Журналистік зерттеу

Қазір облысымызға қандай мамандар керек?

Қазір облысымызға қандай  мамандар керек?

Бүгінгінің балалары бұрынғыдай ғарышкер боламын немесе ұшқыш боламын деп алысты аңсамайды. Есесіне экономист, заңгер, дипломат, прокурор, сот боламыз деушілер жиі кездеседі. Ал тракторшы, агроном, шаштараз, мал дәрігері сияқты мамандықтарды ар санайды. Бұл мамандықтар былай тұрсын, мұғалімдік қызметте істегісі келетіндер некен-саяқ. Бірақ мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарды «өңірімізге қандай мамандар қажет?» деген сұрақ алаңдата ма?

Түлектер не дейді?

Мамандық таңдау жөнінде болашаққа қанат қаққалы жүрген түлектердің пікірін біліп көрдік.

Арман Зейноллаев, Өскемен қаласындағы №43 Қ.Нұрғалиев атындағы мектеп лицейінің 11 сынып оқушысы:

– Менің таңдап отырған мамандығым заңгер немесе өрт сөндіруші. Заңгерлік мамандық менің болашағыма керек деп ойлаймын. Заң жолында қызмет ету – арманым. Прокурорлық қызметке де тұрғым келеді. Кейбіреулер заңгерлер өте көп, жұмыссыз қалуың мүмкін деп жатады. Мен айтар едім, әр нәрсе адамның өзіне байланысты. Талпынсаң, жұмыссыз қалмассың. Ал өрт сөндіруші қызметін таңдап отырғанымның себебі, халыққа пайдасы бар мамандық.

Ғалымбек Әділетұлы, Ұлан ауданы, Гагарин орта мектебінің оқушысы:

– Бағдарлама жасаушы мамандығын таңдап отырмын. Қазір компьютер заманы болып тұрғандықтан, болашағы бар мамандық деп ойлаймын. Жұмыс табуда да еш кедергі болмайтын сияқты. Арманым – мүмкіндігі мол жаңа бағдарлама ойлап табу.

Мадина Тоқтағалиева. Глубокое ауданы, Предгорное орта мектебінің оқушысы:

– Үміт ақталып жатса, мектепті қызыл аттестатқа аяқтайын деп отырмын. Мамандық таңдау өте жауапты қадам болғандықтан жан-жақты ойланып, техникалық мамандықты таңдадым. Бұйырса, Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетіне тапсырамын. Болашақта инженерлік саласында жұмыс істегім келеді. Президентіміз де техникалық мамандықтар қажет екенін айтып жатыр. Сондықтан да бұл мамандықты алып шықсам, жұмыссыз қала қоймаспын.

Тестілеуден аз ұпай алып қалсаңыз…

Жылдағыдай Ұлттық бірыңғай тест тапсыру науқаны басталады. Тестілеуге бірі қыстай тыңғылықты дайындалса, енді бірі кезінде көреміз деп жүр. Нәтижесінде грантты аңсаған оқушы аз ұпай алып, ашу шақырып, көз жасын көлдетіп төгеді. Тіпті, мұндайдың арты қайғылы жағдайға апарып соққан кездер де болыпты. Егер де түлек жоғары балл жинаймын деп жүріп, үміті ақталмай, тауы шағылып жатса, ата-ананың әрекеті қандай болуы керек? Жалпы, ҰБТ-ға әке-шеше баласын қалай дайындауы тиіс? Психолог Анна Құдиярованың кеңесіне құлақ асайық.
– Ең алдымен ата-ана баласының амандығын тілеуі керек. «Мен сені жақсы көремін. Әрине, маған сенің жоғары ұпай алғаның жақсы. Бірақ не де болса, мұңайма. Денің сау болсын», – деген жылы сөздерді жиі айтыңыз. Бір оқиғадан мысал келтірейін. Анасы тест тапсыруға шығып бара жатқан баласына: «Бес алмасаң үйге қайтпа» – деген. Бала тест тапсырып, бес алмағанын сезеді де, жол-жөнекей дәріханаға кіреді. Сөйтіп, жан сақтау бөлімінен бірақ шығады. Әке-шеше баланың намысына тимесін. Мектептегі психолог та алдын ала әр баламен тығыз жұмыс істеуі қажет. Менің ойымша, грантқа түспей-ақ ел қатарлы жүрген балалар бар. Жалпы, баланы адам ретінде тәрбиелеу керек. Тестілеу – өмірдегі кішкентай ғана сынақ, – дейді Анна Құдиярова.

