Ауылға инвестиция тартылды

Ауданда мал шаруашылығымен айналысып, елеулі көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан шаруа қожалықтары баршылық. Солардың бірегейі – Мәдениет ауылдық округіндегі Бақтыбек Жампозбаев басқаратын «Дағанды» шаруа қожалығы.
Өткен жылы қожалық мемлекеттік бағдарламалар арқылы әрқайсысы 7 млн. 800 мың теңгеден 2 МТЗ-82 тракторын алды. Сол сияқты, өз қаржысына 20 млн. 510 мың теңгеге жүк тиегіш қосалқы техникаға ие болды. Жуырда тағы 8 млн. 510 мың теңгеге асыл тұқымды 19 бұқа сатып алды.
-Жалпы, бізде мал шаруашылығы жыл өткен сайын дамып, ата-баба кәсібімен түбегейлі айналысам деушілердің саны артып келеді,-дейді Мәдениет ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мұқашев. – Округте бүгінгі күні 24 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Мәселен, өткен жылы аулымызға 61 млн. 900 мың теңге инвестиция тартылды. Әлбетте, бұған мал өсірумен айналысып отырған қожалықтардың қосқан үлесі аз болмады.
Жалпы, аудандағы 287 шаруа құрылымдарының 22 589 аналық бас ірі қара малдары ИАС бағдарламасында тұқымдық түрлендіруге тіркелген. Осы тұқымдық түрлендіруге қатысқаны үшін, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден алынған аналық ірі қараға 657 млн. 741 мың теңге қайтарымсыз қаржы төленді.
Берікхан Тайжігіт