«ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚЫМ КЕЛЕДІ…»
Шырын Қауанова Семейдегі талапты жастың бірі. Қазақстан мен Түркияда білімін жетілдіріп, тіпті мемлекетаралық тарихи байланыстарды зерттеп, «Қaзaқстaн мeн Түркия Рeспубликaлaрының aрaсындaғы қaрым-қaтынaс: тaрихи aспeкт (1991-2015)» тақырыбында ғылыми диссертациялық еңбегін қорғаған. Зерттеу тақырыбына қатысты онға жуық ғылыми мақаласы және тағы басқа жұмыстары қазақ, түрік тілдерінде халықаралық, республикалық басылымдарда жарық көрген.
Бүгінде Шәкәрім университетінің PhD докторанты, ұзақ жылдардан бері Семей қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде арнайы жобалардың халықаралық деңгейде насихатталуына, жүзеге асырылуына белсенді түрде атсалысып келген Шырын Әділқызы сондай-ақ «JaSTAR» өнер-білім орталығының негізін қалаушы ретінде де қызметін табысты атқара білген жан.
– Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жүргенімде ұстаздарым «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы шығып, кез келген мемлекетте білім алуымызға толық мүмкіндігіміз бар екендігін жиі айтатын, – дейді Шырын. – Сөйтіп барлық талаптарды жан-жақты зерделеп, Түркияның Денизлі қаласындағы Памуккале университетіне жолым түсті. Екі рет алты ай көлемінде түрік тілінде нағыз майталман профессорлардан оқыдым. Сол білімімді елімдегі өзім сияқты жастарға да үйретіп, жанталаса еңбек етіп жатырмын.
Шырын Қауанова еңбек еткен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жақында Өскеменде өткен «Рухани жаңғыру-мәңгілік елдің болашағы» атты фестивальда өңірдегі «Үздік штаб» номинациясымен марапатталған. Ал биыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Талапты жас өткен жылдың тамыз айында қала әкімі Ермак Сәлімов пен Түркия елінен келген инвесторлар арасында өткен кездесуде аудармашы болып, тағы бір жаңа қырынан танылған. Талантты жасқа біз биік асулар мен жаңа жетістіктер тіледік.
– Біздің екі әлеміміз бар: физикалық және виртуалды. Мен осыны жастарға, мектеп оқушыларына ескерткім келеді,-дейді Шырын. – Қазір екі әлемде де өзімізді жоғалтып алмауымыз керек. Біріншіге қарағанда, екіншісінде жоғалып кету қаупіміз көбірек. Көшедегі адам емес, смартфонның арғы жағындағы әлем сізді, яғни қай жаста екеніңіз маңызды да емес, яғни виртуалды әлем сізді оп-оңай соңынан ілестіре алады. Себебі виртуалды әлемдегі толассыз ақпараттарды, адамдарды сұрыптауға көбінің уақыты мен шыдамы жетпейді. Пандемияның алғашқы кезеңінде әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың арасында алаяқтарға алданып қалталарынан қағылғандар бар, митингке шығып кеткендер және басқа да оқиғалар жиі кездесті.
Бәріне сене бермейсіз, дегенмен сұрыптау қиын, «мынау бүлікшіл, ол алаяқ» деп ешкім өмірбаянымен таныстырмайды. Онлайн өмірдегі сіз де – нағыз сіз емессіз! Онлайнда ең белсенді сөзқұмар, бірақ шынайы өмірде мүлдем сөйлемейтін, қой аузынан шөп алмас жан болуыңыз мүмкін. Виртуалды әлемді сақтықпен өз пайдаңызға қолданбасаңыз, сіз біреудің қолшоқпарына айналып кетесіз. Шын ақпаратты іздеген адам кітаптармен дос болғаны дұрыс. Физикалық яғни офлайн өмірде, жақындарыңызға көп уақыт бөлу керек.
