Өзекті

ҚАЙСАР ҚАЗАҚ

Жаңа Жылдың алдында қазақтың қайсар ұлы, даңқты батыр, халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтың облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Виктор Храпуновтың шақыруымен Өскеменге келгенін естіп, елең ете қалғанбыз. Батырдың туған жер десе алып-ұшып тұратын көңілін білеміз, десек те, жасы тоқсанға таяған ардақты ақсақалдың анда-санда елге оралуы біз үшін тарихи оқиға ғой. Оның үстіне Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында болса…

Ол туралы баспа беттерінде аз айтылған жоқ. Деректі фильмдер де түсірілді. Өзі де жорық жолдары жайлы хикаяттарын көзі қарақты оқырманына қаламының қарымы жеткенінше тарту етті, халқы оны партизан-жазушы ретінде таниды. Дәл бүгін Мұзтаудай мұнартқан, Алтайдай алып, аты аңызға айналған хас батыр Қасекеңе жалған жарнаманың түкке қажеті жоқ. Жалғандыққа жаны қас, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай мәрт мінезді батыр ұлдың қанды майдан жорықтарын жаттап өскен мұқым бір ұрпақтың өзі орта жастан асып барады. Олар Отан қорғауды, елге, жерге деген сүйіспеншілікті Қасымдай хас батырдың ерлік жырларын оқып, бойға дарытқан. Сондықтан да Қайсеновтың есімі еске оралғанда, ой-һой жиырма бесін Украинаның сыңсыған қара орманында, тәкәппар Карпаттың құз-шыңдарында қалдырған, қар жастанып,мұз төсеніп жүріп, жауға жасын ойнатқан жалын жастықтың отты жылдары санамызда жаңғырып жүре береді.
«Батыр бір оқтық» болғанмен, «қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» екен. 1939 жылы Фин соғысына аттанған жиырма екі жастағы Қасекеңді Мәскеуде алып қалып, диверсиялық-барлау мектебінде үш жарым жыл оқытып, қайсар қазақты жау тылындағы партизан қозғалысын ұйымдастыруға жібергенде талай рет аяусыз ажалмен бетпе-бет келген. Иә, 1941 жылдың ызғарлы күзінде ол Украинадағы Богуслав орманына он адаммен түскенде, жау қоршауын бұзып шығып, тірі қалған жалғыз осы Қасекең. Киев пен Полтава өңіріндегі партизандар құрамасының бір отрядының командирі болып жүргенде оқ тиіп, есеңгіреп, сан рет жараланса да жорық жолын жалғастыра берген де осы Қасым. 1943 жылдың аяғында аяқ астынан Молдавия жеріне жиырма адамды аспаннан аяғын салбыратып түсіріп, жау оқпен қарсы алғанда, су ішкілігі бар екен, Қасым тірі қалған. 1944 жылдың басында жиырма бес адамды Румынияның Плоешти өлкесіне парашютпен лақтырғанда тірі қалған үш адамның бірі – осы Қасекең. 1944 жылдың жазында алпыс адамды Карпат тауының арғы бетіндегі Батыс Украина жеріне түсіргенде, жандәрмен аман қалған жетеудің бірі тағы да алпамсадай қара қазақ еді. 1943 жылдың қара суық қыркүйегінде Қасымның жүз жиырма адамдық отряды жаңбырша жауып тұрған оққа қарамастан арыны қатты Днепрден өтіп,соғыс тарихындағы атақты Букрин плацдармын жасағанда, командование олардың бәрін өлдіге санаған. Яғни, мұндай алапат ұрыс операциясынан аман қалу мүмкін емес деп ойлаған. Бірақ, ішінде командирі Қайсенов бар жиырма партизан тірі қалған. Арғы жағаға өткендердің бәріне Батыр атағын үлестіріп жатқанда, қайсар қазақ тізімге ілінбей қалыпты, оған тиесілі марапат украин жігіті Тканконың қанжығасында кеткен. Бірақ, Қасым үшін ол кез кеудеге тағар темір-терсекті