Саясат

Аудан орталықтары ажарланып, тірек ауылдар түрленеді

Аудан орталықтары ажарланып, тірек ауылдар түрленеді

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІІ сессиясында облыстық бюджетке бірқатар өзгертулер енгізіліп, оның жекелеген көрсеткіштері нақтыланды. Сессия жұмысына аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская атап өткендей, көрсеткіштерді нақтылауға облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы және бағдарламалар әкімшілерінің қаржыны қайта бөлу жөніндегі ұсыныстары негіз болған. Осы ретте депутаттар денсаулық сақтау басқармасы үшін лимитті көбейту бойынша ұсынысқа қолдау білдірді. Атап айтсақ, дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтарды сатып алуға және ауруханалардағы жылыту жүйелерін жөндеуге арналған қаражат көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар, мәдениет және ішкі саясат басқармаларының қажеттіліктеріне бағытталған шығындар мөлшері арттырылды.
Аудандар мен ауылдық округтер орталықтарының, тірек ауылдардың, ауылдар мен кенттердің ары қарайғы даму мәселелеріне қатысты сөз қозғаған басқарма басшысы осы жылы ауылдарды түлетудің республикалық Жол картасы аясында 31 тірек ауыл, 11 аудан орталығы және 246 округ орталығы бойынша 2014-2018 жылдарға арналған бесжылдық кешенді даму жоспарлары бекітілгенін атап көрсетті. Осы бағдарламаларға қосымша 960 миллион теңге қаржы бөлінетін болады. Мұның нәтижесінде жоспардан тыс қаражат Үржар, Глубокое, Ақтоғай, Таскескен, Шалабай, Сугатовка, Ерназар, Усть-Таловка, Теректі, Тоқтамыс, Ақшәулі, Новопокровка, Көктерек, Верхнеберезовка, Никольск, Қаратал ауылдарын дамытуға бағытталады.
Тірек ауылдарды өркендетуге биыл 7,6 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде әлеуметтік салаға 2,3 миллиард теңге бөлініпті. Қазан айындағы жағдай бойынша қаржының 70 пайыздайы игеріліп, бір мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Ал аудан орталықтарын дамыту үшін жыл соңына дейін 8,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Мұндағы әлеуметтік саланың үлес салмағы 4 миллиард теңгені құрайды. Осы кезеңге шекті жобаларды игеру деңгейі 72 пайызға жетіп, 943 жұмыс орны ашылған.
Жалпы алғанда, ауылдық округ орталықтарын, ауылдарды, кенттерді ары қарай нығайтуға ағымдағы жылы 24 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатын болады. Қаражаттың игерілуі белгіленген кесте бойынша жүруде. Жиын соңында халық қалаулылары облыстағы елді мекендерді бұдан әрі өркендетуді көздейтін шешім шығарды. Облыстық мәслихаттың сессиясында өзге де маңызды мәселелер талқыға салынды.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өз кезегінде депутаттарға бюджетті нақтылау барысында атқарған ауқымды әрі сапалы жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button