Азаматтардың әл-ауқаты жақсара түсті
Кеше облыстық «АLTAI» телеарнасында аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен «Әкім сағаты» тікелей эфирі өтті. Облыс әкімі алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып, тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.
– Биыл аймақта тұрақты даму көрсеткіштері сақталды. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім деңгейі 4 триллион теңге болады деп күтілуде. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсу қарқыны 109, ауыл шаруашылығы 103, инвестициялар 115, құрылыс жұмыстары 103 пайызды құрады. Жыл басынан шағын және орта бизнес нысандарының саны 4 пайызға артты, – деді облыс әкімі.
Халықтың ақшалай табысы 117, орташа жалақы 114, жеке тұлғалардың депозиттері 111 пайызға артқан. 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылыпты. Яғни, азаматтардың әл-ауқаты жақсара түсті.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласын озық деңгейге шығару міндеті қойылып отырғанын жеткізді. Мәселен, үш жыл ішінде осы салаға 22,3 миллиард теңге инвестиция тартылды.
– Роботты хирургия және трансплантология, политравма, ортопедия орталықтары, гибридті операциялық зал, үшінші деңгейдегі инсульт орталығы ашылды, Алтай мен Аягөз аудандарында екінші деңгейдегі инсульт орталықтары құрылды. 1086 заманауи жабдық сатылып алынды, бұл жоғары технологиялық медициналық техника көлемін 2,5 есеге арттыруға, диагностикалау мен емдеудің 130 мыңнан астам жаңа әдісін енгізуге мүмкіндік берді, – деді Даниал Ахметов.
Осы шаралардың нәтижесінде бес жыл ішінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, аналар өлімі 58,9 пайызға, нәрестелер өлімі 28 пайызға төмендеді, қатерлі ісікке шалдыққандарды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып, соның кесірінен болатын өлім 12,5 пайызға азайды, туберкулезден болатын өлім 78,5, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 6,6 пайызға кеміп отыр.
Білім саласы туралы сөз қозғаған аймақ басшысы үштілділік білім беру жүйесін енгізу аясында облыстағы 3,5 мың тіл мұғалімінің біліктілік арттырғанын атап көрсетті. Үш жылда ұстаздардың құзыреттілік деңгейі 14-тен 80 пайызға артқан. Оқушылардың тіл пәндері бойынша білімі 20 пайызға өсті.
Өңірдегі 648 мектепте ІТ-сынып жұмыс істейді. Осының нәтижесінде оқушылардың роботты техника, модельдеу, бағдарламалау бойынша білім деңгейлері жоғары көрсеткіштерге жетіп, үздіктері түрлі республикалық, әлемдік байқаулардан жүлдемен оралып жүр.
Облыс әкімі өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жөнінде де бірқатар мәліметтер келтірді. Мәселен, 2015 жылдан бері тұрғындардан сатылып алынатын сүт мөлшері 10 есе ұлғайған, 3,7 тоннадан 36,2 тоннаға дейін.
– Біздің облыс Қытай елімен шекаралас жатыр. Аспан асты елі – біз үшін үлкен тұтыну нарығы. Мәселен, қазірдің өзінде Шығыстағы көршіміз 12 миллион тонна жүгеріні шеттен сатып алуда. Сонымен қатар сояға, күнбағыс майына, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Осы мүмкіндікті қалт жібермей, өнім өндіруді арттырып, экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларын да айтып өтті. Бұл санаттағы жанұялардың балаларын тегін балабақшамен, мектеп формасымен қамту, оларға жоғары және орта арнаулы оқу орындарына арналған білім гранттарын бөлумен қатар, баспана мәселесін шешу де қолға алынған. Осы ретте биыл 598 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды.
