Аспандап кеткен бағаны ауыздықтаудың амалы қайсы?
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы келген көктемнің алғашқы айынан бастап Өскеменде көкөніс атаулының бағасы, оған қоса сүт пен нанның бағасы да шарықтап шыға келді.
Облыс орталығындағы қымбат супермаркеттерді айтпағанда, көше бойындағы дүкендер мен базарлардың өзінде картоптың бағасы 110 теңгеге жетті. Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың қақ ортасындағы «Заречный» базарында сүйек-саяғы аздау еттің бір келісіне 1500 теңге төлейсіз. Қаланың орталық базары мен өзге базарларында да еттің бағасы осыдан кем емес. Зауыттарымыздың арзандау ма деген сүтінің литрі бүгінде 200 теңгеге барып жығылады.
Өскеменде қымбаттап кеткен сол сүттің бағасын тұрақтандыруға байланысты басты сүт өндірушілермен қалалық әкімдік арасында меморандум жасалды. Қазір майлылығы 2,5 пайыздық сүт біраз әлеуметтік сауда нүктелерінде арнайы белгіленген төмен бағамен саудалануда. Облыстық тұрақтандыру қорының 46 әлеуметтік бөлімдері мен нүктелерінде көкөніс өнімдері, күріш пен қарақұмық, күнбағыс майы мен қант арзан бағамен сатылуда. Қаладағы 18 әлеуметтік сауда орнында нан, өзге де бірінші қажеттіліктегі бірнеше өнім түрі де нарықтағыдан төмен бағамен сатылып келеді.
Қалтасы таяз халыққа көмегі тисін деп ашылған қаладағы «Жәрдем» муниципалды базарына да қазір жұрт жиі барады. Бұл жерде картоп небары 55 теңгеден сатылуда. Көктемге дейін бұдан да арзан бағамен 50 теңгеден сатылған. Қыс бойы пияз – 45, қырыққабат – 55, қызылша – 55, сәбіз – 55 теңгеден сатылған. Күнбағыс майы – 250, қарақұмық – 132, күріш – 140 теңгеден сатылуда.
– Қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін бізде 190 тонна көкөніс сатылды. Әзірше тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын бір ғана әлеуметтік бөлім бар. Орын сатушыға тегін беріліп отыр, ешқандай жалдау ақысы алынбайды. Алдағы күзде ол жердің жанындағы өзге сауда нүктелерін алып, екі бөлім ашуды ойластырып отырмыз. Оған қоса тұрақтандыру қорының етін сататын екі сауда нүктесі бар. Ол жерде еттің келісі 1000 теңгеден сатылуда. «Жәрдемнің» өзінде жұмсақ сиыр етінің бағасы – 1 200 теңге. Бағалардың бәрі павильондағы ет сатушының үстелінің жанында жазылып тұр. Өкінішке қарай, етті көрсетілген бағадан қымбатқа сатқан сатушылар болды. Бір-екеуін базардан шығарып жіберіп, орындарына басқа тұлғаларды алдық. Базардың екі бақылаушысы еттің сатылу бағасының сақталуын үнемі қадағалап, күні бойы тексеріп жүреді. Соның өзінде аракідік жаңағыдай жағдайлар орын алып қалып жатады. Егер тұрғындар еттің қымбатқа сатылып жатқанына куә болса, дереу базар басшылығына хабарлауын өтінеміз, – деген «Жәрдем» базарының директоры Марат Ақтаев кезінде көршілес орталық базарға сатылып кеткен «Жәрдемнің» бір бөлігі прокуратураның талап арызы бойынша сот арқылы өздеріне тегін қайтарылып берілгелі жатқанын, аумағы кеңейген ғимаратта келешекте халыққа қызмет көрсетуге қазіргіден әлдеқайда мол мүмкіндік туатынын айтты.
Екі бақылаушы қойылып, үздіксіз тексеріліп отыр делінгенімен мұнда базар басшыларының көзін ала бере сеніп келген елдің қалтасын қағып қалып жатқан «пысықтар» баршылық екен.
– Осыдан екі ай бұрын бұл жерден сиыр етінің әлгі «мякоть» дейтін жұмсақ етінің келісін 1400 теңгеден сатып алдым. Діңгекте жазылып тұрған бағаларды сатушыға көрсетіп, неге басқа бағамен сатып тұрғандығын сұрап едім: «Ой, ол баяғыдағы ескі бағалар, қазір мұндай баға қайдан болсын. Оған қарамаңыз», – деді. Мен қарапайым халықтың бірімін. Оны кімге барып айту керек екенін де білген жоқпын. Оның үстіне өзге жердегі бағалар бұл жердікінен де қымбат екенін білемін, салғыласып тұруға уақытым да жоқ болды. Бұл жерде ең қымбат еттің 1200 теңге тұратынын сіздерден естіп өзім таңғалып тұрмын, – дейді ЖМК ықшам ауданынан «Жәрдем» базарына көкөніс сатып алуға келген Айымхан Стамбекова.
Өскемен қаласы кәсіпкерлік бөлімі сауда секторының бас маманы Гүлмира Абраимова сөзіне қарағанда, қала көлемінде дәл қазір 18 әлеуметтік сауда нүктесі нақты жұмыс істеп тұр және олар қала тұрғындарын барынша толық қамтитындай етіліп әр ықшам ауданнан ашылған көрінеді.
– Жыл басында 23 наубайхана иелерімен нанды қолжетімді бағамен сатуға келісім жасалған болатын. Жуықта осы нан өндірушілермен қаланың 50 дүкеніне нанды 45 теңгеден босату туралы келісім жасалды. Осы 50 дүкенде 1 сұрыпты ұннан жасалған нан төмен бағамен – 50 теңгеден сатылып жатыр, – дейді сауда секторының бас маманы.
Қаладағы Металлургтердің мәдениет сарайы жанында сенбі сайын қалалық базарлар мен жеке кәсіпкерлердің азық-түлік өнімдері жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Ел бұл жәрмеңкеден де азық-түліктің біраз түрін қолжетімді бағаға сатып алып жүр. Қалалық әкімдіктің арнайы бекіткен бағасы бойынша сенбілік жәрмеңкеде картоп – 70, сәбіз – 80, пияз – 65, қызанақ – 450 теңгеден, сиыр еті – 1100 теңгеден сатылуда. Қаладағы ең арзан деген 450 теңгенің қызанағын тұрғындар осы жәрмеңкеден сатып алуда. Бірақ бұл қызанақтар «Шығыс Қазақстан жылыжай кешенінің» соңғы өнімдері екен.
– Жылыжай кешені бұдан былай қызанақ өсірмейтін болып отыр. Оның орнына қияр өсіруді ұлғайтып отыр. Қиярлары қазір де қаланың базарларына шығарылып жатыр. Кешенді сатып алып отырған оның бүгінгі жаңа иесі «Альжан Агротрейд» ЖШС болашақта өзге де жобаларды жүзеге асыруды ойластыруда. Бүгінгі күні мұнда күніне 5-6 тонна қияр жиналып алынып отыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша бас маманы Ермек Қабыш.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың ақпаратына сенсек, мамыр айынан бастап Өскеменде аудан шаруашылықтары өнімдерінің жәрмеңкесі де қайтадан басталмақ.
«Көкөніс – азық әуені» деп айтқан екен бір ғалым. Қала тұрғындарын қыс бойы қымбатшылықтан құтқарып келген тұрақтандыру қорының сол көкөніс өнімдері де қазір таусылып біткен көрінеді. Кейбіреуі мезгілі жеткендіктен шіріп, сатуға жарамсыз болып қалған. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары онда картоптың бір жұмаға жететіндей ғана қоры қалғанын айтуда. Ал «Дина» толайым сауда базарына берісі Оңтүстік өңірлерден, әрісі Қытай мен Өзбекстаннан жеткізіліп жатқан қырықабат пен сәбіздің келісінің толайым бағасы қазір 90 теңге, картоп 80 теңге болып тұр.
Қаладағы №7 өзін-өзі басқару комитетіне қарасты ықшам аудандағы дүкендер тұрақтандыру қорының қоймасында көкөністер толып тұрған кездің өзінде де оның өнімдерін алудан бас тартыпты. Комитет директоры Сатима Малаева осы жердегі «99», «Жан», «Ромашка» дүкендерінде қордың арзан өнімін сатуды ұйымдастырмақ болғанымызбен, кәсіпкерлер өнімдердің сапасыз екендігін, көпшілігінің босап, бұзылып кетуіне байланысты, қаптың жартысы сатылмай қалатынын айтып, бізбен келіспеді дейді.
Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «Данияр» әлеуметтік сауда дүкеніндегілер болса, керісінше тұрақтандыру қорының өнімдерін сатып алушылар көп екенін, бірақ қорда көкөністердің таусылып қалғанын естіп отырғандарын айтты.
Жуықта өткен еліміздің қауіпсіздік кеңесінің отырысында елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралып, Мемлекет басшысы алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін қолдау арттырыла берілетінін айтты. Статистикалық агенттік мәліметтеріне қарасақ, өткен жылдың тек бірінші тоқсанында елімізге көршілес Қытайдың Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданынан 11,9 млн. доллардың көкөністері әкелінген. Яғни, жылыжай салуға, шаруаларға элиталы тұқым сатып алуға, саладағы өзге де қордаланып қалған көптеген проблемаларды шешуге қолдау көрсетіліп жатса, бізде ауыл шаруашылығының қай өнім түрінен болмасын бизнес жасауға үлкен мүмкіндік бар. Осы мақсатпен жасалған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы өз өнімімізді көбейтіп, шаруаның шаруасын шалқытып қана қоймай қымбатшылықты да құрықтайды деген үміт бар.