түгендейтін заман емес еді. Тірі қалғанына тәубе деген. Туған жерге жетсем, туған-туыстармен, асыл жары Асылханмен қайта қауышсам деген аппақ арман «кебенек киген» Қасым жігітті желеп-жебеп, жаудың жасынынан жасқап, бөгде көздің сұғынан сақтап жүрді-ау, шамасы!.. Міне, сол Қасым, туған жерге кіндігі байланған қайсар қазақ сексен сегізге ат басын бұрған абыз шағында әлі де тізесі дірілдемей Өскеменнің төрінде жатыр құрмет-қошеметпен! Храпунов мырза да білерлігі бар мәрт екен, қазақтың маңдайына біткен өр Алтайдай өршіл де қайсар ұлын ұлықтаудың үлгісін Қасекеңдер жаудан тартып әперген тәтті өмірді алаңсыз сүріп, өз сүрлеуімен келе жатқан мына ұрпаққа танытып отыр…
Осы бір ордалы оймен Қасым батыр Қайсенов ат шалдырып жатқан «Бейбарыс» қонақ үйінің табалдырығын имене аттағанбыз. Сексен сегіз жас оңай дейсіз бе, кезінде екі иығына екі кісі мінгендей алпамсадай тұлға еңкіш тартқандай, таяққа сүйеніп қалыпты, бірақ әлі де кеудесі шалқақ, қарсы қайырылған аппақ қардай қалың шашын аракідік сіліккен сайын өр Алтайдың ұшар шыңы қылаң бергендей. Қол қусырып сәлем беріп, газет тапсырмасымен келген бұйымтайымызды жеткізіп жатырмыз. Сөз арасында жағдайын, көңіл-күйін сұрап қоямыз.
«Өмірдің жазы өтіп, қысы қалды,
Көңілден алтын кетіп, мысы қалды.
Ашық-жарқын мінездің бірі де жоқ,
Жабырқаулық соңыма түсіп алды», –
деп өлеңдетіп, қарулы да салалы саусақтарын иығымызға салған. Қасиетті қара шал мейірленген сайын, жанымызға жылу тарап, толқып тұрмыз.
– «Дидар» газеті, ол кезде «Алтай большевигі» болатын, менің жаныма тым жақын ғой, – дейді ол даусы қарлығыңқырап. – Онда мына Асыл апаң қызмет істеді ғой, менің жазғандарым, мен туралы дүниелер жарық көрді ғой. Оны халық оқыды, білем. Әлгі әкесі маған сабақ берген, бір келгенімде, Алматыға қайтарда шатастырып, Кемеровоға ұшатын ұшаққа салып жіберген жігіт жұмыс істей ме? (Біраз жігіттің атын атап, түсін түстеп шықтық. Кезек Мұрат Әміреновке келгенде, басын изеді). Ой, онда қызық болды ғой. Бірер сағаттан кейін Кемеровоның әуежайына қондық деп хабарлады, құдай ұрғанын, Алматыға емес, Кемерово бағытындағы ұшаққа отырып кеткенімді бір–ақ білдім. Ол кезде партия, кеңес дегенің тарап кеткен. Енді бұл ұшақ қайта айналып, екі күннен кейін Алматыға ұшады екен. Қарап тұратын емес, сол облысты басқаратын қазақ бауырым Аман Төлеевке әуежай бастығының кабинетінен телефон шалдым. Басында ештеңе түсінбеген ол мәшинесін жіберетін болды. Ол мені құшақ жая қарсы алды. Сыртымнан жақсы біледі екен. Бастан-аяқ болған жайды баяндап, қалтамдағы қазақ ақшасын орыстікіне айырбастап, келген бетімше қайтара салып жібер деймін ғой. Аман бауырым менің аңқаулығыма ішек-сілесі қатқанша күліп, арқамнан қағып, құшағына алды. Сейфін ашып, алдыма бір бума рубль тастады. «Асықпаңыз, қонақ болыңыз. Ұшақ маршрутын өзгертуге қақымыз жоқ. Ұшатын күні Алматыңызға жетесіз» деп басу айтты. Мен көндім, сый-сияпат көрдім. Жағам жайлауда, төсім қыстауда болып, Алматыма ұшып келсем, ондағылар аяқтарынан тік тұрып, жер-көктен іздеп жатыр екен. Осы оқиғаны бір кітабыма еңгізіп, Аман бауырыма салып жіберіп едім, риза болыпты. Алыста жүріп атымызды шығарып жүрген қандасымыз ғой, аман болсын!
Иә, нағыз батыр албырт та аңғал келеді. Қасым батырдың бүгінгі бітім-болмысынан да соны аңғардық та кең-мол пішілген келбетін айғыздаған әжімнің әр қатпарынан сезілген мейірім шуағына бөленіп, аз-кем отырып қалыппыз. Жауыңа қалай қол салдың, диверсиялық-барлау мектебінде үйренген жүзден астам айла-тәсілмен немісті қалай өлтірдің деуге аузымыз бармай, үрей мен қорқыныш сынды сезімді ысырып қойып, от пен суға түскен пенделігің Отан үшін, ел үшін қасақана жасалған әрекетің болар, әлемге қауіп төндірген фашистке атойлап қасиетті ұрыс салған Сіздердің Алла алдындағы арларыңыз таза-ау деп іштей толғанып отырғанымызды сезді ме, Қасекең баяулатып әңгімені өзі бастады. Ет пен сүйектен жаралған соң, соғыс сұрапылындағы қорқыныш пен үрей, қиналған сәт жадыңызда қалды ма деген сауалды орынсыз қыстырып жібергенімізді бізден бұрын ол аңғарыпты.
– Ой, дорогой, өзің жазған қанды майдан жорықтарды оқыған жұрт жаттап алды, айтылмаған жырларыңды жайып сал деп отырсың ғой, – деді де кеңкілдеп тұрып күліп алды. – Оның жөн енді. Асыл апаң екеуіміз 1938 жылы Өскемендегі саяси-ағару техникумын бітіріп, осында отау құрып, бір жылдай қызмет істегенімізді білесіңдер. Білетінді айтпа деп отырсың ғой. Жарайды. Наркомпрос отыз сегізінші жылдың аяғында мені Павлодар облыстық оқу бөліміне инспекторлыққа жібергенде, фин соғысы басталып кетті де Асыл апаңды елге қалдырып, майданға аттандым. Атақты Естайдың қарындасынан туатын Өмірбаев Хамза деген ақын досым екеуіміз Мәскеуге дейін поезбен бірге бардық та ол ары кетті, мен сонда қалып қойдым. Хамза байғұс содан хабар–ошарсыз кетті ғой. Қазақ дарынды ақынынан айырылып қалды. Сөйтіп, мен үш жарым жыл қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған диверсиялық-барлау мектебінде оқыдым. Шетелдерде ұзақ жылдар жасырын қызмет атқарған кәнігі барлаушылар бізге кісі өлтірудің жүзден аса әдісін, жауды жер жастандырудың, қысылтаяң сәтте ажалдан аман құтылудың амалын үйретті. Ұстаздардың аты-жөндері де жасырын болды. Ал, 1941 жылы қосымша пәндер жүргізіп, жау тылында қимыл жасауға, ұрыс салуға, диверсиялық, террорлық әрекетті іске асыруға баулыды. Қазір айтылып жүрген террор деген кісі өлтіру ғой. Оның екінші мағнасы да бар. Ол наразылықтан туады. Мысалы, үкіметтің жүргізіп отырған саясаты халықтың мүддесіне сай келмесе, наразылықтан кісі өлтіру, күрес белең алады. Құдай оның бетін ары қылсын. Сол мектепті бітірер тұста соғыс басталып кетті. Украина мен Белоруссияның көп жерін фашистер алып қойды. Барлау мектебін бітірген он үш жасты соғыс өрті өршіп тұрған Украина майданына апарып түсірді. Әрбір әскери округте майдан штабы, онда партизандар қозғалысының штабы бар екен. Бізді сонда жіберді. Мұнда да партизандық іс-қимылға дайындық жүруде. Кең байтақ Украинаны екіге бөліп Днепр деген алып өзен ағып жатыр. Оның батысын түгелдей немістер басып алған. Маған он адам жинап берді де батыстағы қалың орманға аттандырды.
