Қазақтың төбеті «Қызыл кітапқа» енудің аз-ақ алдында тұр
Қазақтың төбеті мен тазысын өсірумен айналысып жүрген Асылбек Әбдіқанұлының айтуынша, жеті қазынаның бірі болып саналатын қазақы тазылар мен төбеттер қазір құрып кетудің аз-ақ алдында тұр.
Бұл ит ешқашан адамға шабуыл жасамайды
– Ұлттық құндылықтарымыздың қатарындағы осы қазынамызды сақтап, құмай тазы өсіріп, қазақы төбеттерді көбейтуді қазірден қолға алмасақ, еліміз тағы бір ұлттық мақтанышынан айырылып қалғалы тұр. Төбеттер осыдан 4 мың жыл бұрын көшпенділердің сенімді серігіне айналып, содан бері қазақпен бірге жасасып келе жатыр,-дейді ол.
Асылбектің айтуынша, қазақы төбеттердің бойының ұзындығы 80 сантиметрден асып жығылады, салмағы 50-60 келінің айналасында. Қорбиған қалың жүні оны тіпті үлкен етіп көрсетеді екен. Нағыз қазақ төбетінің ең басты ерекшелігі – ешқашанда адамға шабуыл жасамайды. Әдетте еріншек қалып танытып, баяу қимылдайтын төбеттер жыртқыш аң көрсе бірден өзгеріп сала береді. Үйдегі төбеттердің үруінен жатуы көп. Маңайындағыға бір маңқ етіп дыбыс шығарғаны болмаса, бұл ит өте сирек үреді екен. Айтпақшы, төбет – ешқашан иттер төбелесіне қатыспайды.
– Егер иттер төбелесінен қазақ төбетін көрсеңіз, бұл – таза қанды төбет емес. Ит төбелестіргіштер төбеттен ызақор, шапшаң ит шығар үшін оны қазір неше түрлі шетелдік тұқымдармен будандастырып жатыр. Ірі итке ызақор, төбелескіш иттердің қаны қосылып жатыр. Таза қанды төбеттің күн санап азайып бара жатуының негізгі себебі де – осы,-дейді алматылық ит өсіруші Асылбек Әбдіқанұлы.
1939 жылы Қазақстанда тазының саны – 7 мың, ал төбет 19 мыңға жетеғабыл болған екен. Ал бүгінде еліміз бойынша тазының – 300-дей, қазақы төбеттің 1 мың-ға жетер-жетпес қана тұқымы қалыпты. Дабыл қағарлықтай-ақ жағдай. Қолға алып, қорғамаса, айналдырған аз ғана жыл ішінде «Қызыл кітапқа» енуі де ғажап емес. «Қызыл кітап» демекші, 2003 жылы асылтұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы арнайы қаулы қабылданған болатын. Әйтсе де, қаулыдан қайран болмайтын түрі бар. Өйткені, таза қанды иттерді қорғау, сақтау туралы жазылған бірде-бір бап жоқ. Сол себепті та¬зымыз бен төбетіміз Қазақстан¬ның «Қызыл кітабына» енбей қалған.
Одан беріде қазақы төбеттеріміз де «қайдасың?» деп іздеттіретіндей жағдайға жетіңкіреп қалды. Дәлірек айтқанда, ит тұқымы азып барады. Басы – аюдікіндей, ірі денелі қазақы ит қазір қалтасы қалыңдардың үй күзет-шісіне айналған. Көбі туа салысымен түрлі ауруларға қарсы вакцина егілмегендіктен, ерте өліп қалады. Оны әлпештеп, уақтысымен дәрісін салдырып, бағып-қағып отыратын қазекең қайда?
Түрікменнің алабайының түп атасы – қазақтың төбеті
Төбеттің бұлай сиреуінің түрлі себебі бар. Мамандардың айтуынша, ел басына төнген қиын-қыстау кезеңдер төбеттерді де қыспаққа алыпты. Мәселен, 30-шы жылдардағы кәмпескелеу заманында тұқымы тәуір төбеттерді байлар өздерімен бірге сырт елге ала кетіпті. Ол аздай, онсыз да қатары сиреген төбеттердің ит ататындардың құрығына іліккендері бар. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықта төбетін түрікмендер мен орыстарға бір қап ұнға айырбастап жібергендер туралы әңгімені де естідік.
