Білім

Қашықтан оқыту қаншалықты тиімді?

Дүниежүзін дүрліктірген коронавирус пандемеясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының елімізде, оның ішінде білім саласында қаншалықты деңгейде жүзеге асырлып жатқанын көрсетіп берді.

Бәрі де сол төртінші тоқсанды онлайн оқудан басталды емес пе? Өйткені елде жарияланған төтенше жағдай төтенше шешім қабылдауға мәжбүр етті. Сол кезде көпшіліктің қазақстандық оқушылардың алдынан жаңа бір көкжиек ашылатындай толқығаны шындық. «Цифрлық Қазақстанның» сынға түскен сәті де осы болды. Өйткені бұл бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет миллиондап емес, миллиардтап ақша жұмсағаны белгілі. Атап айтқанда, бағдарламаға 2018-2021 жылдарға 325,95 миллиард теңге бөлу көзделген. Тек 2018 жылы 142,69 миллиард теңге бөлінсе, былтыр 129,90 миллиард бөлініпті. Ал биыл 35,44 миллиард теңге бөлінген. Ендеше осынша қыруар қаржыға қарап бағдарлама аясында сонау түкпірдегі ауылдарға да Интернет желісі тартылған шығар деп ойлауыңыз әбден мүмкін ғой. Бірақ жағдай мүлдем біз ойлағандай болмай шықты. Елімізде ақпараттық заманның ағынына ілесе алмай отырған  мыңдаған ауыл бар екен. Ауылдағы ағайынға бетін көрсеткісі келіп тұрған виртуалды әлем әзірге жоқ. Осылайша мектеп оқушыларын онлайн оқыту мәселесі күн тәртібінен түсті.

Жалпы, онлайн білім беру әлемнің дамыған елдерінде жақсы дамыған. Мамандар онлайн білімнің оңтайлы тұстары көп екенін айтады. Егер алдыңызда ғаламторға қосылған жеке компьютеріңіз болса үйден шықпай-ақ білім беру платформаларына қосылу арқылы білім ала бересіз. Электронды нұсқадағы кітаптар мен материалдар да алдыңызда. Онлайн білім беретін университеттердің де негізі қаланып, жұмыс істеуде. Десе де қазіргі күні онлайн білім берудің қызығын негізінен өзін мотиватормын, тренермін, психологпын деп таныстырып жүргендер көріп жүр. Әсіресе, инстаграмды ашып қалсаңыз, психолог, нумеролог, диетолог, косметолог, маркетолог апаларымыз бен ағаларымыздан көз сүрінеді. Олар онлайн сабақ жүргізіп, қыруар пайдаға кенелуде. Бірақ бұл әлеуметтік желілер оқушыға арналмаған. Негізі мектеп оқушыларына онлайн білім беруге Skype, ZOOM, CISCO, WEBEX секілді бағдарламалар қолайлы. Әсіресе, кейінгі кезде елімізде ZOOM топтық бейнебайланыс бағдарламасының танымалдығы ерекше арта түскен. Онлайн оқу басталады дегеннен-ақ көптеген мұғалімдер мен оқушылардың осы платформаға тіркелгені сондықтан. ZOOM қоғам арасындағы айтыс-тартысқа да көп арқау болғанын айта кеткен орынды.    «Бақсақ бақа екен» дегендей, «ZOOM қазақстандықтарға қауіп төндіруі мүмкін» деген ақпарат тарады. Айталық, ZOOM  бағдарламасын пайдаланып, онлайнға шыққан жеке қолданушылардың мәліметтерін көшіріп алуға, жазып алуға болатын көрінеді. Бұл платформаның негізін қалаушы Эрик Юань есімді АҚШ азаматтығын алған қытайлық екендігі де қолданушылардың көңіліне күдік ұялатқандай. 90-шы жылдары Қытайдан Америкаға қоныс аударған Эрик Юань WebEX компаниясының негізін қалаушылардың бірі болған. Ол 2011 жылы ZOOM компаниясын құрады. Қазіргі кезде бұл бағдарламаны АҚШ-тың Гарвард бастаған ірі университеттері мен колледжері, мектептері мен ірі компаниялары қолдануда. Қазір компанияның капитализациясы 43 млрд. долларға жеткен.

Көмекке «Қазпошта» да келді

Міне, осындай әлемдік деңгейде үлкен табысқа кенеліп отырған ZOOM зұлым ба? Республикалық «Қазбілім» орталығының басшысы Аятжан Ахметжанұлы бұл компания жөнінде шыққан қауесетті «онлай білім беру саласындағы бәсекелес компаниялардың, жұмысы жүрмей, кірісі кірмей отырған білім саласында контент жасаушы компаниялардың бәсекелестік жолдағы әрекеті» деп санайды. «Бұл қадамды ТМД кеңістігін жеке иемденгісі келетін орыс әлемі тұтатса, өзіміздегі білім контентін қалыптастырушы компаниялар ілесіп кетті» дейді. Қалай десек те, қандай платформамен жұмыс істесек те қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі айтпаса да түсінікті.

Сөйтіп, онлайн оқу мәселесі ысырылып, еліміздегі үш миллионнан астам мектеп оқушысы қашықтан оқуға көшіп те кетті. Ол үшін қашықтан оқытудың тетіктері пысықталып,  іске қосылды. Бірінші, телеарналар арқылы, екінші радио арқылы. Үшіншісі, пошта арқылы. Осы орайда «Қазпошта» мен тиісті министрлік арнайы меморандумға қол қойғаны белгілі. Енді 20 мың оқушы оқу материалдарын, мұғалім тапсырмасын «Қазпоштаның» көмегімен алып отыратын болады.  Штаттық режимде де оқуды жалғастыратындар бар. Елімізде 1080 мектепте оқушы саны жүзге жетпейтін көрінеді. Шалғайдағы ол елді мекендерде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сондықтан да олар дәстүрлі оқуды жалғастыруда, бірақ бір ауысымда емес, екі ауысымда оқитын болады. Сондай-ақ елімізде екі миллионға жуық қала мектептерінде оқитын оқушы бар. Олар интернет-платформалар арқылы білім алады.

Төтенше жағдай кезінде елімізде қашықтан білім берудің алғашқы күнінде «Kundelik.kz» платформасына 2,2 миллион оқушы кіріп, 32 миллион сессия өткізілсе, «Daryn.online» платформасын 300 мыңнан астам оқушы пайдаланған. Ал «Bilimland»  ресурсы 400 мыңнан астам оқушының қажетіне жарап отыр. Көпшілік оқушылардың «Kundelik.kz» бағдарламасын аша алмай әуреге түскені де шындық. Білім министрі онлайн-брифинг барысында «Kundelik.kz» платформасында ақау болғанын жасырған жоқ.

– Әрине, техникалық ақау болды. Оны жасырып қайтеміз, тура айтуымыз керек. Жүйеде екі рет ақау болғанын білеміз. Тиісті жұмыстар жүргізілді. Платформада 30 миллионнан астам сессия болғаннан кейін біраз мәселе туындады. Дегенмен бұл проблемалар уақытында шешілді, – деді министр.

Осы орайда өңірдегі мектеп оқушыларының да қашықтан оқуға көшкені туралы газетіміздің алдыңғы санында жазған болатынбыз. Біздің облыста қашықтан оқыту білім беру жүйесінің екі бағыты бойынша қамтылмақ. Оның бірі – Интернет платформа. Облыстың 167 974 (89,2%) оқушысы BilimLand, Daryn.оnline және Kundelik.kz сияқты қолжетімді платформаларда қашықтан оқуға көшті. Кері байланыс  Kundelik электронды журналы және WhatsApp мессенжері арқылы орнатылады. Екіншісі – телеарналар арқылы. Республикалық «Балапан» және «Еларна» телеарналарында кестеге сәйкес күнделікті сабақтар өтеді. Облысымыздың 20 304 (10,8%)  оқушысы білім алу процесін «Балапан» және  «Еларна» телеарналары арқылы жалғастырады. Аудандық және қалалық білім бөлімдері жанынан арнайы әдістемелік және техникалық қолдау көрсететін жобалық офистер де құрылған. Сондай-ақ облыстың әр аудан, қаласында 20 Сall-орталығы жұмыс істейді. Кез келген сұрақтың жауабын сол орталықтар арқылы алуға болады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button