Қасекең бір сәт көзін жұмып, ойланып отыр. Бұдан алпыс төрт жыл бұрынғы мен сұраған жанкешті оқиғаларды еске түсіріп жатыр, білем, қанатын қомдаған қарт қыранның қиялы Украина орманын шарлап кеткендей, өңі қарайып, қатуланып, қанын ішіне тартып алған…
– Арамыздан бір қу қашып кетті. Қалғандарымызды фашистердің жазалаушы отрядтары қоршап, неше күн соғыстық, ақыры екі-ақ адам қалдық. Қасымдағы жаралы, аты-жөнін ұмыттым. Мерт болғандардың қару-жарағын белгілі жерге тығып, жаралы жауынгерді плащ-палаткаға салып сүйредім де отырдым. Орманды тіміскілеп жүрген немістерге де сан мәрте кездестік. Әйтеуір, аман құтылдық. Днепрге жетіп, Шығысқа өтіп кетсем деп ойлаймын. Бірақ, оның жөні болмады. Сөйтіп жүргенде, әлгі қанды көйлек жолдасым көз жұмды. Оны жерлеп, қоштасып кете бардым. Ит тұмсығы өтпейтін Богуслав орманында жалғыз қалдым. Дүниеде жалғыздықтан жаман ештеңе жоқ. Селоға баруға болмайды, онда фашистер ойран салып жүр, тыңшылары да жетерлік. Ашпын, шөл қысып барады. Орманда менен басқа тірі жан жоқ, соғыс басталғаннан бері аң-құс, тіпті, тышқанға дейін ауып кеткен. Он шақты күннен кейін жүруден қалдым. Аш адам ұйықтай береді екен. Түс көремін, әр нәрсені армандаймын. Балық болып, Днепрден жүзіп өтсем ғой деп ойлаймын. Әбден шөлдегенде, тыр жалаңаш шешініп тастап, шық тұнған шөпке аунаймын. Енді не болса да шөлімді қандырып өлейін деп, бес жүз метрдей қалған Днепрдің жағасына қарай жер бауырлап еңбектедім. Бір сөткеде жеткен жерім жар болып шықты. Оған түссең, қайта шығу неғайбыл. Өзенде арлы-берлі кемелер, қайықтар жүзіп жатыр. Біздікі болса жақсы, ол кезде Украинада ұлтшылдардың пиғылы жаман еді. Содан қорынып жаттым. Күндердің күнінде өзенді өрлеп қол қайық келе жатыр екен. Айқайлайын десем, дауысым шықпайды. Қайықтағы шал екеніне көзім жеткен соң, тұсыма келгенде, дәу бір тасты жарқабақтан төменге домалатып жібердім. Ол да жүрексінгенмен, қайығын қайраңдатып, қасыма келді. Менің кім екеніме әбден көзі жеткен соң, фашистерден көрген қорлығын етегін жасқа толтырып тұрып айтты ғой. Шалдың, атын ұмыттым, екі ұлы қызыл командир екен. Екі-екіден баласы бар. Соғыс басталғанда отбасыларын селодағы әкесіне жібереді. Немістер селоны басып алған соң, сатқындар бұларды фашистерге айтып қояды. Шал үйде болмаған кезде жауыздар кемпірін, төрт немересін, екі келінін атып тастаған. Міне, мұндай айуандықты көріп-естіп тұрып, қалай қаның қайнамайды. Панасыз шал менімен жарты айдай бірге жүрді. Балық сүзіп жейміз, ол селодан нан, сүт алып келеді. Әлденіп алған соң оған тығып қойған қару-жарақты көрсеттім, «мен болмай қалсам, жауға қарсы күресетін азаматтарға бересің» дедім. Сөйтіп жүріп, партизандар құрамасына қосылдым.