Жоғары оқу орнын бітіру міндет пе?

Түлектердің кейбіреуі жұмысшы мамандықтарына мұрын шүйіре қарағанымен, шаштараздың тапқан табысы креслода отырған бастықтардан кем емес шығар. Әлбетте, жұмыс істесе.
Көп жыл үй шаруасымен отырған Кенжегүл 50 мың теңгедей төлеп, шаштараз мамандығының үш айлық курсын оқып шыққан. Оқуда сонымен қатар, тырнақ егеу-бояу тәсілдерін де үйренген. Кенжегүл қазір жалға ғимарат алып, шаштараз ретінде халыққа қызмет көрсетіп жүр. Тапқан табысына да көңілі толады. Жалпы, тұрақты жұмыс істеп жүрген шаштараздардың жалақысы жазда мөлшермен 150-200 мың теңгенің аралығында сияқты. Бірақ қыста 100-150 мың теңгеге түсетін көрінеді. Әрине, қалалық жерде.
Ал төрт жыл ақылы түрде жоғары оқу орнын бітірген Әсел бүгінде базарда сауда-саттықпен айналысады. Өзінің айтуынша, дипломы сандықта сақтаулы. Күндердің күнінде бір пайдаға жарап қалар.
– Ақылы түрде жоғары оқу орнын тамамдадым. Бірақ көңілге қонымды жұмыс таппадым. Содан кейін саудамен айналысуға бел байлап, осы салада жүрмін, – дейді Әсел.
«Менің балам бастық болады, соңғы малымды сатсам да диплом әперемін. Менің балам кімнен кем?» дейтін ата-аналар жоқ емес. Бірақ «көрпеңе қарай көсіл» демеп пе еді атам қазақ?! Өресі жетпеген баланы күштеп оқытып, шығындалудың қажеті қанша? «Грантқа оқуға түспесең, жүресің ауылда. Сені оқытатын ақша жоқ бізде» дейтін де әке-шеше бар. Сонда деймін, қалтаңдағы ақшаң артылмайтын қалада жүргенше, ауылда жүргеннің несі жаман?

Қайда, қанша жұмыс орындары ашылады?

Дей тұрғанмен, алдағы бес жылдықта облысымызға қандай мамандар қажет болуы мүмкін, қанша жұмыс орындары ашылады? Бұл сұрақтарға жауап берген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының мәліметінше, жақын арадағы бес жылдықта 62 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа орындардың көбі мемлекеттің әртүрлі бағдарламалары аясында қолға алынуда. Мәселен, үдемелі индустриялды-инновациялық даму, «Жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020», «Балапан», «Ақбұлақ» бағдарламалары бағытында жұмысшы күштері қажет болуы мүмкін.

2018 жылға дейін ашылатын жұмыс орындарына болжам

№ Аудан, қала атауы Ашылатын жұмыс орындарының саны
1 Өскемен 8054
2 Курчатов 2486
3 Риддер 2309
4 Семей 5486
5 Абай ауданы 877
6 Аягөз ауданы 2521
7 Бесқарағай ауданы 685
8 Бородулиха ауданы 4218
9 Глубокое ауданы 1513
10 Жарма ауданы 4505
11 Зайсан ауданы 4490
12 Зырян ауданы 4018
13 Катонқарағай ауданы 5242
14 Көкпекті ауданы 2078
15 Күршім ауданы 3463
16 Тарбағатай ауданы 3962
17 Ұлан ауданы 3820
18 Үржар ауданы 2413
19 Шемонайха ауданы 817

Керек дерек

Өңірімізге аса қажет мамандық иелері:

Өскемен қаласына – дәрігер, медбике, жүргізуші, аспаз, сантехник-слесарь, жер тегістеуші машинист, кассир, аула сыпырушы, даяшы, еден жуушы.
Риддер қаласына – дәрігер, өндірістік орындарды тазалаушы, тәлімгер, мұғалім, электр-газбен дәнекерлеуші мамандықтары.
Бородулиха ауданына – мал бағушы, сауыншы, механизатор.
Зырян ауданына – мұғалім, дәрігер, әр түрлі жұмысшылар.
Ұлан ауданына – колледжде сабақ беруші мұғалім, агроном, дәрігер.
Шемонайха ауданына – мұғалім, медбике, механизатор, сауыншы.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button