Жас ғалымның айтуынша, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – би, Абай – заңгер» атты тақырыптағы шара Ақмола облыстық соты мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бастамасымен жүзеге асырылған екен. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай елінен келген Шәкәрім университетінің өкілдерімен бірге өзі де қатысып қайтыпты. Айтуынша, Шәкәрім университетінің профессоры Назигүл Ғазизова «Қазіргі заман мен Абай шығармасындағы адам құқығының үндестігі» туралы баяндама жасап, Абай заманындағы қылмыстық істерге қатысты құқықтық құжат – Қарамола ережесінің көшірме нұсқасымен таныстырған. Университет өкілдері конференция барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайынан арнайы алынған деректік материалдардан Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жұмысын ұйымдастырып, қатысушылардың назарына ұсынған еді. Жас ғалым Шырын Қауанова қатысушыларды көрме жұмысымен таныстырып, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактатын келген қонақтарға ұсыныпты.
– Ғылыми шарада Абай арқылы қазақ елін өркениетке жетелейтін, рухани байытатын, абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктетін, ынтымақ пен бірлікке, білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке баулитын әрі адамзаттың жан дүниесіне ой салатын баяндамалар тыңдалды, – дейді Шырын. – Пленарлық бөлімде Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Абайды ұлықтауға арналған жиынға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Жоғары сот төрағасының кеңесшісі Нұрлан Нұрахметұлы Қазақстан Республикасы Жоғары соты төрағасының құттықтау сөзін оқыды.
Шырынның айтуынша, жиын барысында Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Абайды тереңірек тану мақсатында ойшылдың даналық сөздерін оқу бойынша «Әр сөзінен ұғындырған ұлылық» тақырыбындағы эстафеталық челлендж өтіпті. Шырынға қатты әсер еткені 200-ге жуық судья мен сот қызметкерінің белсенді қатысқаны және 50-ден астам бейнематериалдың жарыққа шыққаны екен. Осы игі іс-шараның жалғасы осынау маңызды ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты, – дейді жас ғалым.
«Абайды әділ биліктің үлгісі» деп таныған аталмыш конференцияда Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, профессор, АҚШ-тың Техас штатының құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбайұлы: «Абайды Абай ғып қалыптастырған ортасын да бірінші еске алуымыз керек» деп есептеймін. Арғы тарихқа бармай, бергі жағынан қайтқанның өзінде Абайдың әкесі – Құнанбай, Құнанбайдың әкесі – Өскенбай, Өскенбайдың әкесі – Ырғызбай… Ырғызбай тас шайнап, құм түкірген адам. Оның заманы елі үшін, жері үшін тағдыршешті мәселелерге толы болды. Абылай ханның серігі болған – Ер Жәнібек Ырғызбайдың батырлығына әбден тәнті болған, қандай жорыққа барса да қайтпас батырлығымен, қаһармандығымен көзге түскен» деген деректерді де ұсыныпты.
– Абай-заңгер, Абай-би демекші, бала күнімде тергеуші болуды армандайтынмын, – дейді Шырын. – Ол кездерде ұрлық–қарлық, қылмыс туралы көбірек айтылатын және теледидардан «Комиссар Каттани», «След», «Суд идет» сияқты сериалдар мен бағдарламалар үнемі көрсетілетін. Бір досым дүкенші болуды армандайтын. Ауылдық жерде дүкен аз болғандықтан армандаған шығар. Біз дәл сол уақытта айналамыздағы оқиғалардың шеңберінде ғана мамандық таңдадық. «Заманына қарай адамы» демекші, қазір мүлдем басқа. Менің кезеңіммен тіпті салыстыруға келмейді. Сіңліммен арамыз он жас. Ата-анам және мен, сіңліме «белгілі бір мамандықты арманда, таңда» деп үгіттей алмайтынымызды түсіндік. Ол келешектегі мамандығының еңбек нарығында сұранысқа ие әрі жаңа мамандық болғанын қалайды. Жаһандағы негізгі тақырыптар биоинженерия мен жасанды интеллект болып тұрғандықтан, сәйкесінше жастардың басым көпшілігі болашақ мамандығын «Жаңа мамандықтар атласынан» көре алады деп есептеймін.
Шырын осыдан тура бір жыл бұрын тарихшы, профессор Ильбер Ортайлының «Бір өмір қалай сүрілуі тиіс?» деген кітабын оқып шығады. Ол кітапта жас бойынша 12-25, 25-40, 40-55 және 55-тен кейінгі кезеңдерде өмірімізді қалай мағыналы етіп өткізуіміз керектігі баяндалған екен. Орта ғасырда Батыс пен Шығыстың мәдениеті мен ғылымының дамуына 12 мен 25 жас аралығындағы жастар зор үлес қосқан екен. Олардың қатарында интеграл мен дифференциалды ойлап тапқан Готфрид Лейбниц (19 жасында доктор атанған), 16 жасына дейін бүкіл ғылымның түрлерін меңгерген Жан-Франсуа Шампольон сияқты басқа да ғалымдар бар. Ренессанс кезеңінде дәл ХХІ ғасырдағыдай мүмкіндіктер болды дейсіз бе?! Әрине жоқ.