Міне, бұл қорқыныш пен үрей билеген бір эпизод қана. Одан әрі, өздерің білесіңдер, қанды майдан жорықтар, қатерлі күндер жалғаса берді. Мен партизандар отрядын басқардым, ол полкпен пара-пар ғой. Оның құрамында кезінде тұтқынға түсіп, қоршауда қалған офицерлер, жергілікті комсомол, партия қызметкерлері, бір сөзбен айтқанда, өңкей ығай мен сығай. Басқа ұлттардың ішінен отрядты басқарған қара қазақ мен ғана шығармын. Партизандар арасында әскери дәреже деген болмайды, жеке басыңның мықтылығымен ғана мойындатасың. Мені мойындады. Кітаптарымда жаздым ғой, бәрін қайталап қайтейін, төрт жыл Украина орманын жаумен алысып жүріп кезгенде талай рет тығырыққа тірелдік қой. Сақылдаған сары аязда кейде жаралы, кейде аш жүресің. Одан Карпат астық. Оның ар жағындағы украиналықтар чех пен венгр капиталистерінің тепкісінде болған ғой. Оған неміс-фашистер келіп қосылды. Сондағы украиналықтарды жаудан азат етуге аттандырды. Әлі есімде, аспаннан түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті ғой, парашюті ашылмай қалды, жалама жартасқа келіп құлады. Тірі қалған жетеуіміз халықты көтеріп, дивизия құрып алдық қой. Қазір содан үшеуіміз тіріміз, әзірше. Алғашқы командирім Иван Кузьмич Примактың сүйегі Молдавия жерінде қалды ғой. Украинаның батыр ұлы қайран Ковпак кейде түсіме енеді.
Қайран Қасекең алыста қалған жалын жылдарына жүгініп, қарулас достарына деген сағыныш сезіміне беріліп отыр. Жанарына жас тұнады, мұң ұялайды. Олармен кездескен әрбір сәтін жыр ғып баяндауға әзір.
– Мынау бейбіт өмірде олармен талай рет қауышып, төс қағыстырдым ғой. Олар мен үшін туыстан да артық. Жұбымыз жазылмаған біз он үшпіз. Ол жақтағы он екісі Кеңес Одағының Батыры, он бірі генерал болатын. Александр Васильевич Тканко ғана полковник шенінде қалып қойған. Бұдан бес-алты жыл бұрын Украинаға баруыма тура келді. Екі жақтың үкіметі мен туралы кино түсіруге келісіпті. Әрине, оның басы–қасында қарулас достарым бірге жүрді. Тканкодан сұраймын ғой, сен неге генерал емессің деп. «Өйткені, мен үкіметке оппозициядағы адаммын ғой», – дейді. Шынында да Александр болмысынан бірбеткей, шешен тілді азамат еді. Украина президенті Кучмаға Тканкоға генерал атағын бер деп қолқа салдым. Ол мені өте сыйлайтын адам. Біздің үйде де болған. Ол он жыл Қазақстанда, анау Байқоңырда қызмет істеді ғой. Одан кейін бір жылдан кейін Украинаға тағы бардым. Досыма генерал атағын бермепті. «Оппозициядағы адамға шен-шекпен бере ме?» дейді Тканко. Сол жылы Кучма мені тағы қабылдады. Қонақасы үстінде арақ ішіп отырғанда «Леня, сен дұрыс істемей жүрсің. Егер Тканколар Украинаны азат етуде ерлік жасамаса, сен қазір президент болып отырар ма едің?» деп төтесінен қойдым. Ренішімді байқады, сөзге жығылды. Артынша Тканкодан хат келді: «Наконец-то, наш президент раздобрился, маған генерал атағын берді, бауырым, саған рахмет», – депті. Үстімнен ауыр жүк түскендей, бір жеңілдеп қалдым.
