Қайраткердің есімі қала атауына лайықты
Халқымыздың аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың туғанына жүз жыл толды. Қазақтың біртуар азаматының мерейтойына орай Риддер қаласының атын «Қонаев» деп өзгерту туралы ұсыныс түскен екен. Біз де бұл ұсынысты қолдап, Дінмұхамед Ахметұлының есімін Риддер қаласына беруді өте орынды деп есептейміз.
Алайда соңғы кезде баспасөз бетінде басқа да пікірлер жарияланып жүр. Мысалы, «Устинка» газетінің осы жылғы 1-наурыздағы санында басылған «Риддер-Конаев» атты мақаланы алайық. Онда мынадай жолдар жазылған: «Изначально поселение называлось Риддер», поэтому «город должен сохранить историческое название. Филипп Риддер более 200 лет назад открыл знаменитый рудник, вокруг которого и вырос нынешний населенный пункт». Автор ойын жалғастырып, қаланың атын өзгертуге қарсы екендігін былайша білдіреді: «Можно найти массу других вариантов, чтобы увековечить имя Кунаева – поставить памятник, например, или назвать в его честь новую улицу, проспект, площадь. Но зачем менять исторически сложившееся название?».
Мұндай тұжырыммен келісу қиын. Біріншіден, жиырма жеті жастағы тау-кен офицері Филипп Риддер бастаған барлау экспедициясының 1786 жылы 31-мамырда келешегі зор кен орнын ашқаны баршаға аян. Алтайдың қойнауын зерттеуді енді ғана қолға алған Ресей үшін бұл оқиға үлкен сенсация болуы мүмкін және сол елдің көзімен қараған кісілерге Ф.Риддер бағалы қазынаны «бірінші рет тапқан адам» сияқты саналуы да түсінікті. Бірақ, қазақтар үшін бұл оқиға таңғаларлықтай жаңалық емес еді. Олардың арғы ата-бабалары Алтай тауларындағы байлықты қола дәуірі, сақтар мен түркілер заманынан бері білген, біліп қана қоймай, оны игеріп жүрген.
Мәселеге осы қырынан қарасақ, Ф.Риддер тарихтың таза бетін ашқан жоқ, керісінше, «на месте старых чудских разработок они обнаружили богатые залежи полиметаллических руд» (Город рабочей доблести.- Алма-Ата,1986.-36 бет). Көне Қытай деректері бойынша, ежелгі замандағы сол кеншілер түсті металға толы жердің затына атын сәйкестіріп, «алтын тау», яғни, «Алтай» деп қойған. Осы тұста мынадай қызықты сұрақ туындайды: қола дәуірінде Алтайдағы кен қорын тұңғыш рет кім ашты? Өкініштісі сонда, сан ғасырлардың астында мүлдем ұмыт қалған шын мәніндегі нағыз бірінші «геологты» біз ешқашан білмейміз, әйтпегенде елді мекеннің атына сол кісінің есімін қойған дұрыс болар еді.
Екіншіден, Риддер қаласы үнемі осылай аталған жоқ. 1941 жылы ол Лениногор болып ауыстырылды, 60 жылдан астам уақыт өткен соң, 2002 жылы оған бұрынғы аты қайтадан қайтарылды. Бұл жайт қаланың атауын өзгертуге болатындығының дәлелі. Риддерді большевиктердің көсемі Лениннің атына алмастырғанда ешкім қарсылық танытпай, бәрі қуана келіскен. Осыған байланысты бірнеше сауал қойғымыз келеді. Қала Лениннің атын иеленіп жүрген жылдары олар «қалыптасқан тарихи атауды сақтаған жөн» деген мәселені неге жиі-жиі көтермеген? Ал Димаш ағаның есімі аталғанда не себептен неше түрлі сылтаулар айтып, байбалам салады? Дүниеде қатып қалған дәнеңе жоқ демекші, бір рет өзгертілген қала атауына өмірдің ағымына сай тағы бір рет түзету енгізілгенде тұрған не бар? Қойылған осы сұрақтарға адамның көңілі тоярлықтай жауап қайтарылып жатса құба-құп.
Үшіншіден, баяғыдан белгілі кен орнын қайтадан ашқаннан басқа Қазақстанға ешқандай еңбегі сіңбеген Филипп Риддердің аты қалаға бекіп қалса, ал елімізді бақандай 25 жыл басқарған, кеудесіне 8 мәрте Ленин орденін таққан, 3 рет Социалистік Еңбек Ері атанған, техника ғылымдарының докторы, академик, есімі әлемге әйгілі Д.Қонаевтай мемлекет деңгейіндегі ірі қайраткердің аты сол қаладағы көшелердің, немесе даңғылдар мен алаңдардың біріне ғана бұйырып жатса, Димаш ағаның асқар таудай беделі қатардағы офицер Ф.Риддер алдында төмендегені емес пе!?
Кез келген халық өзінің ішінен шығып, мемлекетті басқарған елеулі тұлғалардың абыройын асқақтата түсу ниетімен олардың есімдерін көшелерге емес, қалаларға сыйға тарту салты бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Айталық, Америкадағы Вашингтон, Ресейдегі Санкт-Петербург, Екатеринбург, Петрозаводск, Қазақстандағы Петропавл, Павлодар қалаларын еске түсірсек жеткілікті.
Демек, Д.Қонаевтың аты қалаға, Филипп Риддердің есімі өзі ашқан кен орнына берілсе, әділдік болар еді.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры