Саясат

Айнабұлаққа көгілдір отын келді

Айнабұлаққа көгілдір отын келді
Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі- елді газбен қамтамасыз ету. Аудандағы елді мекендер көптен күткен газ құбырына қосыла бастады. Алғашқылардың бірі болып Айнабұлақ ауылы тұрғындарының көгілдір отынға қолы жетіп отыр.
Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов баспаналарына газ кіргізіп жатқан айнабұлақтықтардың үйлеріне барып, газ тарту жұмысының барысымен танысты. Аталған ауылда бүгінгі уақытқа дейін үйлеріне газ тартуға 70-ке жуық тұрғын тапсырыс берген. Алғашқылардың бірі болып газ тартқан ауыл тұрғыны Бақытбек Саспаев:
-Міне, үйімізге газ кіріп, бар қиыншылықтан арылғалы отырмыз. Бұл – біздер үшін қуанышты жаңалық. Қанша жұмысымызды жеңілдетеді. Енді от жағып, көмір тасып әуре болмаймыз. Қай жағынан алып қарасақ та газға қосылу тиімді. Қазір қатты отынның бағасы шарықтап тұр. Соның бәрін ескерсек, газ тұрғындарға әлдеқайда пайдалы. Осындай тұрғындар игілігі үшін барын салып, жағдайымызды ойлап отыратын аудан әкімі Темірбек Қасымжановқа, ауылымыздың әкімі Манар Көшербаевқа тұрғындар атынан алғыстан басқа айтарымыз жоқ,- деп өз қуанышымен бөлісті.
Ал ауылдық округ әкімі Манар Сләмбекұлы тұрғындарды газдандыру жайында:
-Осы уақытқа дейін 70-ке жуық тұрғын баспаналарына газ тарттыруға өтініш берді. Олардың үйлеріне газ тартуға алты бригада келіп, жұмыс істеуде. Арнайы мамандардың сөздерінше, күніне 15-20 шақты үйге газ тартылмақ. Газ тартылып жатыр дегенді естіген халықтың қуанышында шек жоқ. Алдағы уақытта да тұрғындардың өтініші бойынша үйлеріне газ тарту жұмыстары жалғаса бермек,- деді.
Тұрғындардың баспаналарына газ тарту жұмыстарын атқарумен айналысатын «ГазСтройХолдинг» ЖШС-нің директоры Өміржан Құлболдиновтің айтуынша, газ тартуда ешқандай қиындықтар жоқ, мамандардың күніне 20 шақты үйге газ тартуға мүмкіндіктері бар. Тек адамдар баспаналарына газ тартардың алдында екі жақтың да міндеттері мен құқықтарын қорғайтын келісім-шартқа отырулары керек.
Айнабұлақ ауылынан кейін газ Кеңсай, Қарабұлақ, Қаратал ауылдарына тартылады.

Дәурен Егеухан
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button