Қарусыз қасқыр соғатын Қасқыр Ержан
Ауылдастары оны Қасқыр Ержан атап кеткен. Атаса атағандай-ақ. Төрт түлігін өргізіп, атакәсіпті жалғастырып келе жатқан Ерекең түз тағысының тісі малға батса болды, алмай қоймайды. Аңшы жігіт қасқырды техникамен қуып жүріп, снайпермен атып алмайды, кәдімгі дәстүрлі әдіспен соғып алады немесе ит салып аулайды.
Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылының тұрғыны Ержан Қасымбеков бала жастан әкесіне еріп Өкпеті, Доланқара, Желдіқара, Қызылтас тауларын кезіп өседі. Әкесі Жұмағазы ақсақалдың аңға шығып, ит жүгірткенін көріп ержеткен Ержан сегізінші сынып та оқып жүргенде бірінші рет қасқыр алады. Содан бері бүгінге дейін аулаған тағыларында есеп жоқ.
Жуықта әлеуметтік желілерде Ержанның қарусыз жаралы қасқырмен арпалысып жатқан видеосы көпшілікті таңғалдырғаны рас. Мұны көріп пікір білдіргендердің біразы сенімсіздік танытып, жаралы қасқырдың әлсіздігін алға тартса, енді бірі қасқырдың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп баққан. Қасекеңді қаңқ еткізбей басып ұстау үшін білектің күштілігі ғана емес, жүректің түктілігі де керек. Шындығында, жалаң қол жаралы қасқырдың қос құлағынан басып тұқыртқанды қойып, қос ауызбен атып түсірудің өзі ерлік. Сұр жендеттің сұстылығын көрмей-ақ, ұлыған дауысы мысыңды басып, үрейіңді қашырады. Қасқыр Ержанның емес бірақ…
Ол ата-бабасының ізі қалған Қаражал қыстағында бағып отырған малын қасқырға тартқызбаудың амалын ойлап қысты өткізеді. Жылда – осы. Жаз жайлауға түскенше, екі көзі төрт болып орманның сұр жендеттерін аңдиды. Өлместің қамы үшін тіршілік етіп жүрген қасекеңнің де қанталаған көздері мал қорада. Тағының бір жаман қасиеті, қорегін алып қана кетпейді, басқасын да жаралап, жарып ойранын шығарады. Ал малмен жан сақтап отырған Ерекең шығынның алдын алу үшін әкеден үйренген айла-тәсілдерін қолданып, қора маңын торуылдап жүрген ит-құстарды соғып алады. Тіпті, ауылдан ұзап кеткен қасқырдың соңына түсіп, күн жүріп, түн жүріп, алмай тынбайды. Көзіне түскен қасқырды жібермей, нағыз дәстүрлі аңшыларға сай тәсілді қолданатындықтан болса керек, ауылдастары Қасқыр Ержан деп таниды. Үш ұлы «қасқырдың бөлтіріктеріміз» дейтін көрінеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, тұңғышы Ерсайын да аңшылық десе делебесі қозып тұрады. Ал егіз ұлдары Рүстем мен Дастан – асқар тау әкелерінің қолқанаты. Әділдікті ту ететін Ержан балаларына текті тәрбие беріп, біреудің ала жібін аттамай, еңбек етуге баулып келеді.
Ержанның інісі Мерей Қартовтың айтуынша, ағасының аңшылық пен малшылық кәсібі бір кітапқа жүк боларлықтай. Бірде Ерекең апанының аузында ақырған аюмен бетпе-бет келіп қалады. Абырой болғанда, жалма-жан иығындағы мылтықты оқтап жіберіп, шүріппені басып үлгіреді. Қорғасын оқ тарпа бас салғалы тұрған аюдың кеуде тұсына тиіп, тайыншадай аң Ерекеңнің үстіне құлаған екен.
Мерей Қайнарұлы
Тарбағатай ауданы.