Ақтамбердінің ақсауытының төрт ғасырлық тарихы бар
Ақындар мен батырлардың өлкесі, қасиетті Аягөз өңірі үшін биылғы жыл ерекше жыл деуге негіз бар. Өйткені, Ақтамберді жыраудың сауыты Аягөздегі мұражай экспозициясының төрінен салтанатты түрде орын алды.
1768 жылы 93 жасында дүниеден өткен Ақтамбердінің зираты Абай ауданына қарасты Жүрекадыр жерінде.
Қасиетті жерімізде батыр мінген тұлпар тұяғының ізі жатыр, ұрпақтары өсіп-өніп отыр. 89 жастағы көнекөз қария, Ұлы Отан соғысының ардагері, Аягөз қаласының тұрғыны Асхап Жұмаділов – Ақтамберді жыраудың алтыншы ұрпағы. Ағымдағы жылдың наурыз айында Семейдегі өлкетану мұражайына арнайы келген ақсақалдың құнды мәліметі тарихи оқиға болғаны сөзсіз. Ол қорда көненің көзіндей сақталып келген сауыт атақты бабасына тиесілі екенін тебірене әңгімелеген еді.
Төрт ғасырлық жәдігердің тарихын оқырман есіне қайтара бір салған жөн болар. Ас-хап ақсақалдың айтуынша, 1920 жылдары еліміздегі аласапыран кезеңде Қытай жеріне үдере көшкен Ақтамберді ұрпақтары қызылдардың қолына түскен. Ал соғыс аяқталғаннан кейін ағасы Асхап ақсақалды мұражайға апарып, атадан қалған жалғыз мұраны көрсеткен екен. Мұражай қорының жәдігерлерді қабылдау жазбаларында бұл сауыттың ХХ ғасырдың 30-жылдары Семей тәркілеу комитеті арқылы келіп түскендігі көрсетілген. Тіркеу номері – КП №1041. Алайда, күні бүгінге дейін тарихы беймәлім сауыт сексен жылдан астам қорда жатқан.
Оны жете зерттеуді қажет деп санаған мұражай басшысы Б.Теміров жәдігерді арнайы мамандарға сараптамаға жіберген-ді. Ғылыми сараптаманы этнограф-қару зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы» кітабының авторы Қалиолла Ахметжан жүргізді.
Енді зерттеу нәтижелеріне кезек берейік.
«Сауыт қысқа жеңді, қысқа етекті жейде түрінде, жағасы жоқ, жағасының ойығы дөңгелек болып жасалған. Сауыт сым темірден соғылған, ұштары екі түрлі әдіспен бекітілген шығыршықтардың екі типінен тоқылған. Шығыршықтың бірінші типінің ұштары тікенше түріндегі шегемен бекітіліп қосылған. Шығыршықтың екінші типі – темір пластинадан тұтастай шабылып алынған шығыршықтар. Сауыт тоқылымында шығыр-шықтардың осы екі типінің қатарлары кезектесіп өріліп отырады. Сауыттың кейбір жерлерінде ұштары ұсталық әдіс-пен бекітілген шығыршықтар да кездеседі. Шығыршықтарының сыртқы диаметрі – 1,2 см, ішкі диаметрі – 0,9 см. Сауыт көп қолданыстан тозған, әр жерінен тесіліп, етегі жыртылған. Сауыт-тың салмағы 10 келіге жуық.
Қарастырып отырған сауыт «Шөже көз кіреуке» түріне, ал жасалу мәнері жағынан ХVІІ-ХVІІІ ғасырларға жататынын көрсетеді.
Қазақтар кіреукені өздері де жасаған, басқа халықтардың кіреукелерін де қолданған. Шығыста кіреукенің жасалу технологиясы біркелкі болғандықтан, бұл кіреукенің нақты қай жерде жасалғанын анықтау мүмкін емес».
Сонымен, зерттеу нәтижесі батыр-жыраудың ұрпағы Асхап Жұмаділовтың айтқанын дәлелдей түсті.
Иә, бабадан қалған мұра Алаш жұртының бодандық қамыты сыпырылып, азаттықтың аспанында тәуелсіздік туының желбіреген бүгінгі күнін күткендей.
Бұл күні өшкені жанғандай, өлгені тірілгендей болған Аягөз жұрты мұражайға жиналды. Семей мұражайының филиалы – Аягөз өлкетану мұражайы қаланың орталық көшелерінің бойында екі қабатты жаңа ғимаратта орналасқан. Салтанатты шараны ашқан Семейдің тарихи-өлкетану мұражайының директоры Бекен Теміров көне жәдігер тарихына тоқталып, жиналған жұртшылықты батыр бабамыздың асыл мұрасының атамекеніне келуімен құттықтады.
Шараға оның құрметті қонағы Асхап Жұмаділов бастаған ақсақалдар, аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеухан Бозтаев, аудандық «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Бақытөмір Шалғынбаев және мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысып, жастарға тәрбие мен білім беруде осындай құнды мұралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Айтулы шараның екінші бөлімі мұражайдың жаңа экспозицияларына экскурсиямен жалғасты. Экспозицияда өңір тарихын көрсететін археология және қазақ этнографиясы, флора мен фауна тақырыптары кеңінен ашылған. Бөлме төріндегі кең сөреде кіреукемен бірге, Ақтамберді Сарыұлының жыраулығы мен батырлығын айқындайтын жәдігерлер де молынан орналастырылды.
Ақындар мен батырлар өңірін бейнелеген панно – мұражай суретшісі Павел Уколов-тың қылқалам туындысы экспозицияның ажарын аша түсіп, көрермен назарын аудартты.
Ақтамберді батырдың қастерлі мұрасын, жаңа экспозицияны, сонымен бірге жаңа көрмені тамашалаған көрермендер мұражай ұжымына алғыстарын жаудырып, игі іс-теріне сәттілік тілеумен болды.
Ақтамберді жыраудың өнегелі өмірі, қол бастаған батырлығы, орақ тілді шешендігі, даналық сөздері – туған халқы үшін болашақ жолына бастайтын маңдай түзер темірқазығы.
Елін бірлікке шақырып, ұрпағына ақыл-кеңесімен жол нұсқаған батыр жырау:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алтыауыз,
Еліңе кірген әреке, – дейді.
Өзінің жанкешті ерлігімен де, жалынды жырымен де танылған Ақтамберді жырау есімін ұлықтап, өнегесін ұрпақ санасына сіңіру қашан да мұражайдың қастерлі парызы болмақ.
Жәдігер мұражайдың көзі десек, еліміздің сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін тағы бір асыл мұраның екінші ғұмыры басталды деуге толық негіз бар. Ұлан-ғайыр жер мен оның байлығын артындағы ұрпағына аманат еткен, халқын құлдықтан аман сақтап, елдің елдігіне қорған болған осынау бабамызға бүгінгі ұрпақ расында да ерекше қарыздар.
Семей