Қазақстан металлургиясының флагманы
Компания президенті Никола Поповичтің айтуынша, аталмыш зауыт \”Казцинк\” тарихындағы ең ірі жоба саналады. 2011-2016 жылдар аралығында оның құрылысына 970 млн. доллар көлемінде инвестиция тартылған.
-Біз тұрған мыс зауыты – әзірге «Казцинк» тарихындағы ең ауқымды инвестициялық жоба. 2020 жылы Қарағанды облысындағы Жәйрем кен орнын игере бастаймыз. Ондағы комбинат Қазақстан бойынша ең ірі мырыш өндірісі болмақ. Ал Риддер қаласындағы кен қорын кеңейтпекпіз. Қала іргесіндегі Долинный алтын-полиметалл кеніші жұмысын бастады. Оны тереңдете игеру жоспарда бар. Ал Обручев полиметалл кенішінде құрылыс жүріп жатыр. Бұл кенішті толық сеніммен жаңа жоба деп атауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін металл өндіріп, өңдеуге үлкен инвестициялар салсақ, қазір кен базасын кеңейтуге күш салып жатырмыз, – деді Никола Попович.
Кәсіпорын басшысы жыл басында ең төмен еңбекақы алатын жұмысшылардың айлығы 10 пайызға көтерілгенін де айтты.
-Еңбекақы мәселесінде біз ылғи нарықтағы баға теңгерімін бақылап отырамыз. Соған сәйкес, айлық көлемі де өзгеріп тұрады. Компания бойынша орташа еңбекақы мөлшері 282 мың теңгені құрайды, – деді ол.
Өндіріс ошағын аралап болған соң, Президент зауыт ұжымымен кездесті.
– «Казцинк» ЖШС – Қазақстан металлургиясының флагманы. 2000 жылы осы кәсіпорынға қарасты Малеев кенішін іске қосқанда, Премьер-Министр ретінде куә болған едім. Ал бүгін мыс зауытының жемісті жұмыс істеп жатқанын көрдім. Еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысымен дидарласуға мүмкіндік алған мыс балқытушы Сабырбек Мәулетов бұл кездесуден үлкен ой түйгенін айтады.
– Өзім осы кәсіпорында жұмысқа кіргелі 24 жыл болды. Осы мамандықты таңдағаныма өкінген кезім болған жоқ, өйткені тұрақтылық бар мұнда. Соңғы 10 жылда жұбайым да осында істеп келеді. Тұрақтылықтың арқасында екі баламның бірін аяқтандырып, екіншісін жоғары оқу орнына түсірмекпіз. Президенттің елдегі тұрақтылық пен экономикалық өсімді сақтауға бағытталған саясат жалғасатынын айтқаны бізді қуантты, – дейді металлург.
Кездесу соңында зауыт ұжымы Мемлекет басшысы мен облыс әкімін ортаға алып, естелік суретке түсті.