Біле жүріңіз

АЙМАҚТАҒЫ ЕҢ ҰЗЫН АДАМ

Шығыс өңіріндегі ең ұзын адам көршілес Абай облысының Көкпекті ауданында тұрады. Оның бойы 2 метрден асады

Нақты айтсақ, 47 жастағы Станислав Вишняковтың бойы – 202 сантиметр. Ерекше жанның бойы бір кездері 207 сантиметрге дейін жеткен екен.

Ол 25 жылға жуық уақыттан бері Көкпектідегі сорғы станциясының машинисі болып жұмыс істеп келеді. Әріптестері жұмыста Станиславтай бойы ұзын қызметкердің болуы өте ыңғайлы екенін айтады. Әсіресе биікте тұрған бір затты алу керек болғанда еш қиналмайды екен. Дегенмен қиындықтар да бар. Мысалы, мұндай ерекше адамға арналып тігілген үлкен өлшемдегі комбинезондар жоқ. Әсіресе 47 өлшемдегі аяқкиімді табу өте қиын.

Станислав жасөспірім кезінен белсенді өсе бастаған. Мектеп бітірер шақта оның бойы 197 сантиметрге дейін жеткен. Ал 37 жасында 2 метр 8 сантиметр болған. Бірақ жылдар өте келе сәл шөге бастаған. Қазір – 2 метр 2 сантиметр.

Әріптестері Станиславтың жұмысын жауапкершілікпен атқаратын білікті маман екенін айтады. Ол бос уақытында спортпен айналысады. Екі бала өсіріп отырған әке. Балалары да бойшаң көрінеді.

– Өскеменге, Семейге барғанда адамдар таңдана қарап, бойымның ұзындығын сұрап жатады. Бойымның ұзын болғаны өзіме ұнайды, – дейді Көкпекті ауылының тұрғыны Станислав Вишняков.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button