Саясат

Аймақты дамытудың тың міндеттері айқындалды

Аймақты дамытудың тың міндеттері айқындалды

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХVIII сессиясында депутаттар Шығыс Қазақстан облысы әкімі лауазымына Президент ұсынған кандидатураға қолдауларын білдірді. Мемлекет басшысының ұсынуымен және депутаттық корпустың бірауыздан қолдау көрсетуімен облыс әкімі болып қайтадан Даниал АХМЕТОВ тағайындалды.
Естеріңізге салсақ, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес ел Президенті сайланған соң Үкімет отставкаға жіберіледі. Сонымен қатар, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері де өз өкілеттіктерін тапсырады. Ұлықтау рәсімі өткізілген соң, Президент Министрлер кабинеті мүшелерін тағайындау туралы Жарлық шығарып, өңірлер әкімдерінің кандидатуралары туралы ұсыныс жасады.
Сессия барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Григорий Пинчук депутаттарға Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұсынысын оқып берді және Даниал АХМЕТОВТІҢ өмірбаянына тоқталып, оның бұған дейінгі атқарған лауазымдарын, жетістіктерін атап өтті. Депутаттардың өзіне білдірген қолдауына алғыс білдірген облыс әкімі алда бірлесіп атқарар шаруалар көп екенін жеткізді.
– Сіздердің барлықтарыңызға ел Президентінің сайлауы сынды еліміз үшін аса жауапты тарихи кезеңде атқарған ауқымды жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Шығысқазақстандықтар сайлау кезінде ерекше белсенділік танытқанын атап өткен орынды. Облыстағы сайлаушылардың басым бөлігі өз дауыстарын Ұлт Көшбасшысына берді. Бұл ретте біз еліміз бойынша үшінші нәтиже көрсеттік. Осыған қарап-ақ, жерлестеріміздің Нұрсұлтан Әбішұлына деген шексіз құрметін байқауға болады, -еді Даниал АХМЕТОВ. – Мұндай ұлы замандасымызбен бір командада жұмыс істейтінімді мақтаныш етемін. Әлемдік қауымдастық Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ бірнеше маңызды саяси қадамдарынан-ақ танып, мойындады, алысты болжайтын кемеңгерлігіне тәнті болды. Бұған мысал ретінде әлемдік деңгейдегі Семей сынақ полигонының жабылуын, бүгінде барша әлем мұқтаж болып отырған этносаралық келісімнің бірегей моделінің құрылуын, қазақстандық дербес экономикалық даму жолының қалыптасуын айтып өткен орынды.
Даниал АХМЕТОВТІҢ облыс басшылығына келгеніне алдағы 11 мамырда жарты жыл толады. Депутаттардың алдында сөз сөйлеген облыс әкімі аймақта атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алда тұрған жаңа ауқымды міндеттерге тоқталды.
– Алдымызда күрделі кезең тұр. Алайда, бұл жоғары нәтижелі кезең болмақ. Немқұрайлылық мүлде болмауы тиіс. Шығындардың бәрінің экономикалық негіздемесі болуы шарт. Осылай еткенде ғана өндірісті нақты түрде әртараптандыра аламыз. Біздің өнеркәсіп шикізаттық басымдықтарға негізделеді. Бұл біздің бәсекеге қабілетті басымдығымыз болмақ, әрі оны дамытатын боламыз, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Өңірлік экономиканың көшбасшысы ретінде тау-кен өнеркәсібін атаған аймақ басшысы Малеев кен орнының шикізат базасын дамытуға қатысты пікірімен бөлісті. Геологиялық барлау жұмыстарының екінші тынысы ашылмақ. Облыс әкімі бұл ретте мың метрге дейінгі тереңдікте жатқан кенді өндіру барысында жаңа технологияларды пайдалану керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, әртараптандыру үрдісі өңдеу, автокөлік құрастыру салаларында да қарқынды жүргізілмек. Бұл айтылғандар ағаш өңдеу саласына да қатысты. Оған мүмкіндік жетерлік – 123 миллион шаршы метр орманды алқап бар өңірде. Қазір облыста ағаш өңдеу өнеркәсібінің кешенді бағдарламасы әзірленуде.
Аймақ басшысы депутаттар назарын, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне де аударды. Облыста 37 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде сүт өнімдерінің көлемі 19 пайызға артпақ. Сүт қабылдау орындарын құруға және тұрғындардан шикізат қабылдауға тапсырма берілген. Ең бастысы – өнімнің сапасына баса мән берілуі қажет.
Тағы бір жетекші сала – денсаулық сақтау саласында өңір дәрігерлерінің біліктілігін жоғарылатуға үлкен қадамдар жасалмақ. Облыс басшысының айтуынша, қазіргі кезде Шығыс Қазақстанның медициналық орталықтары ең заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Алайда, аталмыш салада жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін дәрігерлеріміздің біліктілігін арттырғаны абзал. Сондықтан алдағы уақытта өңірдегі дәрігерлер шетелдерде білімдерін шыңдайтын болады және ол бір-екі айдың көлемінде емес, жарты, бір жылға дейін созылмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button