Асанәлі Әшімов: – Мен өнерге кездейсоқ келген адаммын
Өскеменде өткен «Мәңгілік ел» мегаакциясына мүйізі қарағайдай қазақ зиялыларын бастап келген атақты актер Асанәлі Әшімовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Дарынды актер өмір мен өнер жайында салмақты ойлар айтып, өз тағдыры туралы толғаныстарын тебіреніспен жеткізді.
Ешқашан әртіс болуды армандамаған едім
– Өскеменнен не өзгеріс байқадыңыз?
– Жаңа театрдың құрылысымен таныстым. Екі жыл бұрын орынын бірге таңдаған едік. Бұл облыс басшылығының театр өнеріне деген көзқарасын көрсетеді. Рүстем – менің ең үздік шәкірттерімнің бірі еді. Сол шәкіртімнің бастаған ісі аяқсыз қалмағанын көріп, шынымен қуандым. «Тәубе» дедім.
– Өнер адамы үшін зейнеткерлік жас қай кезден басталуы керек деп ойлайсыз?
– Өнер – халықтікі. Сондықтан халыққа қызметіміз мәңгілік. Жасым сексенге келсе де, әлі спектакльде ойнаудан жалыққан жоқпын. Спектакль – менің өмірім. Театр мен сахна – менің туған үйім. Кино, әрине, жақсы, танымалдық сыйлайды, аудиториясы көп. Бірақ театр әртіс үшін зертхана іспеттес. Нағыз шеберлік осында шыңдалады. Менің өмірімде бір парадокс бар. Ешқашан әртіс болуды армандамаған едім. Мектеп қабырғасында жүргенімде әртістерді ұнатпаушы едім. Мен өнерге кездейсоқ келген адаммын.
– Қазіргі театр өнеріне баға берсеңіз. Алға жылжу бар ма, әлде, кері кету байқала ма?
– Уақыт өзгереді. Маған біздің жас күнімізде театр өнері ерекше дамыған сияқты көрінетін. Ол кезде Қазақстанды қойып, бүкіл одаққа есімі белгілі адамдардың көзін көріп, сабақ алдық. Мектебіміз ғажап еді. Станиславский мектебінің өзі неге тұрады! Қазіргі уақыт талабымен асығыс дамып жатқан театрдың жөні және бөлек. Бір айдың ішінде спектакльді қою деген бұрын жоқ еді. Бұрын бір драманы 6-7 ай дайындайтынбыз. Бір спектакльді екі жыл дайындаған да кездер болды. Есесіне, оны біз қырық жыл азық қылдық. Қазір бір немесе бір жарым айдың ішінде спектакль қойылып жатады. Тіпті, мәтіндегі бір сөз үшін 2-3 күн ұжым болып дауласатын кездер болатын. Ақыры, авторды шақырып, ортақ шешімге келетінбіз.
– Театр ұжымдарының арасында өтетін байқаулардың қандай пайдасы бар? Ондай конкурстардың керегі бар ма?
– Менің ойымша, театр конкурстары мен фестивальдар үнемі өтіп тұруы керек. Бұл дүниелер драматургияны дамытады. Әйтпесе, өз қазаныңда жеке қайнағаннан ештеңе өзгермейді. Өз әдебиетімізді шебер сахналауға ұмтылуымыз керек. Қобыланды жыры – Шекспир шығармаларымен деңгейлес туынды. Ал оны сол деңгейде бере білу – бөлек әңгіме. Бұл – менің жеке пікірім. Театрдың діңгегі – режиссер. Ол мықты болмаса, ұжым қандай талантты болса да, алтын арбаны есекке жеккендей болады.
Бекежан қарақшы емес, ол – дала рыцары
-«Театр өнері дамыған елдерде сан түрлі бағытқа бет бұрған өнер ошақтары көп. Ал бізде барлық театр сан бағыттың жүгін өзі жалғыз арқалап келеді. Режиссерлер неге экспериментке бармайды?» деген сарындағы сындар көп айтылып жүр. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Солай болуы әбден мүмкін. Кез келген істе эксперимент керек. Ал театрда ең үлкен эксперимент әртіске еркіндік беру деп ойлаймын. Ойдың, шеберліктің, қиялдың еркіндігі болған жерде, эксперимент өздігінен жүріп жатады. Біз театр институтында оқыған кезде «Бұлшық еттер еркіндігі» деген пән болды. Бұлшық еттерің еркін болған кезде ойың да еркіндік алады. Бір қойылған дүниені әртүрлі қырынан алып дайындау керек. Ал күрделі спектакльде бәрі өзгешелеу болады.
Эксперимент актерге де байланысты. Ойнау бар да, образ жасау бар. Рольді екінің бірі ойнай алады. Ал образ жасау дегеніңіз – кейіпкер болып өмір сүру. Сондықтан да актер бірнеше өмірді қатар сүру мүмкіндігіне ие адам дер едім. Актерліктің құдіреті де – осында. Режиссермен пікір таласу деген болады. Үнемі режиссердің айтқанына бас шұлғу міндетті емес. Мұнда да ой еркіндігі қажет. Қысқасы, эксперимент деген дүние театрда бүкіл ұжыммен жасалады.