Ол тағы бір сәт үнсіз қалды. «Жарайды, біреуді біреу біліп болмайтын аласапыран соғыс кезінде батырлықты бағалауда мүлт кеткен тұстар болған шығар. Артынан да соғыс шежіресі бұрмаланып жатыр емес пе? Тіпті, өзі алар батыр атағын еншілеп кеткен Тканкоға генерал шенін әпергенше жарғақ құлағы жастыққа тимеген пенделіктен ада Қасым батырды қолдап-қолпаштауға келгенде неге жерге қарап қаламыз. Генерал шені Қасекеңнің тақиясына тар келер ме еді?» – деп біз де көңілсіз ой шылауында отырғанбыз. Ол иығын қомдап, төмен салбыраған басын кейін қайырып, жүзін шалт бұрды да гүр ете қалды.
– Бұл соғысты адамнан да, Алладан да жасыра алмайсың енді. Ол тарих қой. Ал, соғыс шежіресін бұрмалайтын адамдар болды. Ұлы Отан соғысының дүниежүзілік маңызы бар ғой. Егер бұл соғыста жеңбесек, бар адамзат фашистердің құлы болып кететін еді, жауыздар ұлан-ғайыр жерді басып алып, халықты қырып тастаушы еді. Осы бір алапаттан елді, жерді аман алып қалдық қой. Ұлы Жеңіске үлкен үлес қосқан Сталин ғой. Қазір оны күнде боқтайсыңдар ғой, тарихтан оның есімін сызып тастағылары келеді. Мысалы, баяғы Наполеонның кезінде Кутузовтар Мәскеуді француздарға таптатып қойды ғой. Ал, Сталин іргеге келген фашисті Мәскеуге кіргізбеді. Оның қаталдығында қателік кеткені рас. Соғыс кезінде босбелбеу болу мүмкін емес еді. Ал, мұндай қателік Сталиннен басталды ма? Оны Ленин, Троцкийлер бастаған, олардың бүкіл селоны жойып жіберген кездері болған. Сталиннің қателігі Лениннің қатыгездік жолын жалғастыруында ғана.
Ал, ұсақ ұлттардың қақпай көргені рас. Тіпті, бертін талантты қазақ қолбасшылары полковник шенінен аса алмайтын. Соғыс кезінде ерліктері ескерілмеген талай боздақтар өтті ғой бұл дүниеден. Қақпайды ең көп көрген Бауыржан батыр ғой. Ол дивизия басқарды, дивизия командирлерін оқытты. Бауыржан ұлы адам, оның батырлығын айт! Оның соғыстағы әр күні, әрбір айы батырлық. Бірақ, соғыс кезінде генерал шенін де, Батыр атағын да алған жоқ. Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ең алдымен ту тіккендердің бірі. Бәлен жерге Қошқарбаев ту тікті деп хабарлап жатқандар Герой атағын алып жатты. Бұл екеуі де керемет қиянат көрді. Ал, осы қиянатқа өзіміздегі қиянатты қосайын ба? Халық үшеуімізге Батыр атағын беру керек деп жаза берген ғой. Ол Мәскеуге жеткен. Ондағылар басында қарсы болмаған, алдымен өздерінің өкіметінен құжаттар жасатып алайық деп қағаз жібереді ғой. Сол кездегі Қазақстанның Әскери комиссариатының бастығы генерал Бәйкенов (қазір жоқ, қайтыс болған) марапат қағазын толтырып, үшеуімізге үш папка әзірледі. Ол менде әлі сақтаулы тұр. Атын айтқым да келмейді, шешуші сәтте бір қазақ генералы үшеуі де