Ел жаңалықтары

Асылбек айтқанында тұрды

Өткен жазда мәдениет саласына арнайы қаржы бөлініп, Төсқайың, Қалжыр, Алғабас сияқты іргелі ауылдардағы мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жасалғаны туралы жазған болатынбыз.

Алғабас ауылдық клубына күрделі жөндеуді Махамбет Кешілбаев басқаратын өскемендік «ИП Алмуратов Т» жеке кәсіпкерлігі жасаған болатын. Сапалы атқарылып, уақтылы аяқталған жұмысқа ауыл жұртшылығы дән риза. Оған қалалық мердігерлермен қатар ауылдың жанашыр  азаматтары да қолдан келген жәрдемдерін жасап, барынша атсалысты.

Клубтың салтанатты ашылуы кезінде осы ауылдағы «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Асылбек Қалдешов жұрт алдына шығып, жаңғырып-жаңарып, сыңғырлап тұрған мәдениет ошағына музыка аппаратурасын сыйға тартатынын айтып, уәде еткен болатын. Асылбек сол уәдесінде тұрды. Ол әдейілеп Семей қаласына барып,  музыканттарға ұнаған неміс өндірісі шығарған аппаратураны сатып әкеліп берді. Қазірде бағасы 560 мың теңгелік осы сапалы аспап ауыл жастарының   қуанышына айналып отыр.

– Аудан әкімі Дулат Қажановтың сұрауымен облыс басшысы Даниал Ахметов  ауданның мәдениет саласына деп қомақты қаржы бөлдірген еді, – – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Өлмесеков. – Біз бұл қаражатты аталған үш ауылдағы мәдениет ошақтарын жөндеуге жұмсап, нәтижесінде сол елді мекендердегі жұрттың бірден-бір бас қосатын жері – клубтар көңілдегідей деңгейде қайта түлеп, жарасымды көркін тапты. Ал осы мәдени мекемелереге қолұшын беріп, көмектесіп жатқан Асылбек Бекенұлы сияқты азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button