– Қандай жоспарларыңыз бар? Театрда жалғызсырап жүрген жоқсыз ба? Шыныңызды айтыңызшы.
– Менің негізгі серіктестерімнің көбі сахнадан немесе өмірден кеткен. Ал көп нәрсе серіктеске байланысты. Молдабеков, Жантөрин, Ноғайбаев сынды таланттардан құралған шоғыр бар еді. Бір-бірімізді жарты сөз арқылы ұғатынбыз. Жастармен тіл табысу қиындау шаруа болып жүр мен үшін. Ал авторларға жеке маған арналған драма жазғызу мүмкін емес. Сондықтан мәскеулік бір режиссермен «Дала – қария» жобасын қолға алып отырмын. Сан қабатты, көп кезеңді дүние болайын деп тұр. Осы жоба маған қол болмақ. Одан бөлек дәстүрлі «Шәкен жұлдыздары» бар. Шаруа жетеді. Үйдің шаруасы және бар. Ұлым мектеп жасына жақындап қалды.
– Облыстық театрлардың жағдайы Үкімет деңгейінде көтерілгенін білеміз. Осы ретте өз пікіріңізді айта кетсеңіз
– Расымен де, облыстық өнер шаңырағында жүріп, 30-40 мың теңге алу деген қисынсыз. Театр әртістерінің ішіндегі ең жоғары еңбекақыны мен алады екенмін. Оның өзі – 90 мың теңге. Үкімет алдына жеткен мәселенің түйінін де өздері қоюы керек. Жалпы, бұл мәселені басшылар білмейді емес, біледі.
– Сіз сомдаған Бекежанның Төлегенді өлтірмегенін алға тартушылар бар. Төлеген бөгде бір қарақшының қолынан мерт болған деушілердің пайымы қаншалықты шындыққа жақын?
– Бұл тұрғыда көптеген пікірлер бар. Бір ғана нәрсе белгілі. Бекежан қарақшы емес, ол – дала рыцары еді. Елін, жерін қорғаған батырды қарақшы болды деп айта алмаймыз. Францияда «Қыз Жібектің» тұсаукесері өтті. Ондағылар француз көрермендердің шыдамсыз екенін айтып ескерткен-ді. Бірақ үш сағат бойы мың адамның біреуі де қыбыр етпеді. Соңыра қолтаңба алуға келгендердің арасынан бір топ қыз келіп сұхбаттасты. Сонда әлгілер: «Анау Жібек ақымақ екен. Таңдауды дұрыс жасамаған» деп жатыр. Сондықтан Бекежанды жағымсыз кейіпкер деп түсіну қате.
– Кино саласы қашан, қайтсек Шәкен Аймановтың кезіндегі деңгейіне қайта көтеріледі деп ойлайсыз?
– Шәкеннің тұсында тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта, тіпті, әлемде кино өнер ретінде қатты дамыды. Ал қазіргі компьютерлік графика дәуірінде кино көп өзгеріске ұшырап отыр. Ол кезде бір соғысты көрсету үшін мыңдаған адамды тартып, қол жинау керек болатын. Қазір миллиондаған армияны компьютердің көмегімен киноға кірістіре салады. Сондықтан да «Қыз Жібек» сынды шынайы туындылар жоқ.
– Режиссер мен актердің арасындағы тартыс басыңыздан өткен болар. Негізі екі арадағы бағыныштылықтың шегі бар ма?
– Шығармашылықта ондай тартыстың болуы міндетті. Бірақ тартыс объективті болуы керек. Егер өзің білмесең, білгеннің тілін алғаның жөн.
Алғашқы ғашықтық сезімім 3-сыныпта оянған
– Сіз – Қасымхан Шадияровтың өмірімен екінші ғұмыр кешіп жатқан актерсіз. Алдағы уақытта бұл топтаманың жалғасы бола ма?
– «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Манчжур варианты», «Сіз кімсіз, Ка мырза!» топтамаларының жалғасын түсіру ойымда бар. «Сіз қайдасыз, Ка мырза!» деп атамақпын. Оны түсіріп үлгерем бе, жоқ па, бір құдайдың қолындағы шаруа ғой. Ал тереңірек үңілер болсақ, Қасымхан Шадияров та мен өлген күні өмір сүруін тоқтатады.
– Жұмыр басты жан иесі ретінде өміріңізге ризасыз ба?
– Жоқ десем, күпірлік болар. Рас, қара бояуы көп болды. Сүйген жар, қос перзент, қартайғанымша еркелеткен асыл анадан айырылдым аз уақыт ішінде. Адам болғаным – сол анамның арқасы. Мен бала кезден сезімтал едім. Алғашқы ғашықтық сезімім 3-сыныпта оянған. Балалық сезім ғой. Жоғары кластарда да, жоғары оқу орындарында да сондай сезімдер болды. Ал бірінші әйелім Майраға бірден ғашық болғаным жоқ. Бір ғимаратта оқып, көріп жүріп онша мән бермеппін. Қойшы, қаланың қызы ғой дегендей, жақтырмадым. Бір Жаңа жыл мейрамында Майраны биге шақырып, тілдестім. Сол би тағдырымды шешті. Келесі күндері кездесуге шақырдым. Содан не керек, отау құрдық, 36 жыл бірге тұрдық. Мен жақсы көрдім. Ол да мені құлай сүйді. Шын махаббат, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға» еліктеудің соңы – өлім. Махаббат деген – от. Күйіп кету керексің, басқа амал жоқ.