батырлыққа лайық емес деп шу шығарған ғой. Одан кейін Мәскеу теріс айналып кетті. Артынан Бәйкенов жарықтық мені шақырып алып, мәселенің мәнісін түсіндіріп берді. Бұл солай болған, қарағым. Маған Халық Қаһарманы атағын берді ғой, рахмет. Ал, оның бірінші нөмірін егер өлген адамға беретін болса, Бауыржанға, жоқ тіріге береміз десе, мына Талғат Бигелдиновке беру керек еді. Ол әуеде ерлігін үш рет қайталаған қыран ғой. Жалпы, батыр болайық деп соғысқамыз жоқ. Халық жүрегінде мәңгі қалудан артық бақыт жоқ қой…
Иә, Қасым батырды мұқым қазақ қана емес, украина да туған ұлындай көреді, төл перзенті санайды. Тоқсанға аяқ артқан тәубешіл Қасекең туған елі мен алыстағы Украинадағы қоғамдық-саяси жағдайға да алаңдап, кәнігі саясаткерше өзінше сараптама жасап отырады екен. Ақ сөйлеп, әділдіктің туын желбіреткен абыз ақсақал саяси әңгімені де күлбілтелемей төтесінен соғып отыр.
– Ой, дорогой, ерлік шежірем жазылған Украина менің жүрегіме тым жақын ғой. Онда демократиялық жолмен президент ауысты. Мен соғысқан батыс Украинаның баяғыдағы ұраны дербес, тәуелсіз ел болу еді. Негізінен Ющенконы солар қолдады. Екінші үміткер Януковичты Ресей қолдағанын білесіңдер. Украина халқы елі мен жеріне Ресейдің қол сұғуын қаламайды. Саясатыңның бар секреті осында. Сөйтіп, Украинада оппозициялық күштер жеңіске жетті.
Ал, енді, бізде де оппозиция бар ғой. Біздегінің бәрін бақылап жатамын. Мұндағы оппозиция Украинадағыдай оппозиция емес. Бұлардың соңынан халық ере алмайды, өйткені, олардың әрекеті дұрыс емес. Мысалы, бізде де Парламент сайлауы болды. Сайлаудың алдында Президентіміз екі күннің бірінде оппозицияға да, жай сайлаушыларға да ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отырды, сайлаудың әділ өтуіне, қателік жібермеуге үндеді. Бірақ, оппозиция өздерін әшкерелеп алды ғой. Халық олардың кейбірін қолдап, мандат алып берді. Жеме-жемге келгенде, олар мандаттан бас тартып, ел сенімін аяққа таптады, халықты көкірегінен тепкендей болды. Адамша Парламентке барып, өз көзқарасын бұқпантайламай ашық айтуға жарамады. Мен басында Серікболсын Әбділдинді қолдайтынмын. Себебі, ол идеологиялық оппозиция, коммунистердің басшысы болды ғой. Кезінде Назарбаевпен бірге қызмет істеді, соңынан бірге алып жүрмеген соң, өш алуға көшкен сыңайлы. Нағыз коммунист болса, заңға, халықтың шешіміне жүгінуі керек қой. Ол бұл принциптен тайқып кетті. Мен өзіміздің туыс, жерлес Жақияновты жақсы көретінмін. Бірақ, ол қанша жақсы болғанменен, қылмыс жасап алды ғой. Қателесіп жасасын, әйтеуір, қылмысқа барды. Оны соттады. Ал, Серікболсын заңға, сотқа жүгінбей, Жақияновқа адвокат болуы коммунистік кредосына жатпайды ғой.
