Саясат

Қазынаның қаржысын оңды-солды шашуға жол берілмейді

Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда «Мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы» мәселе қаралды. Мәжілісте құзырлы органдардың жетекшілері күн тәртібіндегі мәселеге орай баяндама жасады.

Қазынаның қаржысын оңды-солды шашуға жол берілмейдіОблыс аумағында орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың жайына тоқталған облыс Әкімі негізінен мұндай қылмыстарға түрлі деңгейдегі конкурстарды өткізу кезінде көптеп жол берілетіндігіне тоқталды.

Баяндамашылардың мәліметтерінен байқағанымыздай, заң бұзушылықтың дені құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, білім беру және денсаулық сақтау салаларында анықталған.

Облыстық қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ләлиза Кенжетаеваның ақпаратына сүйенер болсақ, 2012 жылы 620 конкурс өткізу жоспарланыпты. Қазіргі кезде соның 528-і өткізілсе, 27-ісі таяу уақыттарда өткізілмек. Тағы 48 конкурстың қорытындысы шығарылуда, жобалық-сметалық құжаттарына мемлекеттік сараптама қорытындысын уақытында алмауына байланысты 17 конкурс мүлде өткізілмей қалған.

Мәжілісте Қаржылық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы қаржылық бақылау инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Тілеужан Ахметбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржылық бақылау инспекциясы 129 тексеру жүргізіп, нәтижесінде мемлекеттік сатып алу заңнамасын белден басқан 6,7 млрд. теңгенің заң бұзушылықтарын әшкере еткен. Мемлекеттік сатып алулар заңын бұзған 48 лауазымды тұлға тәртіптік, 20 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдардың жалпы көлемі үш миллионға жуық теңгені құраса, оның ішінде бірінші басшыларға салынған айыппұлдар – 2,6 млн. теңгеге жеткен.

Бұлардан басқа он материал құқық қорғау органдарына жіберілсе, өткізілген конкурстар мен бекітілген келісім-шарттарды жарамсыз деп тану туралы тоғыз шағым сотқа жолданған. Баяндамашылардың мәліметтерінен белгілі болғанындай ең көп заң бұзушылық Аягөз бен Ұлан аудандарының әкімдіктерінде және облыстық құрылыс басқармасында орын алыпты.

Аудандарға жеке-жеке тоқталар болсақ, Аягөз ауданында мемлекеттік сатып алуды өткізу үрдісінде 487 млн. теңгеден астам заң бұзушылық белгілі болған. Тәртіптік жауапкершілікке 16 лауазымды тұлға тартылса, әкімшілік тәртіпке бір адам тартылған. Құқық қорғау органдарына үш материал жолданған.

Ал, Ұландағы ахуал бұдан да ушығып тұр. Тек төрт тексерудің өзінде ғана 222 млн. теңгенің заң бұзушылығы әшкереленген. Тағы бір үлкен сорақылықты облыстық құрылыс басқармасының мамандары жіберіп отыр. Жалпы жиынтығын айтар болсақ, олар 1,778 млрд. теңгенің заң бұзушылығына жол беріп отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 62 млн. теңгені құраған болатын.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің бастығы Бәделхан Камалханұлының берген ақпаратына қарағанда үстіміздегі жылдың алты айында мемлекеттік сатып алу саласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 24 қылмыс анықталған. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты жасалған жалпы қылмыстардың үштен бірін құрайды (73). Енді бұлардың өзін тарқатар болсақ, қызметтік лауазымын асыра пайдалану бойынша – 12, қызметін алға тарту бойынша – 10, пара алу бойынша – 1, қызметтік жағдайын пайдалану арқылы бюджет қаржысын жымқыруға қатысты – 1 қылмыс тіркелген. Мемлекетке келген шығын 125 млн. теңгеден астам шығынды құрап, қылмыстық жауапкершілікке 14 лауазымды тұлға тартылған.

Комиссияның мәжілісінде сонымен бірге облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов, облыстық құрылыс басқармасының бастығы Думан Сүлейменов, Ұлан ауданының әкімі Серік Төленбергенов, Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Қуанышов баяндама жасады.

Өздерінің жауап беретін салаларына қарай кезегімен мінберге көтерілген баяндамашылар мемлекеттік сатып алу бойынша жіберілген заң бұзушылықтардың көбісі негізінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалар мен мемлекеттік сатып алуға байланысты тиісті нормативтік актілерді жете білмегендіктен орын алып отырғандығын алға тартудан әріге аса алмады.

Комиссияның кезекті кеңейтілген мәжілісін қорытындылаған аймақ басшысы заң бұзушылықтардың, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың орын алуына ең негізгі себеп сеніп тапсырылған іске немқұрайлылықпен және жауапсыздықпен қарау екендігін ашық атады.

– Мәселені шешудің жолы қарапайым ғана. Біріншіден, адамдардың заңгерлік және кәсіби біліктіліктерін арттыру қажет. Қалалар мен аудандардан мамандарды жинап, мемлекеттік сатып алу жайында семинарлар өткізу керек. Екіншіден, конкурстық құжаттарды дайындағанда жергілікті жердің климаттық ерекшеліктерін алдын-ала ескере отырып, тендерді жүзеге асырудың мерзімін белгілеу қажет. Ал бізде бәрі керісінше болып жатады. Біздің өңірдің табиғат жағдайында мектепті не аурухананы наурыз, сәуір айларында іске қосу тіпті де мүмкін емес. Соған орай құрылыс жұмыстары да тек мамырда ғана қарқын алады. Ондай құрылыстар қыркүйекке қарай аяқталады. Осыны ескермегендіктен көп жерде құрылыстар мерзімінен кешігіп жатыр. Осылайша біз өзімізге өзіміз қиындық тудырып отырмыз. Содан кейін кінәліні іздеп кеп жатамыз, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Сонымен қатар аймақ басшысы қорытынды сөзінде нысанның аяқталғандығы туралы актілер құрылыстың соңғы шегесі қағылғаннан кейін ғана қабылданып алынуы керектігін баса ескертті.

– Ал біз мердігердің сөзіне сеніп, асығыстыққа ұрынып жүреміз. Ол болмайды. Қазынаның қаржысын оңды-солды шашуға жол берілмейді. Әрбір тиынның орындалуы қатаң сұралатын болады, – деді облыс Әкімі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button