Саят

Қайролданың Ұялас төбетінен қасқырлардың зәре-құты қашады

Қайролданың Ұялас төбетінен қасқырлардың зәре-құты қашады

…Сонау алпысыншы жылдардың басында Саржыра ауылында ерлі-зайыпты Сайфолда, Күлпаш Шәкеновтер бізбен көрші тұрып, мал шаруашылығында еңбек етіп, оның зейнетін көріп, құрметке бөленді. Екеуі де орден, медальдармен марапатталып, ауданның атынан көрмелер мен түрлі жиындарға қатысты. Тіпті Күлпаш апайымыз 70 жылдардың соңында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Отағасы екеуі жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Қайролда, Жанат, Қайрат деген ұлдары бар, төрт қызын оқытты, білім берді, қазір олар мал дәрігері, ұстаз, дәрігер болып қызмет етеді. Отағасы Сайфолда аға 82-ге, ал Күлпаш апамыз 77-ге келсе де тың, балалары мен немерелеріне ақыл-кеңесін айтып, Зайсан қаласының қарияларымен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Жақында Зайсан ауданында іссапарда болғанымызда Қайролда Сайфолдаұлы Шәкеновпен Қара Ертіс қойнауындағы Шұбарағаш қыстауында кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік.
Батыр тұлғалы, екі иығына екі кісі мінгендей жауырынды жігіттің спортпен шұғылданатыны байқалады. Кезінде күреспен айналысқан Қайрекең 32 келілік гір тасын қақпақылдап, асықша үйіретіні туралы бауырым Беріктен естігенмін. Қарулы азаматтың еңбегі жанып, енді, міне, аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бірін басқарып отыр. Қайролданың «Сайхан» шаруа қожалығындағы ірі қарасы 400, жылқысы 400, қой саны бес жүзден асыпты. Өткен жылы «Жыл адамы» атағын иеленген Қайрекең жақында лизінгіге екі МТЗ тракторын, бір – ДТ, бір – Т-25 доңғалақты тракторын алыпты. Жаны жайсаң, жомарт азамат қайырымдылық шараларына да белсене араласатын көрінеді.
Шұбарағаш қыстауы Қара Ертістің маңында, жазда шөп бітік өсетін, төрт түлікке таптырмас өңір. Көктемде шөп жайқалып өсіп, тамызда қыстан қысылмай өтетін мал азығын дайындап алуға болады. Қожалықты құрғанына 20 жыл. Содан бері Қ.Шәкеновтың «Сайхан» шаруа қожалығы аудан экономикасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Өзімен бірге еңбек ететін Қанат Бөтекенов, Жанат Қапышев, Әйтөк Рашидов, Бекзат Орынбаев, Руслан деген азамат қожалықтың ысты-суығын бірге бөлісіп келеді.
Зайсан ауданының тұрғындары Қайролданың Ұялас деген төбеті туралы ауыздарының суы құрып әңгімелейтінінен құлағдармыз. Бізді қызықтырған малды қызғыштай қорғайтын, дала жыртқыштары өлердей қорқатын төбет ит болатын.
–Бес жыл бұрын Өскеменге келіп, 50 мың теңгеге төбет итті сатып алдым. Ол кезде ол бір жасқа да толмаған сары ауыз күшік болатын. Оның көздерінен ұшқын шашқан отты көріп, түбінде малыма қорған болатын серігім боларсың деп болжадым. Оған Ұялас деп ат қойдым. Ұялас сенімді ақтады, қасқырлар қора маңынан аулақ жүретін болды, тіпті жыртқыштардың үйіріне қосылып, сырттан атанған кезі болды, –дейді Қайрекең.
–Қазақы төбет – иттердің төресі. Ит адамға дос, жеті қазынаның бірі. Ұялас өте ақылды, алғаш әкелген кезде біздің малға қасқырлар жиі шабатын, әсіресе, ұсақ малдарға маза бермейтін. Төбетім өсе келе жыртқыштар жоламайтын болды. Бірер жылдан кейін тосын мінез таныта бастады. Бірде мынадай қызық болды. Өзім көрген жоқпын, алайда, Ақарал ауылының бір тұрғыны алыстан Ұяластың қасқыр үйірінің арланымен шайқасып, оны шайнап тастағанын көріпті. Мына қызықты қараңыз, қаншық қасқыр ұяластарын өзі ертіп келіп, төбет пен арланды «белдестірген» ғой. Төбет – қасқырдың һас жауы, кекшіл жануар, аяқтары жуан, тұмсығы жалпақ, жыртқыштан ірі, өте күшті. Сондықтан болса керек, қасқырлар төбетті көрсе қарасын көрсетпеуге тырысады,–деген Қайролданың сөзі бізді қызықтыра түсті.
Ұяластың қасқыр үйірімен бір аптаға, кейде тіпті он күнге жоғалып кетуі қожалық иесін алаңдатып, оны іздеген күндері болды. Біз барардың алдында төбеті он күндей жоғалып, қайта оралыпты. Ұяластың қаншық қасқырдан туған үш күшігін туа салысымен ауыл адамдары асырап алыпты. Түрлері иттен гөрі қасқырға ұқсайтын күшіктердің серік болмайтынын, өсе келе өздеріне қауіп төндіретінін сезген ауылдастары одан құтылған екен. Ал күшіктері төбетке ұқсап кетсе, жыртқыштар оларды шайнап тастайтын көрінеді. Ұяластың күшігі Таймас та бір жасында әкесіне тартып, ірі болып өскен, ол да қасқыр үйіріне қосылатын әдет тауыпты. Таймас атына заты сай, малды қасқырдан қорғауға жарап қалған.
–Бірде Ұяласты іздеп келген қаншық итті алыстан көзім шалды. Ол Шұбарағашқа жиі келетін, тіпті оған «келін» деп ат қойып алғанбыз. Төбет ит туралы талай аңыз бар, тіпті қасқырмен будандасып, соңынан жыртқыштарға қосылып кеткен төбет жайында естігенбіз. Соңғы рет он күндей жоғалып кеткенде, не оны қасқырлар талап тастады, не енді кері қайтпас деп жорығанбаз, –дейді Қайролда Сайфолдаұлы.
Бұл күндері Қайролданың екі тазысы, екі төбеті, бір алабай иті бар. Алабай итінің малшыға сенімді серік, жойқын күш иесі екені белгілі. Қыста қыстауда, жазда жайлауға шыққанда сенімді серіктері Қайролдамен бірге еріп жүреді. Жеті қазынаның бірі саналған адамдардың сенімді серігі, көмекшісі төбет иттің қасиеттері туралы айта берсек, таусылмас.

Оңдасын Елубай

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button