Аймағымызда қандай кәсіпті бизнес көзіне айналдыруға болады?
«Дидар» газетінің редакциясында өткізіліп келе жатқан кезекті тікелей байланысқа облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов келіп, газет оқырмандарының сауалдарына жауап берді.
Елсінбек Мінәтай, Курчатов:
– Курчатов қаласының маңында көкөніс түрлерін егіп отырған екі гектар жеріміз бар. Алынған өнімді қалаға әкеліп, арзан бағамен саудалап отырмыз. Жеріміз үшін жылына 23 мың теңге төлем төлеп отырмыз. Біз жерді жыл бойы емес, тек жаз маусымында ғана пайдаланамыз. Сондықтан жер салығын азайтуға болмас па екен?
– Жерді пайдаланғаны үшін төленетін төлем көлемі заңмен бекітілген. Екі гектар жер үшін 23 мың теңге деген көп қаржы емес. Оның үстіне қазір келер жылдан бастап жер салығын көбейту төңірегіндегі мәселе Парламент Мәжілісінде қаралып жатқандығынан хабардар боларсыз. Алдағы уақытта оның мөлшері қазіргідегіден біршама көтерілуі мүмкін.
Айдана Бауыржанова, Өскемен:
– Қалада ғана емес, аудандарда да азық-түліктің бағасы қымбаттап барады, әсіресе, жұмыртқаның бағасы күрт өсіп кетті. Өскемендегі мен тұратын Красин көшесі, 11 үйдің бірінші қабатындағы «Ассорти» дүкенінде оның он данасы 270- 300 теңгеден сатылып жатыр. Бағаның бұлайша шарықтауы неліктен?
– Өскемен өңірін жұмыртқамен қамтамасыз етіп келген Черемшанка құс фабрикасының тоқтап қалғанына екі жылдан асты. Өткен жылдан бері «Семей құс» фабрикасы жұмыртқа өндіруге кірісті. Жұмыртқа облысқа Ресейден де тасымалданып келеді. Соңғы айлардың ішінде жұмыртқа бағасының айтарлықтай көтеріліп кеткеніне байланысты облыстық монополияға қарсы инспекция қызметкерлері арнайы зерттеу жүргізген болатын. Қазір олар жұмыртқа саудалаумен айналысып отырған толайым жеткізушілердің, сауда орындарының өнім бағасын көтеріп қою жөнінде алдын ала өзара келісіп алғандықтарын анықтап отыр. Оларға тексеру нәтижелері бойынша тиісті шара қолданылады. Қала әкімдігінде баға деңгейін қадағалап, оны тұрақтандыру бағытындағы іс-шараларды жүргізетін жұмыс тобы бар, сіз айтып отырған дүкендегі бағалар бақылауға алынып, қадағаланатын болады.
Татьяна Александрова, Катонқарағай ауданы:
– Бірінші сауалым – біздің ауданнан өткен жылы республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Индустрияландыру картасына «Екі дос» серіктестігінің туристік демалыс орнын салу жобасы және «Үлкен нарын май зауытын қайта жарақтандыру» жобасы ұсынылған болатын. Екеуі де маңызды, экономикалық жағынан негізді жоба деп ойлаймын. Соған қарамастан, екеуі де өтпей қалды. Себебі неде?
– Сіз айтып отырған екі жоба да облыстық үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, бекітілген болатын. Алайда «Екі достың» жобасы туризм комитетінің, «Үлкен нарын май зауыты» Ауыл шаруашылығы министрлігінің сараптамалық қорытындысына орай туындаған бірқатар мәселелерге байланысты Индустрияландыру картасына енгізілмей қалды. Мемлекеттік бағдарламаға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларға сай алдағы жылдан бастап құны бес млрд. АҚШ долларынан төмен жобаларды бекітудегі жауапкершілікті облыстық әкімдік өзіне алатын болып отыр. Сондықтан бұл маңызды екі жоба да жүзеге асырылады.
– Екінші сауалым – Катонқарағай ауданы бойынша кәсіпкерлік, индустриялық даму, туризм, ауыл шаруашылығы және ветеринария мәселелерімен бір бөлім ғана айналысады. Кәсіпкерлікті дамытумен, саланың өзге де проблемаларын шешумен шұғылданатын жеке кәсіпкерлік бөлімін ашуға мүмкіндік бар ма?
