Тұңғыш Президент

Қасірет әкелген Семей полигонын жапты

«Елбасының қазақ халқына сіңірген еңбегі зор. Қырық жыл бойы халыққа зардабы тиген Семей сынақ полигонын жапты. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың ашылуына, ел игілігі үшін бейбіт атомды дамытуға ықпал етті. Қазақстанның барлық облыстарындағыдай Семейде де ашылған Назарбаев зияткерлік мектебі талантты ұстаздар мен оқушылардың ортасына айналды», – дейді облыстың Құрметті азаматы, «Байуақов ТВК-6» телеарнасының бас директоры Омарбек Қазанғапұлы.

Шығыс өңірінің өркендеуіне үлес қосқан Омарбек Қазанғапұлы Парламенттің дипломымен және естелік медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Бүгінде Семейдегі «Байуаков ТВК-6»  телекомпаниясының бас директоры, «Спектр», «Ертіс өңірі»  газеттері мен баспа орталығының құрылтайшысы және бас директоры қызметтерін атқарады. Әрине, бұндай жетістіктерге келу де оңай болмағаны рас. Барлығы да Омарбек ағаның еңбекқорлығы мен жаңашылдыққа ұмтылуынан туындаған ізденісінің жемісі.

– Назарбаев зияткерлік мектебі Семейде салынып жатқан Қарағайлы шағын ауданында орналасқан, болашағынан үміт күттіретін жастар осында оқып жатыр, – дейді Омарбек Байуақов, – Болашақта бұл жерде жүз шақты көппәтерлі үйлер, түрлі нысандар бой көтереді. Қазақстанның бүгіні мен болашағы Елбасымен тығыз байланысты. 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні болсын деп 2009 жылы Семейге келген сапарында Елбасы ұсыныс жасаған еді. Бұл – қазіргі Бейбітшілік аралында болған уақиға. Сол ұсыныс БҰҰ тарапынан қолдау тапты.

Полковничий деген аралдың Бейбітшілік деп аталуын да сол жолы Елбасы тілге тиек еткен болатын.

– Қарағайлыда облыс әкімінің бастамасымен көп функционалды спорт кешені де салынды, – дейді Омарбек Қазанғапұлы. – Мен Қазақстан азаматы әрі өз қаламның патриоты ретінде Елбасының еңбегі өлшеусіз екенін айтқым келеді.

Елбасының Семейге келген сапарларының бірінде Омарбек Қазанғапұлына ол кісімен кездесу сәті түседі. Бұл тарихи сәт еді. Абай атындағы театрда қаланың зиялы қауымымен жүздескен Нұрсұлтан Назарбаев бір сәтте қарсы алдына келіп, амандасып жатқан Омарбек Қазанғапұлын байқайды. Қалада жаңа телеарна құрғанын, елді тың ақпаратпен қамту ойы бар екенін естіген соң Елбасы оның жұмысын қолдайтынын айтады.

– Бастаған  ісіңе, жұмысыңа мықты бол! Сәттілік тілеймін! – деп қанаттандырады Омарбек ағаны Елбасы. Бұл сөзге Омарбек аға ерекше серпіліп, қуанып қалады.

«Тұңғыш Президент күнінің маңызы ерекше, тарихы терең», – дейді Омарбек Қазанғапұлы. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстанда Президент сайлауы өтті. Осы күні қазақстандықтар Елбасыны таңдады.

– Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігін жариялау бақытына ие болған, еліне еркіндік сыйлаған тұлға ретінде әрқашан үлкен құрметке ие болмақ, – дейді Омарбек аға. –Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Тұңғыш Президент «Алдымен экономика, сосын саясат» деген бағытты ұстанды. Себебі, Кеңес үкіметінен қалған көп дүниені қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын жақсарту керек болды. Ол Қазақстанның әлем экономикасына үлес қосушы мемлекетке айналуына ықпал етті.

2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Қазақстанда азаматтық қоғам құрылып, ұлтаралық келісім сақталды. Еліміз әлемде өз орнын ала білді. Оның дәлелі – халықаралық «Экспо-2017» көрмесі. Осы көрмеде Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың «Токамак КТМ» жобасы шетелдіктер назарын ерекше аудартты.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік басқару кезеңіндегі Қазақстанның жетістіктері ерекше, – дейді Омарбек Қазанғапұлы. – Оның бәрін, әрине, санамалап шығу мүмкін емес. Мемлекетіміздің негізін қалаған тұлғаның тарихи үлесі зор. Әр азамат елімізді және Елбасымызды мақтан тұтуы тиіс.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button