Саясат

Қазан қазақ делегациясын құшақ жая қарсы алды

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған ресми делегация Шығыс Қазақстан облысының Татарстандағы (Ресей Федерациясы) күндері аясында Қазан қаласында болып, Татарстан Республикасының Президенті Рүстем МИҢНЕХАНОВПЕН кездесті.

Қазан қазақ делегациясын құшақ жая қарсы алдыАтап өтерлік жайт, аталмыш іс-шараның өтуіне мұрындық болған – аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ. Ондағы негізгі мақсат – өзара тиімді байланыстарды кеңейту, жаңа қарым-қатынастар орнату және Татарстанның инновация бағытындағы тәжірибесімен танысу.

Кеше, сондай-ақ, Қазан қаласындағы «ІТ-Парк» жоғары технологиялар саласындағы технопаркте Татарстан мен Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум болып өтті. Ол басқосуда қос тарап экономикалық және инвестициялық әлеуетті ұтымды пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін талқыға салды.

– Татарстан мен Шығыс Қазақстанның екіжақты экономикалық серіктестік орнататын ортақ бағыттары жетерлік. Осы форум барысында екі елдің бизнесмендері жаңа байланыстардың, жаңа жобалардың негізін қалауы тиіс. Біз өз тарапымыздан Татарстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін паш етуге, өз тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Мұндай кездесулер дәстүрге айналып, ісіміз оңға басады деп сенемін, – деді татар елінің басшысы Рүстем МИҢНЕХАНОВ осы форумда.

Өз кезегінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Татарстан басшылығына, оның ішінде Рүстем МИҢНЕХАНОВТЫҢ өзіне шақырулары мен жылы қабылдаулары үшін ризашылығын жеткізді.

– Біздің облыста түрлі салалар өркендеп келеді, сол себепті біз сіздердің бай тәжірибелеріңізді көруге келіп отырмыз, – деді аймақ басшысы. – Бізді ең алдымен ақпараттық технологиялардың даму барысы қызықтырады. Өйткені, Татарстан осы салада әлемдік стандарттар деңгейіне жетіп отыр. Сондай-ақ, біз Татарстанның машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларындағы тәжірибесімен танысуға ниеттіміз.

Бұдан соң Қазан федералдық университетінде, Татарстанның мемлекеттік кеңесінде, Халықтар Достығы үйінде, түрлі кәсіпорындарда, министрліктер мен ведомстволарда жекелеген жүздесулер өткізіліп, әріптестік жөнінде келісімдерге қол қойылды.

Татарстанның өнеркәсіп және сауда вице-министрі Равиль Зарипов елдің әлеуметтік әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, былтыр Татарстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 900 млн. долларды құраған.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов болса, Татарстан басшылығына аймақ экономикасын таныстырып, облыста қолға алынған және жоспарланып отырған ірі жобалар туралы айтып берді.

Кешкісін Шығыстың өнер шеберлері Ғабдолла Тоқай атындағы татар мемлекеттік филармониясында үлкен концерт қойды. Қазанда делегация мүшелерінің қатысуымен өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

(Шығыс Қазақстан облысының Татарстандағы күндері туралы
толық материалды газетіміздің келесі санынан оқитын боласыздар).

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button