– Біз өңірдегі құрылыс қарқынын алдағы уақытта арттыруды көздеп отырмыз. Жоспарымыз бойынша кезекте тұрған аталмыш санаттағы барша отбасыларды үш жылда баспанамен толық қамтып шығамыз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы өндірісті өркендету, тұрғын үй құрылысын жүргізу, жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, ауызсумен қамту, туризмді дамыту бағытында биыл атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
– Көріп отырғандарыңыздай, биыл атқарылған шаруа аз емес, келесі жылға бұдан да үлкен жоспарымыз бар. Олардың қатарында Абайдың 175 жылдық мерейтойын, Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтпекпіз. Осы міндеттерді лайықты орындау үшін, ең алдымен, тұрақтылық пен бірлік қажет. Сондықтан бірлігімізді сақтап, аянбай еңбек етейік, – деді Даниал Ахметов.
Тікелей эфир барысында облыс әкімі Даниал Ахметовке облыс тұрғындарынан барлығы 23 сауал келіп түсті. Аймақ басшысы өзіне қойылған сауалдардың барлығына да аз уақыттың ішінде қысқа да нұсқа жауап берді.
Қойылған сауалдардан байқағанымыз, шығысқазақстандықтарды ауылының, ауданының әлеуметтік және экономикалық мәселелері алаңдатады екен. Мәселен, эфир барысында облыс әкіміне Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар секілді шекаралық аудандарды дамыту мәселесі, шағын кәсіп бастап, мал басын көбейтіп жатқан шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін көмектер, жеңілдетілген несие алу, субсидия беру жайы сауал ретінде қойылды.
Бұл сұрақтардың барлығына да толық жауаптар берілді. Мысалы, шекаралық аймақтардан халықтың көшуін азайту және ауыл өмірін жақсарту мақсатында Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарын дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде.
Жоспар аясында кәсіпкерлік пен туризмді, ауыл шаруашылығы мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда. Атап айтқанда, тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, жолдар мен көшелерді жөндеу, көгалдандыру, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу қарастырылған. Жоспарды жүзеге асыру үшін аудандарға алдағы 5 жыл ішінде барлығы 234 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен – 178 млрд. теңге, жеке инвестициялардан 56 млрд. теңге бағытталмақ.
Эфир барысында біраз тұрғындар облыстың медицина саласына соңғы жылдары жасалған қолдаулар жайына тоқталып, өңір медицинасын дамудың халықаралық талаптарына жеткізгені үшін облыс басшысына алғыс білдірді. Ал Риддер қаласының тұрғындарын жаңа аурухананың құрылысы алаңдатады екен. Оларға жауап ретінде алдағы уақытта қалада 140 төсектік стационары және 500 адам қабылдайтын емханасы бар аурухана кешенінің құрылысы басталатыны айтылды.
Абайлықтардың атынан сауал жолдаған Төлеубек Аманғазыұлы келер жылы 175 жылдық мерейтойы аталып өтетін ұлы Абайдың тойына өңірдің дайындық барысын сұрады.
– Ұлы Абайдың мерейтойына биылғы жылдың өзінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ғалымдар, мәдениет, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кірді. Мерейтой шеңберінде өңірімізде бес жүз алпыстан астам іс-шара өткізіледі. Соның ішінде жиырма төрт халықаралық (Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытайда), жиырма бір республикалық, бес жүз он бес облыстық деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ Абайдың туған жері Қарауыл ауылында ұлы ақынның есімі берілетін үш жүз орындық жаңа мектеп салынады, – деді облыс әкімі.
Ал эфир барысында аймақ басшысына бейнесауал жолдаған семейлік көпбалалы отбасы Виктор мен Ольга Кандыбалар облыстағы көпбалалы аналарға жасалып жатқан барлық әлеуметтік қолдаулар үшін барлық көпбалалы отбасылардың атынан алғыс білдірді.
Тікелей эфир барысында сонымен бірге өңірдің білім, мәдениет, спорт салаларына, жергілікті жолдарды, әуежайларды жөндеуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, Өскеменде экологияны жақсартуға, сандық технологияларды, электронды билеттерді енгізуге қатысты сауалдар қойылып, толық жауап берілді.
Ержан Әбіш,
Дәурен Аллабергенұлы.