– Бұл туралы мәселе облыс Әкімінің, оның орынбасарының алдына қойылып отыр. Алдағы кеңесте де назарға аламыз. Әрине, ауыл шаруашылығы, ветеринария, кәсіпкерлік саласы, әрқайсы да жете мән беріп, жеке-жеке шұғылданатын шаруа.
«Дидар» газеті:
– Біздің аймақта бүгінгі күннің сұранысына, талабына жауап бере алатындай, кәсіп көзі болатындай қандай бизнес түрлерімен айналысуға болады?
– Бизнесті әртараптандыра түсуіміз керек. Қазіргі күні біздің шағын бизнес саласында дәл осы менеджменттік басқару жағы қалыс қалып отыр. Кәсіпкерлердің көпшілігі қай жерде, немен, қалай шұғылдану керектігін білмей келеді. Соның салдарынан құрған фирмасы, ашқан жеке кәсіпкерлігі жабылып қалып жатыр. Бизнеспен, кәсіппен айналысудың, халыққа ненің қажет екенін білгісі келген қарапайым адам қазір аудан орталықтарында ашылып жатқан кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына барып, оқып, үйреніп, кеңес алып, бизнес жоспарын жасатуына да болады. Өңірлерде жеті кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Семей мен Өскеменде кәсіпкерлерді қамту орталығы бар. Барлық облыста мұндай орталық бір-бірден ғана. Біздің облыста Семей қаласында да ашылып, қызмет көрсетіп жатыр. Сондықтан кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары осы қолдау, қамту орталықтарына барып, қызметтерін пайдалануы керек. Биыл осы орталықтарда 3,5 мың адамға тегін ақпараттық, кеңестік қызмет көрсетілді. Бүгінгі көрсетіліп отырған қолдау, көмектер бұдан бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда мол.
Ал біздің аймақта бизнес көзі боларлық қандай кәсіп бар дегенге келсек, мен ең алдымен туризм саласымен байланысты қызмет түрлерін дамыту, ашу қажеттігін айтар едім. Облыста туризмді дамытудың шеберлік жоспары жасалған. Бұл тұрғыдан алғанда, әр өңірдің өз ерекшелігі, әлеуеті барын тұрғындар ұмытпауы керек. Туризм, демалыс тек Катонқарағай, Риддермен шектеліп қалмайды. Одан соң баламалы энергия көздерін, болашақтың энергиясы саналып отырған жел, су, күн энергиясын беретін нысандар құрылысын, желісін салып, пайдалана білу де табысты бизнеске бастамақ. Үшіншіден, біздің өңірдің кәсіпкерлері мен тұрғындары үшін ағаш өңдеуді қолға алып, орман өнеркәсібі саласымен шұғылдану да болашағы бар, бүгінгі күннің сұранысына ие аса қажетті кәсіп болады дей аламын. Сонымен қатар, мал өнімдерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысу керек, ебін тапқан адамға, өндірісін дұрыс жолға қоя білгендерге ет, сүт өнімдерін шығару телегей табыс әкелетінін ел өзі көріп, біліп отыр. Ауыл шаруашылығындағыларды қолдауға арналған бағдарламалар да жетерлік.
Әділ Жанай, Үржар ауданы:
– Біздің өңіріміз жеміс-жидекке, әсіресе, алмаға өте бай. Алайда, сол жеміс-жидекті өңдеп, консервілеп жатқан ешқандай өндіріс орны жоқ. Біздің ауданның осы ерекшелігін ескеріп, жұмыссыз жүрген елге жұмыс орны бола алатындай кәсіпорын құруды ойластырсаңыздар екен деген тілегіміз бар.
– Өскемендегі «Терме» кәсіпорнының жетекшісі, кәсіпкер Күләш Ақашева осы Үржар ауданының орталығынан жеміс-жидек өсіріп, өңдейтін кешенді өндіріс орнын ашпақ ниетте. Бірақ дәл қазір қай уақытта іске кірісетінін нақты айта алмаймын. Аудан кәсіпкерлері жеміс-жидекті өңдеу жөніндегі ұсыныстарын жергілікті ауыл, аудан әкімдеріне, аудандық кәсіпкерлік бөліміне, кәсіпкерлерді қолдау орталығына барып, айтып, кеңес алып, солардың қызметіне жүгінуіне болады .
