Саясат

Қарғын судың қатері қаперде тұр

Наурыз мейрамының қарсаңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Глубокое ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты, олардың жетекшілерімен кездесті. Өңірдегі су басу қаупі бар кейбір телімдерді аралап көріп, тасқынның алдын алуға байланысты нақты тапсырмалар берді.

Жұртшылық жәрмеңкеге риза болды

Қарғын судың қатері қаперде тұрӨскемендегідей бұл күні Глубокое кентінде де таңертеңнен бастап жәрмеңке ұйымдастырылды. Сағат онға таман сөрелер біраз сиреп қалыпты. Өйткені, азық-түлік бағасы базардағыдан айтарлықтай арзан. Картоп – 40, бидай ұны – 45, асбұршақ – 50, қарақұмық – 130, күнбағыс майы – 190, бал – 900, сиыр еті 1100 теңгеден саудаланып жатты. Көксерке (470 теңге), сазан (500 теңге), ұшқыш (530 теңге) секілді балық түрлері кентке Өскеменнен жеткізілген екен. Тауарлардың басым бөлігін «ШиХ», «Красный Яр», «Восход Молоко» серіктестіктері, «Семена масличных» шаруа қожалығы, «Севастьянов», «Балтаев» жеке кәсіпкерліктері және өзге де аудандағы өнім өндірушілер әкелген. Ал жергілікті «Уваров» шаруа қожалығы жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарынан шөп, сүрлем, сабан, құрама жем алуға тапсырыстар қабылдады.

– Осындай мерекелік жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Ет, балық, нан-тоқаш өнім-дерінің, балдың түр-түрі толып тұр. Ең бастысы – бағалары қолжетімді! Бұл аз да болса, халыққа көмек, – дейді зейнеткер Раиса Бобровская.

Аймақ басшысы барлық жәрмеңке сөрелерін аралап, шаруашылық өкілдерімен тілдесіп, әкелген өнімдерін көрді. Мереке күндері аудан орталығында киіз үйлер тігіліп, «Бауырсақ» фестивалі өткізілмек. Онда жұртшылыққа бауырсақ пен наурыз-көже ұсынылатын болады. Облыс Әкімі мұндай бастаманы қолдап, мейрамда наурыз-көжені тегін тарату қажет екенін қадап айтты, себебі әлі күнге дейін кейбіреулер оның қандай тағам екенін, тіпті неден жасалатынын да білмейді.

Бұдан соң облыс Әкімі аудандық кітапханаға бас сұқты. Мұндағы кітап қоры жиырма мың данадан асады, жұмысқа қажетті жағдайлардың бәрі бар, тек Интернет қана жетіспейді. Ғимараттың екінші қабатында бос уақыт орталығы орын тепкен.

Қауіпті аумақтарды қатаң қадағалаған жөн

Іссапар барысында су тасқынының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Өңір басшысы көктемгі тасқынмен күресуге арналған техника мен құрал-саймандардың әзірлігін тексерді. Аудан орталығындағы «Прииртышье» кәсіпорнының мамандары аймақ басшысына жергілікті тас жолдар мен елді мекендердің көшелерін тазарту, тасқынға тосқауыл жасау мақсатында қолданылатын трактор, экскаватор, грейдер сияқты техникаларын, арнайы құрал-жабдықтарын көрсетті.

Аудан басшылығы облыс Әкіміне жыл сайын су басып қалатын қауіпті аумақтар туралы мәлімет берді. Мұндай жерлер Опытное поле, Белоусовка, Кожохово ауылдарында бар. Глубокоелік шенеуніктер қазіргі кезде аталмыш елді мекендердің бәрі бақылауда екенін айтады.

Бобровка мен Малоубинка ауылдарында мәселе жоқ екен, ал Тарханкада тасқынды дамбаның көмегімен тоқтату көзделуде.

Тіршіліктің мәйегі – тірек ауылдар

Тірек елді мекен ретінде қарастырылып отырған Черемшанка ауылында осы күні «Балапан» бағдарламасы және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Алтын бесік» балалар бақшасы салтанатты түрде ашылды. Жергілікті кәсіпкер Кеңес Омаров ғимаратты жөндеуге өз қалтасынан он миллион теңге қаражат құйған. Балабақшада әзірше үш жас-тан асқан 15 бүлдіршін (бір топ) тәлім алатын болады, күзде тағы екі топ ашу жоспарлануда. Кезегін күтіп тағы 120 бала тұр. Жаңа мекеме отыз шақты адамды жұмыспен қамтып отыр, олардың дені – құс фабрикасының бұрынғы еңбеккерлері.

Ашылу рәсімінде облыс Әкімі ауылдықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, игі ісі үшін Кеңес Омаровқа ризашылығын білдіріп, басқа кәсіпкерлерді одан үлгі алуға шақырды. Осы жерде аймақ басшысы жұртшылыққа Черемшанка құс фабрикасы бойынша сот мәселесі шешілгенін, қазіргі уақытта сенімді инвестор іздестіріліп жатқанын жеткізді. Ол табылысымен бірінші кезекте жалақы бойынша берешектер қайтарылып, фабрика биылғы жазда-ақ іске қосылады.

– Черемшанка ауылы тұрғындары-ның проблемалары ұдайы біздің назарымызда, сіздер көмексіз қалмай-сыздар, – деп түйіндеді өз сөзін Бердібек САПАРБАЕВ.

Бұл күні Кеңес Омаровтың өз қаржысына салған шағын наубайханасы да ашылды. Аталған кәсіпорында ауыл халқы үшін тәулігіне бір мың бөлке нан және күлше-тоқаштың түр-түрі пісірілетін болады. Кәсіпкер мұнда да құс фабрикасының тағы бірнеше бұрынғы жұмысшысын еңбекпен қамтып отыр.
Ауылдағы келесі бір кәсіпкер Андрей Рыгалов өзінің шағын құс фабрикасын кеңейтпекші. 2000 жылдан бері ол өз ісіне 7 миллион теңге құйған, енді «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге көлемінде несие алмақ ниетте. Аталған қаржының көмегімен іскер жігіт 11 адамды жұмысқа тартып, тауық санын екі мыңнан он мыңға дейін көбейткісі келеді.

Кәсіпкер Вера Евченко «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде екі миллион теңге несие алып, күре жолдың бойына «Окраинка» атты дәмхана ашқан. Ол осылайша жеті адамға жұмыс тауып беріп отыр. Тамақтану орны бір мезетте отыз шақты адамға қызмет көрсете алады. Тамақтың бағасы да қолжетімді, айталық, түскі астың құны – 400 теңгенің төңірегінде.

Жаңа ғимарат науқас жандардың жағдайын жақсартады

Зимовье ауылындағы психонев-рологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме аумағында жаңа асхана мен 150 адамға арналған жатын ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Екі ғимарат іске қосылғанда мүгедектердің тұрмыс жағдайы жақсара түседі, әр бөлме екі адамға ғана шақталады, жеделсаты орнатылады. Тағы бір атап өтетін жайт, мемлекеттік стандарттың енгізілуіне байланысты мұнда дефектолог, музыкалық жетекші, мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы, кітапханашы тәрізді әлеуметтік еңбеккерлер пайда болмақ.

Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда кезекте екі жүздей жүйке ауруына шалдыққан науқас тұр, сондықтан жаңа ғимараттың салынуы да бұл мәселені толық шешпейді. Бірақ облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мұндай жандарды өзге мекемелерге орналастыру бойынша шара қолдануда.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button