Кезінде халықтың бәріне бірдей Ленин де, Сталин де жақпаған. Назарбаевтың да халықтың бәріне бірдей ұнауы мүмкін емес. Бірақ, оппозиция қанша жамандағанымен, Нұрсұлтан Назарбаев озық ойлы азамат, өте ақылды адам. Ол сұңғыла саясаткерлігімен қазақ елін де, өзін де бүкіл әлемге танытты, қазір онымен санаспайтын, Америкадан бастап, бірде-бір мемлекет басшысы жоқ. Халықтың жағдайы да түзеліп келеді. Мұндай Елбасыға қарсы шығып жүрген оппозиция оппозиция емес. Сендердің облыстарың да басшыдан бағы жанды. Виктор Храпуновты жақсы білемін, Алматыда қатты қолдадым. Президентке «Храпуновты Алматыдан әкетпе, мұның жұмыстан басқа ешнәрсемен шаруасы жоқ, нағыз еңбектің торысы» деп талай рет қолқа салдым. Ол тілегіме құлақ асты. Осы жолы Викторды Алматыдан әкетеді дегенде ренжіп қалып едім, Шығысты басқаруға барады деген соң, көңілім орнықты. Ол бұлтақ–сылтақты білмейтін әділ де қарапайым, қайырымды азамат. Елдің берекесін кіргізіп, көсегесін көгертетін осындай ұлдар ғой.
Қасекең алтын уақытты қадірлейтін адам ғой. Қол сағатына қарады да облыс әкімінің салтанатты қабылдауына баратынын, соғыс ардагерлерімен кездесетінін алға тартты. Таяғына сүйеніп тұрып бара жатып, тағы да тіл қатты.
– Бүгінгі ардагерлер Ұлы Отан соғысы кезінде асқан ерлік жасады, ел мен жер үшін аянған жоқ, жеңісті алып берді, олардың ішкені де, жегені де адал. Олардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа ұран қылуымыз керек. Құдай оларға қанша ғұмыр берсе, тәуелсіз елінде сонша алаңсыз өмір сүре берсін. Ал, мен де соғыстан кейін алпыс жыл өмір сүріп келемін. Соғыстың алғашқы күндері қаза тауып кетуім мүмкін еді ғой. Міне, дін аман олжалы өмір сүріп келемін. Бірақ, осы олжалы тірліктің өзін тегін жасамаппын. Мен бармаған облыс, болмаған мекеме жоқ, жастарға қаншама әңгіме айтып бердім. Оның үстіне отыз үш кітап шығардым. Оларды қазір қайта басып жатыр. Асыл апаң екеуіміз екі ұл, екі қыз көрдік. Олардан он шақты немере, бес-алты шөбере бар. Асыл апаң екеуіміздің қол ұстасып келе жатқанымызға жетпіс жыл болды. Кейбір жұрт жетпіске де келе алмай жатыр ғой (кеңкілдеп тұрып күліп алды). Міне, осының бәрі бақыт! Төбемді көкке жеткізіп, еркелігімді көтерген халқыма рахмет! Әзірге айтар әңгіме осы.
Халық батырына айналған қазақтың қасиетті Қасымы Алтайының аязын сағынып қалған ба, еңселі ғимараттан тысқа шыққан соң да мәшинеге біраз уақыт мінбей, өңірін ашып тастап, кеудесін кере кең тыныстап тұрып алды. Батыр десе батыр, тұлға десе тұлға дерсің. Қоштасқанымызбен, артымызға қайырыла қарадық. Томағасын сыпырған қарт қырандай көз ұшындағы аппақ Алтай сілемдеріне көз тастайды. Оның ар жағында қалған жастық дәуренін ойлап, көкірегі күмбір күйге толып тұр ма екен?!

Уәлихан Тоқпатаев

25 қаңтар 2005 жыл

Осы айдарда

Back to top button