Үш жылдан бері үйінде 20-дан астам төбет өсірумен айналысып келе жатқан қазақстандық ит өсіруші Сағадат Салмановтың айтуынша, күнделікті ас үйдегі тамақ қалдықтарынан бөлек, иттер аптасына бес қапшық ішек- қарын жейді екен. Яғни, ит күтуге арналған барлық шығындарды қоса есептегенде айына үш жүз АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалатын көрінеді. Сондықтан ит асырап, оның қызығын көріп жүргендердің көпшілігі — жеке кәсібі бар қалталы азаматтар
-Бүгінде түрікмендер алабай иттерін мемлекеттік деңгейде қорғауға алған. Соның арқасында қазір түрікмендердің алабай итімен аты асқақтап тұр. Ал бізде, керісінше, нағыз төбет иттерді алабай деп атап жүрміз. Шын мәнінде ит ұстаушылардың арасында үлкен сұранысқа ие алабай итінің, оның ішінде түрікмен алабайының арғы тегі қазақы төбет екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ілгеріде ата-бабаларымыз далада малды төбет иттерге күзеттірген. Бірақ кейін салғырттығымыздың кесірінен қазақы төбетті сырт елден келгендер иемденіп кетті. Сөйтіп, төбеттің өзін төбет атаудан қалдық. Сондықтан қазір мен өзім асырап отырған ортаазиялық алабай иттерінің барлығын төбет деп атаймын. Егер бәріміз осылай атасақ қана қазақы төбетті сақтап қала аламыз. Ал төбеттің тұқымы азайып кетті деп айта берсек, болашақта қазақы төбетті мүлдем жоғалтып алмасымызға кім кепіл, – дейді Сағадат Жақсығалиұлы.
Оралбек ҚАЙСАНОВ, «Тазы-Төбет-Бөрібасар» федерациясының президенті, қазақы тұқымды иттерді асыраушы:
– Қазақы төбеттердің тұқымын он жылдан бері асырап әрі осы төбеттер мен тазы тұқымдарын сұрыптап келемін. Осы жылдар ішінде мен әлемде қазақы төбеттен артық ит жоқ екеніне көз жеткіздім. Итті сатып, ақша табу үшін ұстайтындар да бар. Бірақ мен мұндай кәсіптен аулақпын. Менің бар мақсатым – қазақы төбеттер мен тазыларымызды әлемдік деңгейде тек қазақтың бренді етіп шығару. Осы мақсат жолында аянбай тер төгіп келемін. Мұным біреулерге ұнамағанымен, іске шын пейіліммен кіріскеннен кейін жұрттың анау-мынау өсегін еш елең қылмаймын. Себебі, мен өз кәсібімнің түптің түбінде халқыма пайда келтіретініне сенемін.
Дәл қазір 40-тан астам төбет иттері мен тазылары бар Оралбек Тоқтарұлы иттердің тұқымын жеті атасына дейін ара¬лас¬тырмау қажет деген пікірде. Сонда ғана қазақтың ежелден қалыптасқан батыл мінезді төбетінің тұқымын сақтап қалуға болатын көрінеді. «Мендегі төбеттердің бәрі өзіміздің басқа тұқыммен араласпаған нағыз қазақы төбет деп еш ұялмай-ақ айта аламын» дейді ол.
Этнограф Жағда Бабалықұлы қазақ иті туралы мынандай деректер келтірген. Таутөбет – тау, таудай, үлкен, ірі, дәу, кесек дегеннен туған сөз. Таутөбеттер үйшікке жатпайды. Қар немесе мұз үстіне жата салса да, аязға еш тоңбайды. Әлемдегі 116 иттің түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы – жуан, басы, аузы – үлкен, тістері – ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да, жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған. Денесін де қалың түбіт қаптаған. Екінші түрінде жүні сәл тықырлау, алайда түбіті қалың шығады.
Тақырыпқа тұздық
Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.э.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбет қаңқалары Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған.
Көшпенділер өмірі дәстүрлі түрде жылқы малымен тығыз байланысты. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысындағы хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мың көлемінде болған. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді.
Дарын Нұрсапаров