Екатерина Гуляева, Семей:
– Семейдегі «Өндіріс» бизнесті дамыту аймағында жұмыс істеп жатқан шағын өндіріс орындары жоқтың қасында деуге болады. Орналастырылғандарының өндірістері жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Арнайы салынған бұл аймақ кәсіпкерлік нысандарымен қашан толығады?
– Аталған бизнесті дамыту аймағы 2007 жылдары құрылған болатын. Қазіргі күні «Өндірісте» үш кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Азды-көпті өнімдерін шығарып, жұмыстарын жүргізіп отыр. Темір жолмен, сумен қамтуға байланысты туындап отырған біраз проблемалар бар, олар шешіліп жатыр. 2014-2015 жылдары бұл жерге өндіріс орындары толық орналастырылып бітеді.
Бекзат Жолымбет, Өскемен:
– Сала басшысы ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының біздің өңірде жүзеге асырылу барысына көңіліңіз тола ма? Біздің облыста бұл бағдарламаға қатыспай отырған аудандардың бар екені белгілі.
– «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобалар саны жағынан біздің облыс екінші орында келеді. Жобаларды субсидияландырудан бірінші орында тұрмыз. Үш жыл ішінде 4,4 млрд. теңгенің субсидиясын бөлдік. Бағдарлама жүзеге асқан уақыттан бері кәсіпкерлерден 270 өтінім түсіп, несиеге алынған 61,4 млрд. теңге субсидияландырылды. Шағын несие бойынша да республика көлемінде ең көп несие алып отырған біздің облыс – 6,6 млрд. теңге.
Осы уақытқа дейін біздің облыс бойынша бағдарламаға Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай аудандары қатыспай келген болатын. Қазіргі күні Катонқарағай мен Тарбағатайдан туризм мен көлік қатынасы бойынша екі жоба түсіп отыр. Ал Күршім ауданына келетін болсақ, аудан тұрғындарының басым бөлігі шаруашылықтарын, жобаларын шағын несие, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы басқа бағдарламалар аясында жүргізіп, ұсынуда. Аталған ауданның бұл бағдарламаға қатыспай отыруының бір себебі осында. Дегенмен де, Күршім ауданының да мүмкіндіктері қарастырылуда.
Еркін Тілеубаев, Шемонайха ауданы:
– Қараша айынан бастап бүкіл елімізде, оның ішінде біздің облыста азық-түліктің, ақылы қызмет көрсету түрлерінің бағасы біршама қымбаттап кетті. Бағаны тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Аудандар мен қалаларда негізгі азық-түлік өнімдерінің бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіліп, бағаны реттеу шаралары жасалып келеді. Қазіргі күні облыс орталығында, аудандарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері халыққа арзан бағамен сатылуда. Қор ішкі азық-түлік өнімдері нарығын толық жабуға жетеді. Толайым сатушылармен, жергілікті тауар өндірушілермен өнімге қосылатын сауда үстемесін ең төменгі деңгейде қоюға орай меморандумдар жасалып жатыр. Барлық аудандар мен қалаларда әлеуметтік дүкендер, сауда нүктелері жұмыс істеп тұр. Шекаралас жатқан облыстардан да азық-түлік, көкөніс өнімдері әкелініп, сатылып келеді. Бағаны тұрақтандыру, реттеу жұмыстары жыл бойы жүргізіле береді.
Меруерт Алдамжарова, Бородулиха ауданы:
– Біздің облыста шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейі қандай?
– Биыл шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген тұрғындардың саны 4,6 пайызға өсіп, 231, 6 мың адамға жетті. Өткен он айда осы салада 419,5 млрд. теңгенің тауары (өнімдер мен қызметтері) өндіріліп, былтырғыдан 107,5 пайызға артты. Шағын және орта бизнес субьектілерінен түсіп отырған салық көлемі 11 пайызға көбейіп, 53,4 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі күні облыста 88712 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар. Осы көрсеткіштер көрсетіп отырғандай, өңірімізде кәсіпкерлік жыл өткен сайын өркендеп, қарқынды дамып келеді.
Тікелей байланысты жүргізген – Жанаргүл Мұқатай