідей ақпараттық технология алға озған заманда өскемендік оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатыр. Аймақ басшысының айтуынша, бұл ретте «Zerek» креативті білім беру орталығының қызметін ерекше атап айтуға болады. Аталған мекемедегі заманауи жабдықтар балалардың IT технология тілін терең меңгеруіне және бәсекеге қабілетті болуына барынша мүмкіндік береді. Мұнда креативті көзқарасы бар жас оқытушылар жұмыс істейді.

Бұрын үш ауысыммен оқып келген Ахмер ауылындағы мектеп оқушылары енді жайлы жағдайда білім алатын болды. Оған ауылда жаңа білім ордасының салынуы мүмкіндік беріп отыр.

«Ахмер ауылындағы жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін шешті. Ескі білім шаңырағында балалар үш ауысымда оқыған еді. Мұнда кең кабинеттер, акт залы, асхана, спортзал бар. Жалпы Өскеменде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Жақын арада тағы да екі жаңа балабақша балаларға өз есігін айқара ашады», деп жазды аймақ басшысы желідегі жеке парақшасында.

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button