– Айтпағым, кез келген өнерді, ғылымның түрін, тілді және т.б. дағдыларды жиырма бес жасқа дейін меңгерген дұрыс. Шетелден білім алса тіптен жақсы. Бұл жаста өмірді танитын, қоғамда өзіндік пікірі қалыптасқан, өзі және жақындары үшін батыл шешімдер қабылдай алатын, мемлекетіне адал, табиғатына жанашыр болуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Шырын Қауанова. – Территориялық және этникалық шеңберлер толассыз ақпарат ағыны тасып тұрған заманда мүлдем кедергі келтіре алмайды. Интернеті мен смартфоны бар шет тілін меңгерген адам, ғаламның түкпір-түкпіріндегі жандармен оп-оңай коммуникацияға түсіп, алысты жақындатуға мүмкіндігі зор. Пандемия кезеңінде түрлі платформалардың маңызы арта түсті. Осы мүмкіндікті пайдаланып студенттеріммен бірге онлайн конференциялар ұйымдастырдық. Атап айтсам, Түркияның мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанда білім алған түрік зерттеуші-ғалымдары мен Түркияда оқып жүрген қазақ жастары студенттерге тамаша мотивациялық дәрістер оқыды. Мысалы, Кая Кузуджу мырза, қазақтың күй өнерінің құдіретін дәріптеп, түріктің ұлттық саз аспабында түркілермен ортақ күйлерімізді орындап, қазақ жастарының болашақта күй өнерін жоғалтып алмауы үшін тарих, әдебиет, мәдениетті терең меңгеруі керектігіне тоқталды. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын түрік тіліне аударған автордың бірі, жас ғалым түрколог Мұрат Айдынлы қазақ тілін, әдебиетін бізден жоғары білмесе кем білмейді. Қазақшасын дамытуда, әсіресе Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын көп оқыған. Кездесу барысында жастарға маңдайалды жазушылардың төл туындыларын көбірек оқуға насихаттады. Мұндай ерекше форматтағы конференциялар жүзден аса қатысушыға үлкен ой салғаны анық.
– Тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз болуды таңдапсыз, осы жолды не себептен таңдадыңыз? – деп сұрадық Шырын Қауановадан.
– Ұстаздық жолды таңдағаным – менің өмірімдегі ең дұрыс шешім. Қайтадан мамандық таңдауға мүмкіндігім болса, еш ойланбастан осы жолды таңдар едім. Оның ішінде әрине тарихты. Ғылыммен айналысқан қызықты. Белгілі ғалымдармен сұхбат құру, ғылыми кітаптар мен мақалалар оқу кез келген білімқұмардың қолынан келетін іс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласына ерекше назар аударып келеді. «Педагог мәртебесі туралы заң жобасы» – білім саласында қызмет ететін мен сияқты жас мамандардың тұрақтылығын арттыратын тиімді механизм. Берілген мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану арқылы білім мен ғылым көкжиегіндегі кәсіби шеберлігімізді шыңдай түсеміз деп сеніммен айта аламын.
Ю.Харари айтқандай: «Тарихшылар жұртқа киім, тамақ алып бере алмайды. Есесіне жаһандық ұлы дәуірде адамдардың мүмкіндігін аз-маз теңестіру үшін олардың түсінік-ұғымын сәл де болса бекіте түсе алады…».. Ұстаздарымның еңбегі зор. Түркі халықтарының тарихы мен археология саласына қызығушылығымызды арттырған т.ғ.к., профессор Амантай Исаұлы, Алаш тарихын Мұхтарбек Кәрімовтей шебер түсіндіріп бере алатын ғалым кемде-кем. Әлем тарихы мен тарихты оқыту әдістемесін Зәуре Мұқатаевадан меңгермеу – мен үшін «бакалавр» дәрежесін алмаумен тең. Тағы бір мықты ғалым-педагог – Майра Ибраемова. Алғаш ғылыми мақала жазуға баулыған ұстазым, дипломдық жұмысыма да жетекшілік етті. Ғылыми мақалаларымыз халықаралық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Магистратура мен докторантурадағы ұстаздарым тарих ғылымдарының докторы, профессор Қымбат Байсарина, Бақыт Атантаева және тағы басқалары менің шетелден білім алып, тағылымдамадан өтуіме үлкен қолдау білдірген ұстаздарым. Отан тарихының іргелі мәселелері, Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры, Қазақстандағы көші-қон және репатриациясы – ғылымға бет бұрған әрбір жас ғалымның оқуы тиіс тақырыптары.
