Саясат

Аймақтардың мүддесін көздейтін жаңа шешімдер қабылданды

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған ресми делегация «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық үйлестіру кеңесі жұмысының 10 жылдық қорытындыларына арналған іс-шараларға қатысып қайтқан болатын.

Аймақтардың мүддесін көздейтін жаңа шешімдер қабылданды– Бұл қарым-қатынас аймақтық ынтымақтастықты дамытудың маңызды әрі тиімді құралы ретінде ШЫҰ-ның зор қызығушылығын тудырып отыр. Сондай-ақ, бұл мұндағы тұратын халықтардың мүддесін көздейтін жаңа шешімдердің қабылдануына игі ықпал етеді, – деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының іскерлік кеңесі басқармасының төрағасы Марат Шаршекеев. Марат Дүйшебайұлы Алтайды қырғыздар да өзінің тарихи Отаны деп санайтынын айтып өтті.

Осынау сапарда Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА пайдалы қазбаларды игеру бойынша маңызды істерде екіжақты комиссия құруды ұсынды. Бұл салада Шығыс Қазақстанның көшбасшы екені даусыз. Ресейлік тараптың бұл өтініші бірден қолдау тапты. Ал біздің делегация басшысы Алтай өлкесінде балаларға арналған халықаралық лагерьлер ашу туралы ұсыныс жасағанда Александр Карлин бірден іске кірісіп, жауапты адамдарға ыңғайлы орындар қарастыруды тапсырды. Ол, сонымен қатар, Ресейдегі Бийск қаласындағы ғылым орталығының ғалымдары Қазақстандағы Курчатов қаласының ғалымдарымен тәжірибе алмасатынын да атап өтті.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай өлкесі арасындағы сан қырлы қарым-қатынас жайында көп айтуға болады. Жұртшылықты қуанышқа бөлейтін жаңалықтар әркез табылады. Іргеміздегі көршілер күзге салым Қазақстанның шекарасына таяу Третьяково учаскесінде қазіргі заманға сай магистраль салуды көздеп отыр. Егер жоба іске асып жатса, мұның шығысқазақстандықтар үшін де пайдасы зор болмақ.

Екіжақты қарым-қатынасты дамытудың игі жақтары туралы баспасөз мәслихатында Ресей Федерациясы президентінің Сібір федералдық округіндегі өкілі Виктор Толоконский де айтып өтті. Сонымен қатар, ол планетамыздың Алтай сынды ерекше бөлігінде экологияға деген көзқарас та ерекше болуы қажет екенін ескертті.

Ресей басшылығы кеңестің он жылдық жұмысына жақсы баға берді. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық үйлестіру кеңесі жұмысының 10 жылдық қорытындыларына арналған мерекелік отырысқа Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров құттықтау жеделхатын жолдады.

Әрине, мерейтойдың аты қашан да мерейтой. Бірақ облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ делегация мүшелеріне тапсырма беруді де ұмытқан жоқ. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов, білім саласы бойынша – Мәдениет Ахметова, денешынықтыру және спорт бойынша – Әбіл Дөңбаев, ШҚМТУ ректоры Нұрлан Темірбеков, Шығыс Қазақстан пантамен сауықтыру орталығының директоры Нұрлан Тоқтаров және тағы басқалар өздерінің әріптестерімен жемісті жұмыс істеді.

Кеңес жұмысында ең көп ұсыныстар айтып, жаңа бастамалар көтерген біздің облыстың басшысы болды. Олардың ішінде ресейлік газ құбырын біздің облыс аумағы арқылы Қытайға тарту, Үлкен Алтайдың өзінің сауда нысандарын ашу, жыл сайын мәдени фестивальдар ұйымдастыру, құрылыс отрядтарын алмастыру, Алтай аймағындағы тауарлар мен қызметтің бағасы туралы ақпараттық портал ашу және тағы басқалар бар. Бердібек САПАРБАЕВ Үлкен Алтай бойынша серіктестерді маусым айында өтетін жасыл экономиканың шығысқазақстандық форумына және тамыз айында болатын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық шараға қатысуға шақырды.

Енді кеңестің он үшінші отырысы мен Үлкен Алтай ректорлар кеңесінің үшінші отырысы 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысында өтетін болады. Алтай өлкесін дамытуға қосқан үлкен еңбектері үшін «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық үйлестіру кеңесі бірқатар шығысқазақстандықтарды грамоталармен марапаттады. Олардың арасында Василий Ахаев, Дүйсембай Селиханов, Совет Иманғалиев, Нұрлан Тоқтаров, Қанша Қалиева және тағы басқалар бар.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button