Саясат

Қауіп жоқ деп, қамсыз отыруға болмайды

Облыс аумағында көктемгі қар суынан төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ. Глубокое, Зырян аудандары мен Риддер қаласында қардың жиналған қоры жылдық мөлшерден сәл асып тұрғанымен, жалпы өңірдегі жағдай қалыпты. Дегенмен қауіп жоқ деп, қамсыз отыруға болмайды, тасқынның алдын алу шаралары жазға дейін жүргізілуі керек. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен мәжілісте барлық жауапты орындарға осындай тапсырма жүктеді.

Қауіп жоқ деп, қамсыз отыруға болмайды– «Қазгидромет» орталығының болжамына сүйенсек, сәуір айында облыста ауа температурасы 5 градустан 20 градусқа дейін жылынады. Сол себепті тасқынға қарсы дайындық жұмыстарын жалғастыра беруіміз қажет. Әсіресе, су басуы ықтимал деген өңірлерді қатаң бақылауға алып, күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылсын, – деп міндеттеген өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өзінің орынбасары Айтқазы Шерубаев баяндаған көктемгі қар суына қарсы аймағымызда атқарылып жатқан іс-шаралардың барысын тыңдады.

Баяндамашының келтірген деректеріне сенсек, облыстағы жалпы жағдай алаңдаушылық туғызбайды. Бірақ, кейбір аудандардағы өзендер мен бұлақтардың арналарын дер кезінде тазартпау салдарынан жұртшылықты әбігерге түсірген бірқатар оқиғалар болыпты. Мәселен, Катонқарағай ауданына қарасты Ақсу, Ақмарал, Көктерек, Үштөбе, Свинчатка ауылдарында өзен арналары мерзімімен тазартылмай, көк-тем шыға қызыл су жайылған. Дей тұрғанмен қазір бұл жерлерде қауіптің беті қайтарылған, тұрғындардың сергелдеңге түсуіне себеп жоқ.

Облыс басшысының тапсырмасы бойынша сәуірдің 2-сі күні арнайы мамандар Катонқарағай ауданына барып, Сенное және Барлық ауылдарына жақын маңдағы Бұқтырма өзенінде жүргізілетін мұз жару жұмыстарының мерзімін анықтап қайтты.

Өзен арнасын тексеру барысында мұздардың көшуі басталғанға дейін жару амалдарын тоқтата тұруға шешім қабылданған. Себебі, сіресіп жатқан мұздарды жарған уақытта өзенде бос кеңістік болмайтындықтан, судың ағуына кедергі келтіреді. Сол себепті мамандар жару жұмыстарын сәуірдің 7-сі мен 20-сы аралығында орындамақ.

Айта кету керек, Катонқарағай ауданындағы Барлық ауылының жанынан өтетін Бұқтырма өзенінің және Ақмарал ауылының іргесінен ағатын Быструшка өзенінің жағалауларын бекіту үшін 18 млн. 558 мың теңге шамасында қаржы бөлінген-ді.

Сонымен қатар жергілікті басшылардың алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізбеуінен Глубокое ауданында Опытное поле, Белоусовка, Кожохово сияқты елді мекендерін су басу қаупі төнген.

– Кожохово ауылындағы жағдайды көзімізбен көрдік. Сол жерде отыз жылдан астам тұратын тұрғындардың сөзіне қарағанда, олар топан сумен жыл сайын алысып келеді екен. Отыз жылдан бері осы мәселені бір жағына шығаруға болар еді ғой. Арықтың арнасын біраз тереңдетіп, кеңітіп қазып қойса, жеткілікті ғой, ешқандай қиындығы жоқ. Жергілікті басшылар неге мұны қаперге алмайды? – деп атап өткен Айтқазы Шерубаев Бородулиха, Аягөз аудандарындағы су басу оқиғаларына тоқталды.

Бородулиха ауданында қардың жылдам еруі салдарынан жергілікті әкімдіктің балансындағы Сарадеев қоймасындағы судың көлемі артып, ағызу каналы арқылы Ера өзеніне құйылған. Бұл Переменовка ауылындағы Первоймайск көшесіне су басу қаупін төндірген. Сондықтан осы көшенің тұрғындары ауыл мектебінің ғимаратына уақытша көшірілген.

Абырой болғанда түнге қарсы ауа температурасы төмендеп, судың деңгейі өз орнына келген. Ешқандай шығын жоқ. Десек те, топан су қаупі Переменовск ауылдық округі әкімінің дер кезінде су қоймасының тораптарын мұздан тазаламауынан туындаса керек.

– Неге дер кезінде тазаламағансыздар? Егер алдын ала дайындық жүргізсеңіздер, күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылса, мұндай келеңсіздік тумас еді. Ай мен күннің аманында проблема шығардыңыздар. Бұл туралы не аудан әкімдігі, не төтенше жағдайлар қызметі білмейді. Неге? Мұны неге маған облыс прокуроры хабарлап айтады. Тағы да қайталап ескертемін, жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар! – деп нақтылаған Әкім тікелей байланысқа шыққан Бородулиха ауданының әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жиын үстінде Аягөз, Глубокое, Үржар, Зырян, Катонқарағай аудандарының, Семей, Өскемен қалаларының басшыларымен тілдесіп, қарғын суға қарсы атқарылып жатқан іс-шаралардың барысымен танысты.

Аягөз ауданында еріген қар суы мен жауған жаңбырдың кесірінен 28-наурыз күні Бақанас өзені арнасынан асып, Қосағаш ауылындағы магистральды каналдың бетон тақталары мен қоршауларын шайып кеткен. Естеріңізге салайық, бұл су торабы 2011 жылы облыс бюджетінен бөлінген 4 млн. теңге қаржыға жөндеуден өткен-ді. Жөндеген мердігер компания – «Көкпекті ПМК» ЖШС.

Наурыздың 31-і күні Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылында да қатты еріген қар суы екі көшені көктей ағып, адамдардың жүріп-тұруын қиындатқан. Ешқандай шығын жоқ болғанымен, ауылдың құрылысын жобалау кезінде арықтар мен су ағарлар ескерілмеген-дігі анықталып отыр.

Сол сияқты Үржар ауданында да төніп тұрған қауіп жоқ. Екі су қоймасы Егінсу мен Қарақолдағы судың деңгейі бірқалыпты, арналар арқылы артығы сыртқа жіберілуде.

– Су ағарлар, өзен, бұлақ арналары тегіс тазартылған. Аудан орталығын суландыру мақсатында 17 көшеге қосымша арықтар тартылды. Алакөлде де көп өзгеріс байқалмайды. Дегенмен көлдің жағалауын бекіту жұмыстарын жүргізуді жалғастырамыз, – деп жағдайды баяндаған Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақов сөз арасында бірқатар ұсыныстарын да айтты.

Аудан және қала басшыларымен байланысқа шығып, мән-жайға қаныққан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қар суынан келетін қауіптің беті қайтқанша арқаны кеңге салып жүруге болмайтынын, барлығына тас түйін дайын отыру қажеттігін қадап тұрып тапсырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button