Ауылдың әл-ауқатын арттырады
Халқының негізгі бөлігі ауыл-аймақта шоғырланған Қазақстан үшін ауылдың жағдайын көтеру – басты мақсат. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі ерекше. Алдағы бес жыл көлемінде 7,5 миллион ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарлама Шығыс өңірінде де қолға алынды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2019 жылы өткен съезінде еліміздің 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп алып, соларда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салуды, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселе бойынша нақты жұмыстарды ұйымдастыру қажеттігін атады. Осылайша, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған жоба қолға алынды.
Жалпы, аталмыш бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылады. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. PrimeMinister.kz сайтының хабарлауынша, бүгінде еліміздегі 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекенде ел тұрғындарының 42 пайызға жуығы тұратын көрінеді.
Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілері тым тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады. 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады. Бұл ретте, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдарды және «Nur Otan» партиясын тарта отырып, жүзеге асырылатын болады.
51 жоба жүзеге асады
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен Шығыс Қазақстанның да ауыл-аймақтары қамтылатын болады. Атап айтсақ, өңірімізде биылғы жылдың өзінде-ақ ауылды жерлердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған 50-ден астам жоба іске асырылады.
– Аталмыш бағдарлама шеңберінде біз ауыл тұрғындары ешқайда кеткісі келмейтіндей және мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік игіліктер алуға, қала тұрғындарынан қалыс қалмайтындай өзін-өзі дамытумен айналысуға мүмкіндігі болатындай өмір сүру жағдайларын жасауға тиіспіз, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фархад Бельбаев. – Сондай-ақ біз ауылдық жерлеріміздің дамыған және еліміздің экономикалық өсуінің драйвері болғанын қалаймыз. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік-мәдени нысандарды, көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінеді. Бұдан басқа су, газ және электрмен жабдықтау желілерінің жабдықтарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Бұдан бөлек, спорт, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы көзделген.
Қазіргі уақытта халқының 38 пайызы ауыл-аймақта тұрып жатқан Шығыс өңірі үшін де аталмыш бағдарламаның маңызы зор екенін алға тартқан ол белгілі бір тірек ауылдарды таңдап алып, соларда бірінші кезекте жайлы жағдай жасау қолға алынатынын айтады. Бүгінгі таңда өңірде 295 мың адам тұрып жатқан мұндай 116 тірек ауыл анықталған.
– Сонымен қатар бізде шекарадан 25 шақырым қашықтықта орналасқан 29 шекаралық және 232 шағын ауыл бар. Жалпы айтқанда, өткен жылы бізде қаржыландыру мөлшері 2,1 млрд. теңгені құраған Глубокое, Үржар, Көкпекті және Күршім сияқты төрт тірек елді мекен анықталған болатын. Ол ауылдарда сегіз жоба іске асырыла бастады. Олардың төртеуі көшелерге орташа жөндеу жүргізуге, ал қалған төртеуі дамытуға, яғни үш денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу болса, біреуі Глубокое кентіндегі мәдениет үйінің құрылысына қатысты болды. Төрт көшедегі жөндеу жұмыстары былтыр аяқталса, қалған төрт жобаны биыл аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Фархад Бельбаев.
Үстіміздегі жылы облыс аумағындағы 20 тірек ауылда жалпы қаржыландыру сомасы 7,7 млрд. теңгені құрайтын 51 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың 13-і білім беру, алты жоба – денсаулық сақтау, 12-сі спорт пен мәдениет, 20-сы жол жөндеу салаларына қатысты. Биыл аталмыш жұмыстар Глубокое, Бородулиха, Көкпекті, Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Солдатово, Тұғыл, Ақжар, Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Шолпан, Қаратал, Қарауыл, Қалбатау, Ақтоғай және Әуезов сынды елді мекендерде жүргізіледі. Ал 2026 жылға дейін жоғарыда аталған 116 тірек ауыл аталған бағдарлама шеңберіндегі жұмыстармен қамтылатын болады.
Қалғандары да назардан тыс қалмайды
Бұдан бөлек, облысымызда шекаралық аудандарға да ерекше назар аударылған. Бүгінгі күні облысымызда Күршім, Катонқарағай, Үржар, Зайсан және Тарбағатай сынды бес аудан шекаралық аумақтар болып танылған. Аталмыш аудандар жақын бес жыл ішінде жалпы сомасы 218,5 млрд. теңгеге дамытылатын болады. Ол үшін шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспары да жасалып қойған. Бұл қаражатқа тек бюджеттік қана емес, сонымен қатар жекеменшік, несиелік қаражаттар да енгізілген.
– Кешенді жоспар аясында шекаралық аудандардың экономикасын диверсификациялау, шағын және орта бизнесті қолдау, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, табиғат қорғау, шекаралық өзендерді қолдану, туристік инфрақұрылымды, әлеуметтік-инженерлік құрылыстарды салу және халықты жұмыспен қамту жобалары бар, – дейді Фархад Бельбаев. – Жалпы, жаңағы 20 тірек ауылға қаржы тек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ғана бөлініп қоймай, сонымен қатар «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», аумақтарды дамыту, АӨК-ті дамыту сияқты бағдарламалар арқылы да қаржыландырылады.
Оның айтуынша, биыл аталмыш 20 ауылды дамытуға «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 23,9 млрд. теңге инфрақұрылымдық салаға бағытталған көрінеді. Осы жерде «тірек ауылдардың қатарына кірмей қалған 570 ауылдың жағдайына назар аударылмай қала ма?» деген сұрақ көпшіліктің көңілін мазалауы мүмкін.
– Мұндай ауылдар осы уақытқа дейінгі сияқты мемлекет назарынан тыс қалмайды. Бірақ тірек ауылдарға бөлінетін қаражат басқа елді мекендерге қарағанда 2-3 есеге жоғары болады. Басқа ауылдарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, шаруашылықтарды қолдау одан ары жалғасын тауып, шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымды жылдағыдай күтіп-ұстау сияқты жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Фархад Бельбаев.
– Аталған бағдарламаның негізгі бағыты – әлеуметтік саланы дамыту екені белгілі. Яғни, бірінші кезекте тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін ауруханалар мен мектептер, балабақшалар және қызмет көрсету орталықтарын салу. Бұл өте маңызды. Алайда мұнымен қатар ауыл экономикасын да дамыту өте маңызды. Сол себепті бағдарлама бойынша бағытталатын қаржының басым бөлігі мақсатты түрде ауылда құрылатын өндірістердің қуатын күшейтуге бөлінуі керек. Мысалы, ауылда тауарлы-сүт фермасы немес мал бордақылайтын алаң салынса, нақты соған инфрақұрылым тартуды күн тәртібіне қою қажет, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Осылайша, ауылды жерлерде адамдарды ұстап қалудың тағы бір жолы – оларды тұрақты, сенімді жұмыспен қамту екенін алға тартқан ол мемлекеттік бағдарламалардың әлеуметтік саламен қатар, экономикаға да бағдар алғаны дұрыс екенін айтады.
Азамат Темірбеков