Қос бірдей нысан пайдалануға берілді
Абай ауданының тұрғындары айтулы оқиғаның куәсі болды. Нақтырақ айтсақ, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс басшысылығының қолдауымен аудан орталығындағы спорт мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Бұған қоса, бұл күні жаңа допты хоккей алаңы ашылып, жергілікті спортсүйер қауымның қуанышын еселей түсті. Талай спорт саңлағын түлеткен Абай елі үшін бұл ерекше мерекелік тарту болғаны сөзсіз.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров сөз алып, Абай елінің спортына ерен еңбек сіңірген Майдан Мұқанов, Дауылбай Исаинұлы, Байболат Төреханов, Бейсен Төлеубаев сияқты сала ардагерлерін «Алғыс хаттармен» марапаттады. Қуанышты жиында спорт ардагерлері де жылы лебіздерін білдіріп, жас спортшыларға алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік пен жеңіс тіледі. Бұдан соң ауданның құрметті азаматтары жаңарған спорт мектебінің лентасын қиып, аудандық «Нұр Сана» салт-дәстүрлер орталығының ақ жаулықты әжелері шашу шашты.
Сондай-ақ бұл күні допты хоккей алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, аудан әкімі мен спорт ардагерлері жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жаңа нысанның лентасын Нұрдырахман Құтанбекұлы, Дауылбай Исаинұлы, Базарбай Бекқалиұлы, Төлеубек Аманғазыұлы, Серік Бимұратұлы мен Совет Камалұлы сияқты ауданның құрметті азаматтары қиды. Әжелеріміз шашу шашып, қарттарымыз бата берді. Артынша қуанышқа куәгер болған жұрт ашылған нысандарды аралап, естелік суреттерге түсу мүмкіндігіне ие болды.
«Didar» ақпарат