Қазіргі әйелім Бағдат та мені қатты сүйеді, сыйлайды. Әйел еркекті көбірек жақсы көрсе, отбасы берік болады. Керісінше болса, сезімнің қадірі кетеді, әйел жан-жағына қарай бастайды. Өз отбасына сүйіспеншілігі, сүйкімі жоқ адам қоғамнан да орын таба алмайды. Халқым қадірлейтін секілді. Менің де қазағыма деген махаббатым мен алғысым шексіз!
– Соңғы жылдары «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша да, жеке бастамалардың негізінде де қазақша туындылар көптеп дүниеге келгенін білесіз. Солардың ішіде сіздің көңіл таразыңыздан өткендері бар ма?
– Қазіргі көп киноның ішінен «Шал», «Жаужүрек мың бала» кинотуындыларын іліп алуға болады. Мен үшін мұның барлығы орташа. Бірақ, Құдайға шүкір демеске лаж жоқ. Көп режиссерлер қайдағы бір шеттің фильмдерінен сюжет, композиция ұрлайды. Арзан идеяның сорпасы татымайды ғой.
Киноны жасайтын бір-ақ адам. Ол – режиссер. Режиссер бәрін ұйымдастырады. Актерлер үйлесімділігі, көзқарас тереңдігі, ой айқындығы – соның мойнында. Картинаның тағдыры да. Түсіріп алғаннан кейін ұтымды жерлерін қиып, жабыстыруы керек. Образға лайық компоненттер қосу, музыканы дөп табу сынды жұмыстары да бар. Демек, қазақ киносы режиссерлердің өресіне байланып тұр. Олардың деңгейі биік болса, сүйсініп көретін картина да көп болар еді.
– Біз үлкендерден, көбінесе, жастар жайында сұрап жатамыз. Ал сіздің өз замандастарыңызға, ат төбеліндей ғана алдыңғы буынға көңіліңіз тола ма?
– Өткенде ғана жігіттермен сөйлестім. «Жігіттер, біз аз қалдық. Он шақты адам бармыз ба, жоқпыз ба, білмеймін. Бірігіп елге, өнерге, жастарға пайдалы бір іс қылайық» дедім. Кезінде орыстарда композитор Балакирев бастаған «Могучая кучка» деген ұйым болған. Олар сол кезде Үкіметке көп пайда келтірген. Біз енді халыққа бермесек, алуға тиісті емеспіз. Сондай адамдардан оншақтысын жинайық десек, толмай жатырмыз. Көбісі қайтыс болып кеткен. Барымыз жиналайық, ұйымның ұстанымын, бағытын жасайық. Ең басты мақсатымыз – Үкіметке көмектесу болсын дедім. Біраз адам қолдады. Төрт-бесеу бар. Енді қарасақ, бәрі далбаса. Бес-алтау болармыз. Одан аспаймыз. Көбі келмеске кетті. Кейбірі сақалын саудалап, атақ қуып жүр.
Бәрі бай болуды армандайды. Адал еңбекпен тапса жөн еді. Бұрын мал ақылдыға жиналатын. Қазір дүние ақылсызға жиналады. Бірі бар ақшамызды сыпырып алып, шетелге қашып жатыр, енді бірі заңға сыйғызып кейуаналардың баспаналарын тартып алады. Бұрын сантехник болған бір маскүнемді білемін. Қазір оның бармаған жері, отырмаған төрі қалмады. Бүкіл облыс орталықтарында үлкен-үлкен қонақ үйі мен мейрамханалары бар. Сұрау жоқ, сот жоқ. Жоғарыда ең құдіретті Төреші барын ұмытқан бәрі. Бұл дегенің – иттік, ақылсыздық. Ақылсыздыққа барған байлық баянды болмайды. Олар елді орға жықпай ма? Кішкентай баламның тағдыры не болады деп күйзелем. Біреуге құл болып жүре ме? Жүрегім ауырады соған. Сол болашақта біреудің құлы болмасын, біреу боқтап, сабамасын деймін. Құдай сақтасын, сондай жағдай келмесе екен деп жалбарынамын. Бірақ, «Сақтанғанды ғана сақтайды» ғой. Кетпей тұрып, балаларға жол сілтеу керекпіз. Рушылдық, жікшілдік қазақ елін жарға жығатынын түсіндіру керекпіз. Өзім шама-шарқымша жиындарда осыны айтып жүрмін. Біздің жасымызға келгенде қателесуге болмайды. Жастар қателессе, бір сүрініп, бір тұрар. Ал қарттар қателессе, ұлтқа ауыр тиюі мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы