Денсаулық сақтау

Аты жаман аурудың алдын алуға бола ма?

              Аты жаман аурудың алдын алуға бола ма?

Әлемдегі ең көп таралған қауіпті аурудың бірі – обыр. Бұрындары аты жаман аурудан зардап шеккендер ядролық сынақ өткізілген жақтарда жиі кездесуші еді, қазір жер таңдамайтын болды, оның құлқынына жас та , жасамыс та жұтылып кетіп жатыр. Әйтеуір, қазір оны ауыздықтау оңайға түспей тұр.

Статистика деректері – жан түршігерлік

Қатерлі ісік тез өсіп, дененің бір жеріне ғана тоқтамай, белгілі мерзім аралығында қан және лимфа тамырлары арқылы басқа мүшелерге тарайды. Қауіптілігі сол, ол пәле ә дегенде жанға бататындай белгі бермейді екен, ал білінген кезде басқа мүшелерге қанмен тез-ақ тарап кетеді. Бұл науқастың рак аталу себебі: аяқтары жан-жағына жайылып жатқан теңіз шаянына ұқсас болғандығынан. Сол себепті, атақты ғалым Гиппократ оны рак атаған. Ал онкология – грек тілінен аударылғанда «қатерлі ісік» деген мағынаны білдіреді. Яғни, қатерлі ісік ауруларының шығу тегін зерттейтін сала. Онкологиялық аурулар әлем бойынша жылына 20 миллион адамның өмірін жалмайды. Нақтырақ айтқанда, әрбір жетінші адам онкологиялық аурулардың кесірінен көз жұмады.
Бұл мәселеге біздің еліміз де алаңдаушылық білдіруде. Қатерлі дерттің дер кезінде анықталып, алдын алу үшін шаралар жасалғанмен, аурудың жасарып бара жатқандығы ащы шындық. Ол балаларда да көптеп кездессе, ал 40 жастан соң ісікке шалдығу бейімділігі тіптен күшейе түседі.
Қазіргі таңда Қазақстан қатерлі ісік ауруы бойынша әлемде екінші орында. Соңғы бес жылда қауіпті дертке шалдыққан адамдар саны 4,4 пайызға артқанға ұқсайды. Ал жыл сайын қайтыс болатындардың қатарына жылда 31 мың адам қосылып отырады. Елімізде жыл сайын 29 мыңға жуық тұрғын осы дерттің құрығына ілінеді екен. Жалпы тіркеуде тұрғандар саны да 130 мыңның үстінде. Бұл – аз көрсеткіш емес.
Науқастардың аман қалу мүмкіндігі – 50 де 50 шамасында екен. Сонымен, қатерлі ісікке байланысты Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы жантүршігерлік бір ескерту жасап, 2030 жылы өлімнің ең көбі осы қатерлі дерттен болатынын мәлімдеді.

Қатерлі дертке кімдер жиі ұшырайды?

Осыдан біраз жыл бұрын ғана қатерлі ісік біз үшін өте қорқынышты әрі сирек індеттердің бірі еді. Ал дәл қазір ол қазақ қоғамы үшін қалыпты құбылысқа айналып барады.Мамандар болса, оның себебін халықтың әл-ауқатының төмендеп, жиі күйзеліске түсетінімен түсіндіреді. Адамның эмоционалды жағдайымен рактың арасындағы байланыс екі мың жыл бұрын анықталған. Біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында өмір сүрген римдік дәрігер Гален сол кездің өзінде рак ауруына жиі күйзеліске ұшырайтын, тұрмыс-тіршілігі нашар, өміріне көңілі толмайтын әйелдермен салыстырғанда көңілді, өмірі шат-шадыман әйелдер өте сирек шалдығатынын анықтаған.
1701 жылы ағылшындық дәрігер Гендерон өзінің рак ауруларының табиғаты мен пайда болу себептері трактатында « қайғы-қасірет пен жағымсыз жағдайлар, өмірлік трагедия рак ауруының пайда болу пайда болу себептерімен тікелей байланысты» деген еді. Осы саланы зерттеген және зерттеп жүрген көптеген ғалымдар қатерлі ісік ауруы адамның эмоционалды деңгейіне тікелей байланысты екенін айтады.
Мамандардың сөзіне сенсек, ісіктің алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастыру арқылы оның 40 пайызының алдын алуға болады. Ол үшін кез-келген адам салауатты өмір салтын ұстанып, шылымнан бас тартып, дер уақытында вакцина қабылдап, дұрыс тамақтануы шарт. Бұл дерттің негізгі себептерінің басында – темекі тарту тұр. Шылым шегушілердің жасарып бара жатқаны да балалар арасында қатерлі ісік ауруларының кең таралуына ықпал етуде.
Халықаралық зерттеу мәліметтеріне көз салсақ, қатерлі ісіктің пайда болуына шылым шегу (30), дұрыс тамақтанбау (35), жұқпалы факторлар (10), кәсіби канцерогенді әсер (4-5), иондық сәуле (4-5), ультракүлгін сәулесін алу (2-3), ішімдікті пайдалану (2-3), ауаның ластануы (1-2), дене қимылының аздығы (4-5) пайыз әсер етеді екен. Өкпе қатерлі ісігінің 99 пайызы темекінің кесірінен болатын – дәлелденген дүние. Ал дұрыс тамақтанбау нәтижесі асқазанның ауруына әкеліп соғады. Бүгінде экологиялық таза тағамдар легі де кеміп барады. Қарапайым жұртшылық қазы-қарта, жал-жаямен тамақтануды ұмытқалы қай заман? Қазақтар шетелден импортталатын сапасыз өнімдерді дастарқанына толтырып қойғанына мәз. Осындайда ата-бабаларымыздың « біреудің қаңсығы- біреуге таңсық» деген мақалы еріксіз еске түседі. Жалпы, көкөністі көп қолдану, еттің үлес салмағын азайту сынды тәжірибелер оң нәтижесін беріп, қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік тудырады.
Қатерлі ісіктің көбеіне тағы да бірден-бір себеп – дамыған өнеркәсіп. Мәселен, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия сынды өнеркәсібі дамыған алпауыт елдерде қатерлі ісікке шалынушылар саны өте көп. Осы елдердегі адам өлімінің 20 пайызын қатерлі ісік дертінен қайтыс болғандар құрайды екен. Бізде де өнеркәсібі дамыған Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы қаласында осы тажалдың құрығына ілінушілер саны көбейіп отыр.
Сонымен қатар, күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелер нәтижесінде терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің күнге күймегені абзал.

