Білім

Ауыл мектебін алға сүйреген жан

Ана тіліміз бен әдебиетіміздің мерейін өсіріп, жас ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып жүрген ұстаздардың бірі – Күршім ауданы Қалжыр орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ләйлә Жұмекенова.

Ләйлә Кәкенқызы – өз ісінің шебері, пәнін терең меңгерген, бала психологиясының мәселелеріне қанық маман. Ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан педагогтың оқушылары түрлі деңгейдегі білім мен шығармашылық сайыстарында жүлделі орындарға ие болып жүр.

Айталық, Е.Жұман, С.Зайнолдабеков, А.Рауанқызы, А.Қайсанов, Ф.Сәйкенов, С.Тоқтарғалиева, М.Сүлейменова, Е.Архатұлы, А.Оралбекова, М.Мейрамбекова, Д.Жұқбаев, Т.Тоқтарова, Ә.Дүтбаева, Ж.Қизатуллаева, Д.Серіков, Е.Бүркістаев,  Н.Өтеев, Н.Айдынбек секілді оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері атанған. 2016 жылы шәкірті Ф.Сәйкенов республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша «Ең үздік ауыл оқушысы» атанды.

Мұғалім республикалық «Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі», облыстық «Латыннегізді әліпбиді үйрету» семинарларында, облыстық «Үздік филолог-мұғалім», «Үздік педагог» конкурстарында, Қанипа Бітібаева атындағы өңірлік педагогикалық оқуда тәжірибесін таратты. Ол – «Қазақ тілі» (6, 10 сыныптар), «Қазақ әдебиеті» (6, 8, 9 сыныптар) оқулықтары, «Қазақ тілі» әдістемелік құралы (6 сынып) авторлар құрамының мүшесі, «Қазақ тілі» оқулығының (8 сынып) әдіскері, «Зерделім» үйірме жұмысы бағдарламасының, «Ой-зерделім» әдістемелік оқу құралының авторы.

Педагог халықаралық конференцияларда ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғап, «Инновациялық сабақ түрлері», «Қазақ тілінің жаһанданудағы рөлі», «Жеке тұлға қалыптастырудағы рухани тәрбие», «Жамбылдың рухани мұрасы» сынды баяндамаларын жасады.

Ләйлә Кәкенқызы бос уақытында шығармашылықпен айналысады. «Жанымның жұмбақ жауһары», «Алтайдың кісікиігі» өлеңдер жинағы, «Марқакөлдің Қабікені» прозалық кітабы бар.

Педагог «Облыстың білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» атағымен марапатталған.

Шағын ауылда жас өскінге сапалы білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздың жолы – көпке өнеге.

DIDAR ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button