Журналистік зерттеу

Атқа мінсең, ауруыңнан айығасың

Атқа мінсең, ауруыңнан айығасың

«Ат үсті – әулие» деген бабаларымыз. «Кентавр» жайындағы небір аңыздарға себепші болған көшпенділердің қылқұйрықтыны игерудегі құпиясын, ұрпағының шетінен жауынгер, дені сау болып келуінің себебін заманауи ғылым енді-енді анықтап келеді. Глубокое ауданының Винное ауылындағы ат спорты манежінде иппотерапиялық жаттығуларды көріп, қазақтың ат үстін әулие деу арқылы нені меңзегенін аңғарғандай болдық.

Ат үсті – әулие

Атқа мінсең, ауруыңнан айығасың

Ат спортына арналған жабық манежде иппотерапиялық жаттығулардың қызған шағы. Жүрісінен су төгілмес, мініске жайлы аттардың үстіне балалардың бірі шалқалай, бірі етбеттеп жайғасыпты. Әрқайсысының жанында бірнеше жауапты маман ілесіп жүр. Иппотерапия дегенде есімізге тірек қозғалысында ақауы бар балалар түседі. Алайда атпен оңалтуға мұқтаж жандардың 60 пайызының интеллектуалдық дамуы тежелген балалар көрінеді. «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің директоры, иппотерапевт Елена Черникова орталықтың қызметіне бүгінде ұзын саны 120 бала жазылғанын айтады.
– Мұндағылардың тек қырық пайызының тірек қимылдарында ақау бар. Көп адамдар иппотерапия деген атқа мініп сейілдеу ғана деп ойлайды. Бұл ілім – психологиямен тікелей байланысты күрделі сала. Емделуші атпен қарым-қатынастың психикалық-эмоционалдық және биохимиялық әсерлерінің арқасында ғана меңдеген ауруын еңсеруге мүмкіндік алады, – дейді ол.
Ғалымдар атқа мінуге деген құлшыныс адам баласының бойында ежелден пайда болғанын айтады. Және бұл құлшыныс адамның жынысына, жасы мен денсаулық жағдайына тәуелсіз болса керек. Тіпті психикалық және интеллектуалдық ерекшеліктері тым күрделі балалардың өзінде атқа мінуге деген құштарлық орасан. Осы құштарлық өтелген шақтағы эмоциялық әсер көбінесе шешуші рөл атқаратын көрінеді. Ал атқа мінудегі биохимиялық әсердің құпиясын бабаларымыз ең бірінші болып аңғарған десек, артық айтпаспыз. Баланың белі бесіктен шыға салысымен ашамайға мінгізіп, ат жалын ұстату дәстүрінің астарында ұрпағының саулығын ойлаған терең ілім жатыр. Жайдақ атқа мінген адамның барлық мүшелері мен буындары, ағзасы түгел қозғалысқа түседі. Осының арқасында ұйықтап жатқан жүйке талшықтары, өлуге айналған ағза жасушалары оянады. Жүйке жүйесінің ақпараттарын тұла бойға таратушы омыртқа қызметі де атқа мінудің арқасында жақсара түседі. Осы екі әсер бұрын өзінің қимылы мен ойын реттей алмай келген балалардың ат үстінде өздігінен отыруға дейін дамуына түрткі болуда.

Мұндай манеж еліміздің ешбір өңірінде жоқ

Мұндағы иппотерапияның іргетасы 2009 жылы кездейсоқ жағдайда қаланыпты. Атқұмар ерлі-зайыптылар әуелде өздері ғана атқа мініп, сейілдеу үшін «Титан» асыл тұқымды ат фермасына жиі келетін. Кейін кембағал балаларының да атқа мінгісі келетін емеурінін байқаған жұбайлар қызметкерлерге қолқа салады. Әлгі балаға атқа міну жаққанын, денсаулығындағы оң өзгерістерді байқаған мамандарға иппотерапиялық орталық ашу туралы ой келеді. Осыдан кейін Елена Черникова бастаған топ ғаламторды ақтарып, иппотерапия жайында мағлұматқа қанығады. Сол жылы асыл тұқымды ат фермасы «Титан» ЖШС ат спорты кешенінде серіктестік басшысы Николай Кузьминнің қаржылық қолдауымен иппотерапия әдісі бойынша алғашқы жаттығулар өткізіле бастады. Иппотерапиялық әдістемені жасап шығу оларға оңайға соқпады. Басында тәжірибелік топқа медицинадан күдер үзген 10-15 мүмкіндігі шектеулі бала алынды. 2010 жылы Мәскеуден иппотерапия әдісі бойынша жұмыс істейтін клиникалық медицина психологтері тартылып, мұндағы мамандарға тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. «Титан» ат фермасының қаржылық қолдауымен осыдан екі жыл бұрын Өскемен қаласына Мәскеу қаласының мүгедектер ат спорты ұлттық федерациясының мамандары келіп, семинар өткізді. Семинар соңында мұндағы мамандарға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды. Осы тәжірибе алмасу мұндағы иппотерапияның дұрыс бағытта дамуына түрткі болып, мамандарының сенімін нығайтты. Қазақстанда мүгедек балаларға иппотерапия әдісі арқылы қызмет көрсету жөніндегі өткізілген түңғыш тендерді «Титан» ЖШС бастамасымен құрылған «Ақ тай» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды.
– Иппотерапия – ат үстінде өткізілетін ем. Оны шағын бөлмеде өткізу мүмкін емес. Әрі ем кемінде тоғыз ай бойы үздіксіз жүргізілуі керек. Шығыстың климаттық жағдайы оған мүмкіндік бермеді. Сондықтан да біз жабық манеж салу туралы шешімге келдік. Қазақстан – әлемдегі иппотерапия әдісі үлкен манежде әрі үздіксіз мемлекет қаржысына жүргізілетін жалғыз ел. Біздің бас демеушіміз «Титан» фирмасы жер учаскесін сатып алып, жобалық-сметалық құжаттарына дейін төлеп берді. Сосын сол жерді қала әкімдігіне мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап манеж салуға сыйға тартты, – дейді Елена Черникова.
Бұл бастамаға сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ислам Әбішев қолдау көрсетіп, біздің өңірде еліміздегі ғана емес, әлемдегі иппотерапия әдісіне ғана арналып салынған жабық манеж бой көтерді.