Диспансеріміз әлемдік тәжірибеге арқа сүйеп отыр

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың 2012 -2016 жылдарға арналған бағдарламасын даярлап, ол Үкімет қаулысымен бекітілді. Бағдарламаның басты мақсаты – қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту.
Біз «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» аурудың алдын алу үшін облыста қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқаны жайында білу мақсатында облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Жомарт Кенжалинмен кездескен едік.
Жомарт Шаймарданұлы әңгімесін қатерлі ісік ауруы туралы деректермен бастады.
– Бұл шынымен де әлемдік деңгейдегі проблема. Шығыста ең бірінші кезекте терінің қатерлі ісігі, өкпе, омырау безі, асқазан, тік ішек обыры құрық салдырмай тұр. Ал оған ең көп шалдығатындар туралы айтсақ, Риддер, Өскемен, Зырян, Глубокое және Шемонайха обырдың ошағына айналып отыр. Облыс бойынша бізде есепте 17200 адам есепке алынса, оның 11116-сы – Өскемен, 6084-і – Семей өңірінде. Біздер жаман ауруға шалдыққандар саны көбейгенмен, одан көз жұматындар санын азайтуға тырысып жатырмыз. Жалпы жағдай жаман емес. Мысалы, бес жыл бұрын асқынып кеткен аурулар саны 37 пайызды құраса, бүгінде 14 пайызға төмендеді. Қайтыс болғандардың саны 2010 жылы жүз мың адамға шаққанда 184,2 пайызды құраса, биылғы жылдың аяғына ол көрсеткішті 170 пайызға түсіреміз деп отырмыз. Аурудың 3-4 сатысына жеткендерді де емдеуге шамамыз жетеді, өйткені онкологиялық ауруларды емдеуде дүниежүзілік тәжірибеде қолданылатын әдістердің 90 пайызын біздің диспансер мамандары жүзеге асыруда.
Негізінде, қатерлі ісік дертіне қарсы тұрудың бірінші жолы – бұл ауруды ерте сатыда анықтау үрдісі. Ісік түрлерінің алдын алу мақсатындағы тексерудің ауқымы кеңейіп келеді. Облыста тоқ және тік ішек ауруларын ерте анықтау мақсатында 77 мың адам тексеріліп, соның 46-ы обырға шалдықаны, ал 265 адам қатерлі ісік ауруы алдында екені анықталды. Жалпы, жатыр мойны, өңеш пен асқазан, қуық безі обыры сияқты аурулардың скринингі жақсы нәтижелер берді. Демек, заманауи скринингтік тексеруден өткізу мен медициналық қызметкерлердің онкологиялық ауруларға қатысты қырағылығын арттыру арқылы онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға болады.
Бас онкологтың айтуына қарағанда сырқаттанушылардың жартысына жуығы қатерлі ісікке шалдығудың 3-4 кезеңінде ғана мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Бұл – тым кеш. Шеңгеліне түскен адамды білдірмей жейтін обырдың басты мәселесі де осында Осы жерде айта кетер жайт, республикадағы 18 онкодиспансер арасында біздің диспансер ауруды ерте уақытта анықтау бойынша Қазақстан бойынша бірінші орынға шыққан екен. Диспансерде қатерлі ісіктің қай түрін болса да емдейтін аппаратура бар. Ал жыл соңында жаңа стационар қолданысқа берілмек көрінеді. Ол жерде Қазақстанда жоқ құрал-жабдықтар қойылатын болады. Мамандар деңгейі де өте жоғары. Онокологтар Германия, Франция, Корея, Ресей, Израиль сынды елдерден оқып келіп жатыр. Олардың жеткен жетістіктері мен кәсіби деңгейлері көңіл қуантады. Олар:хирург Е.Баталов,эндоскопист Н.Өтебаева, жас маман-хирург Ж. Мағзұмов, поликлиника меңгерушісі М. Жақанбаева, оңалту бөлімінің меңгерушісі Н.Лавриненко, онкомаммолог И.Чертищева, маммология-гинекология бөлімінің меңгерушісі С.Мұхамеджанов. Жалпы, әр аудан орталығындағы ауруханаларда да онколог-дәрігерлер жұмыс істесе, қаладағы емханаларда онкологиялық кабинеттер ашылып отыр.

Балалар онкологиясын жетілдіру қажет

Балалалар онкологиясы – медицинаның жас әрі қиын да күрделі саласының бірі. Ол – барлық дәрігерлерден, әсіресе емханалық-амбулаториялық сала мен жалпы емдеу жүйесіндегілерден үлкен жауапкершілік талап ететін, сол арқылы онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтауды және мамандырылған дәрігерлік көмекті уақытында көрсетуді қажет етеді.
– Бүгінгі күні біздің есепте 14 жасқа дейінгі 61 бала есепте тұр. Олардың 50 пайызы қан қатерлі ісігіне (гемопластоз), қалғандары – мидың қатерлі ісігі мен бауыр және бүйрек обырына шалдыққандар. Ал балаларда кездесетін қатерлі ісікті емдейтін және олардың ата-аналарына кеңес беретін онкологиялық мекеме Алматы және Астана қалаларында ғана бар. Біз есепте тұрған балаларды сонда жібереміз, – деген-ді Жомарт Шаймарданұлы әңгіме барысында.

Р.S.
Дертке шалдыққан кейбір адамдар тығырықтан шығар жол іздеп, бақсы, балгерлерге жүгініп, әртүрлі компаниялардың өнімін пайдаланып жатады. Бұл – нағыз сауатсыздық. Біле-білгенге бүкіл әлемде бұл дертті медицинамен емдеу ғана дәлелденген. Қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды. Дер кезінде анықталса, бұл ауруды жеңуге болады екен. Сондықтан әр адам өз жылына тым болмаса бір рет медициналық тексеруден өтіп тұру қажет сияқты.
Ажал алдында адам біткеннің бәрі дәрменсіз. Десе де, ауырмауға ұмтылу, салауатты өмір салтын ұстану қолдан келетін жай ғой…

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button