Қазақ қызының Түрік еліне барып, тез тіл табысып, үйреніп кетуі де үлкен еңбек. Шырынның айтуынша, алғаш түрік тілін үйреткен Памуккале университетінің профессоры, әдебиетші ғалым Нергиз Бирай мен PhD доктор Сема Эйнел екен. 2017 жылы Түркияда оқып жүрген кезінде «Абай атамыз туралы ғылыми еңбек шығады», деп Н.Бирай аударма жұмыстарын береді. Шырын бұл жұмыстардың ішінде жерлесіміз ф.ғ.к. Серікқазы Қорабай мырзаның «Абай әлемнің тұлғасы» мақаласын оқып, қазақшадан түрік тіліне аударады. Абайдың 175 жылдығына арналған «Türk Dünyasının Bilgesi ABAY KUNANBAYOĞLU» атты құнды еңбек араға екі жарым жыл салып көктемде Анкара қаласында (Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Түркия Академиясының қолдауымен) жарыққа шығыпты. Кітаптың ішінде Абай туралы сирек кездесетін деректі мақалалар түрік тіліне аударылған. Үлкен еңбектің шығуына – Н.Бирай (Памуккале университеті), Г.Құрманғалиева – Ерджиласун (Гази университеті), С.Сағлам (Памуккале университеті) сынды ғалым профессорлар үлес қосқан.
– Бір қуантарлық жайт. Түркияда кітап шыққан бетте Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытқан түркиялық жас ғалымдардың саны бірден артты, – дейді Шырын.
– Қазақ-түрік ғалымдары бірлескен онлайн конференцияларларға түрік жастары көп қатысты. Әлеуметтік желілерде Абай жерін көргісі келетін, зерттегісі келетін, қазақ тілін дамытқысы келетін достарымнан жиі хаттар келіп тұрады. Пандемия аяқталса Жидебайға көп туристер легі келеді деп ойлаймын, – дейді жас ғалым
Шырынның айтуынша, қазақ тілінен түрік тіліне аударған өте ауыр. Керісінше түрік тілінен қазақшаға жеңіл. «Аудармашы маман емеспін, Түркиядан келген қонақтардың жанында аударуға көмектескенім бар. Негізі екі тіл өте ұқсас, бірақ біздің қоғамдық ортада орыстілділер болғандықтан олар қиналып қалады, түрік тілін ұға қоймайды. Сондықтан шетелден келіп жатса, бізді шақыруға тура келеді. Ең ауыр аударма түрік инвесторлары мен қаладағы әкімдіктің экономикаға қатысты сұхбаты еді. Қанша бас тартқаныммен, басқа аударатын адам болмады. Баруға тура келді. Түркияда оқып жүрген кезімізде атақты инвестордың «DESA» дүкендерінің жанынан жайлап өтетінбіз. Тауарлары өте қымбат болатын. Сол атақты инвестор Бурак Джелет мырзаның дәл қасында отырып, өз елімде аударма жасағаныма қуандым», дейді Шырын Қауанова.
Жастық шақ адам өмірінің ең бақытты кезеңі. Бұл оның мүмкіндіктері, таланттары мен жеке басының жақсы жақтарын көрсете білетін кезең. Дәл жас кезде біз болашақта өз өмірімізде қолданатын білім мен жеке қасиеттердің қажетті негізін саламыз. Ең бастысы, жас кезіңде өз күшіңді босқа жоғалтпау керек. Болашақта өзінің ең жақсы дағдыларын толық пайдалану үшін адамның қадір-қасиетін жоғалтпағаны дұрыс.
Әңгімеміздің кейіпкері, талантты да талапты жас Шырын Қауановаға біз сәттілік тіледік!
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.