Ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты
Зайсан ауданына іссапармен келген Сенат депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин Қаратал округіне қарасты қазақтың ақбас сиырын өсіретін «Ақбай» қожалығында болды.
Қожалық жетекшісі Сәуле Әбілғожина депутатты жұмыс барысымен таныстырды. Дүйсенғазы Мағауияұлы қазақтың ақбас сиырын өсіруді дамыту керектігін, 1990 жылы осы тұқымның саны 1 миллион 300 мың болса, қазір небары 300 мыңға жетпей отырғанын айтты.
Бұдан кейін Дүйсенғазы Мусин Үлкен Қаратал ауылындағы соғыс ардагері, ұстаз Оразбай Есдәулетов атындағы саябақта болып, тұрғындар демалуы үшін барлық жағдай жасалғанын көрді. Аудан әкімі Серік Ақтанов саябақ ішіне құрылыс жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ сенатор Зайсан қаласындағы «Сапа» медицина орталығында болды. Орталық меңгерушісі, дәрігер Бітімхан Қошпанов өңірдің, сондай-ақ көршілес Тарбағатай, Күршім аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіп отырғанын айтты. Осы мүмкіндікке қол жеткізуіне мұрындық болған облыстық мәслихат депутаты Болатбек Нұрасыл екенін де атап өтті.
Депутаттың келесі кездесуі аудан әкімдігінің мәжіліс залында жалғасты. Барлық ауыл әкімдері мен бөлім, сала басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Сенатор асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпарат жеткізді. Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздарды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын айтты.
Нұргүл Ілиясқызы
Зайсан ауданы.