\”Дәрігер\” атқа да ұдайы ем қажет

Иппотерапияның да өз тылсымдары бар. Бір атқа күніне 20-25 минуттан алты бала ғана мінуі керек. Бұл тәртіп сақталмаса, жылқының денсаулығы күрт нашарлап, соңы өлімге соғуы мүмкін. Сондықтан науқастар мінетін аттарды да уақтылы демалтып, денсаулығын қалпына келтіру шаралары жасалады. Ол үшін мұнда арнайы мамандар бар. Иппотерапияға арналған атты таңдау қиынның-қиыны. Оған көптеген талаптар қойылады, балалар мінгенге дейін ат бірнеше ай жаттықтырушының қолынан өтеді. Біздің дала аттары ресейлік мамандардың жүректеріне шоқ түсірсе керек.
– Олар біздің емдеуші аттарды таңдаудағы ұстанымдарымызға таңғалысып кетті. Оларда иппотерапияға жарыстан босатылған асылтұқымды аттар пайдаланылады екен. Тумысынан арена мен қоражайдан басқа ештеңе көрмеген, кірпияз жануарлардың баламен жылы қарым-қатынасқа түсуі қиын ғой. Біз сол себептен емдеуге дала аттарын аламыз. Адаммен біте қайнасып кеткен, алайда еңбек пен қожайыннан қажи қоймаған, көзінде нұры, бойында энергиясы бар қарапайым мініс аттарын сатып аламыз. Бұлар балалармен оңай «тіл табысып» кетеді, – дейді Е.Черникова.
Жалпы бұл орталықта иппотерапияға арналған аттарды ұзақ ұстамайды. Мамандар аттардың бұлайша қажыр-қайраттан айрылуын жылқы малының ерекше қасиеттілігімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, жылқы өзіне мінген адамның барлық зиянды энергиясын өз бойына сіңіріп алады. Осының салдарынан олар өзге аттардан ерте қажиды. Бұл тылсымның сыры әзірге ғылыммен түсіндірілген жоқ. Дегенмен, жылқы малының осындай қасиеттерін білгендіктен де, бабаларымыз оны төрт түліктің төресі ретінде қадірлеуінің мәнін түсінуге болады.

Шектеулі мүмкіндігін чемпиондыққа айналдырды

Бүгінде манеж иппотерапиямен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың параолимдиадалық ойындар жаттығуларына икемделіп пайдаланылуда. Осыдан екі жыл бұрын «Ақ тай» қоғамдық бірлестігі мүгедек балалар ат спорты ұлттық федерациясының мүшесі атанды. Мұнда жаттығатын мүмкіндігі шектеулі балалардың жүлделері мен жетістіктері де жоқ емес. 2013 жылы Мәскеуде, 2014 жылы Новосібір қаласында өткен турнирде біздің балалар жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, елімізде тұңғыш болып әлемдік арнайы олимпиадалық ойындарға қатысу үшін квотаға қол жеткізді. Биыл маусым-тамыз айында Американың Лос-Анджеллес қаласында өткен әлемдік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойындарға Қазақстан тұңғыш рет қатысып, бірнеше медальдарды жеңіп алды. Ат спорты ойындарына иппотерапия әдісі бойынша оңалтуға қатысып, кейіннен параолимпиадалық ойындарға ден қойған Әйгерім Құмарбекова, Диас Ескермесов, Фаик Насибов пен Дарья Иванова екі алтын, бес күміс, бір қола жүлдеге ие болды.
– Жаттығулардың арқасында Фаиктың физикалық жағдайы жақсарып, интеллектісінің дамуында оң өзгерістер пайда бола бастады. Онымен қоса, ат спортына бет бұрып, жүлделерге қол жеткізіп жүр. Бұл – үлкен жетістік, – дейді алтын медаль иегері Фаик Насибовтың анасы Наргиля Насибова.
Манеж бойымен жүрісін санап басып келе жатқан ат кілт тоқтады. Өйткені оған иппотерапевт-психолог маман белгі берген еді. Жүзі бал-бұл жанған жасөспірім аттан түсіп, оған қалтасынан қант алып ұсынды. Баланың жылы алақанына тұмсығын тигізген ат, шегініп барып, оған басын изеді. Екеуінің де жанарында бір-біріне деген шексіз құрмет бар еді сол сәтте.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button