Саят

Қасқыр соғып алатын аңшылар неге азайып кетті?

Қасқыр соғып алатын аңшылар неге азайып кетті?

Қыс түссе, малшылардан маза кетеді. Төрт түліктің арқасында жандарын бағып отырған ауылдықтар түздегі малын аңшылардың көмегімен қасқырдан қорғап әлек. Бірақ қысы ұзаққа созылатын Катонқарағайдың өзінде қасқыр аулайтын аңшылар санаулы ғана.
…Ауланың есігін бойы сырықтай, жауырыны қақпақтай камуфляж күрті киген біреу ашты. Қасқырға қақпан құрып, малшылардың тыныштығын ойлап жүрген аңшының дәл өзі. Бойы екі метрден асатын Александр Степанищев бала кезінен тау кезіп, аң аулауды кәсіп еткен. Ауылдастарының айтуынша, бұл жігіт ертеректе ормандағы үлкен өрттің ортасында қалған екі адамды қос қолтығына қысып алып шығып, батырлық танытыпты. Александрдың бойында батылдықпен бірге құдай берген күш-қуат та бар. Қолында мылтығы болмаса, қақпанға түскен қасқырды тоқпақпен бір ұрып сұлатады екен. Қазақшаға судай, әдет-ғұрпымызды жақсы білетін Александрды ауылдастары ерекше құрмет тұтады.
Аңшы жігіттің қасқыр алуға дайындығы ауласында тұрған қара қазанның астына от жағудан басталады. Кешкілік қасқыр түскен қанды қақпандарды іріктеп алып, су толы қазанға батырады. Оның үстіне иісі аңқыған шыршаның құрғақ бұтақтарын шауып салады. Сөйтіп, он бес минуттай бұрқылдатып қайнатады әлгі қақпандарды. Шыршаның шайыры темірге әбден сіңіп болды дегенде, қолғаппен судан алып шығып, қапқа салып ертеңгілік жорыққа әзірлеп қояды.
Ертеңінде күн көтеріле қоймаған ала көлеңке уақытта торы атын ерттеп мініп, Тұма жақты маңдайға алды Александр Степанищев. Өңгерілген қос қоржынның бірінде қақпандар, енді бірінде астындағы тұлпарының азығы – сұлы. Ат тоқ болмаса, күніне кем дегенде елу шақырым жүретін қасқырдың соңына түсе алмайды. Оның үстіне айлалы аң қары қалың, бұта-қарағаны нулы, ой-қыры көп жерлермен жүруге бейім. Кейде ізін жаяу-жалпы аңдуға тура келеді. Александр ауылдан он-он бес шақырым ұзай бере терең сайға қарай кеткен жаман ауыздың жұдырықтай іздерін байқады. Екі-үш күн бұрын құрған қақпанға түсіпті. Жуан томарға байланған шынжырды үзіп кеткеніне қарағанда ірі қасқыр сияқты. Арлан ба екен әлде?! Қақпанды сүйрете терең сайға құлдилай жөнелген. Аңшы атынан түсіп төменге көз салды. Орманның сұр жендеті сайды қуалай өскен қалың жыныстың ішіне кіріп жасырынған сияқты. Бірақ аяғын қиып, алысқа кетіп қалмасы анық. Өйткені, Александр қақпанды қиып түспейтіндей етіп реттеп қойған. Сүйегін сындырса да сіңірі ұстап тұрады. Кейбір жағдайда, әрине, аяғын кеміріп қиып та кетеді екен.

Қасқыр соғып алатын аңшылар неге азайып кетті?

Аңшы Александр қарағайға байланған атының алдына қоржындағы сұлыны қойды. Сұлыны күрт-күрт шайнаған жануар жайбарақат тұр. Демек, қасекең ұзап кеткен көрінеді. Не де болса А. Степанищев мылтығын асынып, сайға түсті. Ылдиға қарай омбы қарды бұзып-жарып түскен бетте бұта-қараған басталды. Қасқыр сол жыныстың арасымен қақпанды сүйретіп Бұқтырма өзені жаққа қарай кетіпті. Былтыр бір қасқыр солай қарай қашып мұздың астына түсіп те кеткені бар. Адамнан айла асқан ба?! Ізіне түсіп жүріп отырды. Әне, қасқыр отыр шоқиып. Адамды көріп айбат шегеді. Көздері өткір. Бойында әлі де әл бар сияқты. Александр көп тұрған жоқ, мылтығын оқтады да, атып түсірді. Еппен барып сеспей қатқан қасқырдың аяғын қақпаннан босатты. Қаншық қасқыр екен. Қоншынан кездігін суырды да, қасқырды соя бастады. Сойып алмасқа амалы жоқ, алпыс келіден асатын қасқырды мынау терең сайдан өрге сүйреп шығара алмайды. Әп-сәтте терісін сыпырып алды да, етін ағашқа ілді.
Ендігі ойы – қоржындағы қақпандарды анау иектің астындағы жартастардың арасына құру еді. Өткенде бұл жерден үш бөлтіріктің ізін байқаған болатын. Ауылдың бір-екі жылқысын тартып кеткен де солар болса керек. Александр еппен қақпандарды алып, жаман ауыздар жүреді-ау деген жерлерге құра бастады. Айлалы аң мүмкін аңшының бұл ісін сырттай бақылап та отырған шығар. Не де болса бүгін қанжыға майланды. Александр торы атын сипай қамшылап ауылға қарай аяңдады. Күн де қысқа. Қарсы беттен соққан жел өңменіңнен өтеді. Аңшы жігіт терең ойда. Қанжығадағы қасқыр әлі де жортып жүрсе, құлын-тайлардың, бесті биелердің борша-боршасын шығарар ма еді?! Бір қасқырдың өзі аштан өлмеуі үшін жылына кем дегенде екі тонна ет жейді екен. Есептей беріңіз, ауылдың маңын торуылдап жүрген он қасқырға қанша ет керек?!

Қасқыр соғып алатын аңшылар неге азайып кетті?

Мұндай есеп-қисапқа Катонқарағай өңірінде малшылар мен шаруа қожалықтары ғана бас ауыртып отырған көрінеді. Олар келісімшарт бойынша ауланған төрт қасқыр үшін аңшы Александрге бір құлын береді. Бұл әдіс шаруалар үшін де тиімді. Төрт қасқыр бір құлынды емес, он құлынды құртуы мүмкін.
– Былтыр қыстай он үш қасқыр ұстадым. Шаруа қожалықтарының иелері екі құлын, төрт қой берді. Жемшөптен тарықтырмайды. Көмектесіп тұрады, – дейді А. Степанищев.
Ал тиісті мекемеден бір қасқыр үшін төленетін сыйақыны алу айды алумен тең сияқты. Аңшының айтуынша, өткізген теріге ешқандай түбіртек берілмейді екен. Тағайындалған 12 мың теңге сыйақы бір жылдан кейін беріледі. Қаһарлы қыста белуардан қар кешіп, он екі мың теңге үшін қасқыр аулау аңшыларға тиімсіз. Соңғы жылдары Алтай тауында қасқырды тікұшақпен ұшып жүріп атуды шығарыпты. Кәсіпқой аңшылардың пікірінше, таулы, орманды жерде аспанға тікұшақ көтеріп шығындану мүлдем тиімсіз. Ақылды қасқыр тікұшақтың дауысын ести сала тастың арасына зып беріп жоқ болады.
– Тікұшаққа шығатын қаржыны аңшыларға бөлген әлдеқайда тиімді еді, – дейді Александр.
– Рас, егер лайықты қаржы төленсе, Катонқарағайда кәсіпқой аңшылар көп. Олар үшін бұл да жұмыстың бір көзі болар еді.
Орманның сұр жендеті ауылдағы малды ғана емес, даладағы тұяқтыларды да сиретіп бара жатқан сияқты. Аңшы жігіттің айтуынша, тоқсаныншы жылдары бір ғана жотада 270-тен астам тау ешкі жайылып жүрсе, қазір ол жерлерден екі-үш бас қана кездеседі. Қасқыр бұлғынға дейін қорек етеді. Оның үстіне броконьерлер де аз емес көрінеді. Әңгіме аң санында емес, қасқырмен күреске қолдау керек. Аңшының да айтпағы осы болды.

Керек дерек

Қасқыр күніне 50 шақырым жүреді.
Жылына кем дегенде 2 тонна ет жейді
13 бөлтірікке дейін күшіктейді.

Мерей Қайнарұлы

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button